Иордания Қазақстанға көкөніс жеткізетін болды

2231

Астананың бітімгершілік қызметінде табысқа қол жеткізуін тілейтін әлемде екі ел болса, соның бірі – иордан елі.

Иордания Қазақстанға көкөніс жеткізетін болды

Себебі, Иорданияда босқындарға арналған лагерлер қазіргі кезде қалалар көлеміне дейін өсуде. Осы елдің патшасы II Абдалла өткен жылдың басында өз елінің шамамен бір жарым миллион сириялық босқындарды қабылдап үлгергенін мәлімдеген еді.

Мысалға, көрші елден, қанды қырғыннан бас сауғалап қашқан адамдар легінің бір бөлігі паналаған әз-Заатари лагері нағыз қалаға айналып кеткен. Сонда болып қайтқан Таяу Шығыс бойынша маман Кэтрин Шакдам Иорданияның миграциялық дағдарыстың жойқын соққысын бастан кешіп жатқанын ашық айтқан болатын.

Мұны растаған II Абдалла патша жағдайды "апатқа" теңеген және бүкіл әлемдік қоғамдастықтан бұл қиындықпен жалғыз қалдырмауды сұрап қайырылды. "Бұл алапат тасқын жақында ернеуінен шыға төгілуі мүмкін. Біз әрдайым халықаралық қауымдастықпен тізе қоса қимылдадық. Енді біз сіздерден көмек сұраймыз", – деген оның сөздерін жаһандық ақпарат агенттіктері былтыр дүниежүзіне таратып еді.

Алайда Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған "Астана процесі" аясындағы ілгерілеушіліктер арқасында жағдай біраз тұрақталып, тіпті кейбір босқындар Сирияға орала бастаған көрінеді. Бұл ретте елордадағы жоғары деңгейлі келіссөздер нәтижесінде, қазір Сирияның өзінде босқындардың оралуына арналған "деэскалация аймақтары" құрылуда.  

Осы орайда Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания королі ІІ Абдалла бүгін Ақордада елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Сириядағы ахуалды талқыға салды және "Астана процесінің" ағымдағы қорытындыларын шығарды. 

Айта кету керек, Қазақстанмен салыстырғанда, Иордания табиғи ресурстары тым аз ел болып табылады. Ол қуатты да шеттен тасиды, суды да қолдан тұщытып ішуге мәжбүр. Осы орайда Қазақстан президенті Иорданияға қазақ елі жасайтын барлық экспорттық өнімдерді жеткізуді ұсынды. Сондай-ақ екі ел өзара сауданы жандандырып, инвестициялық қатынастарды күшейтуге келісті.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қорғаныс салалары сияқты экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-қимылдың нығайып келе жатқанын айтты.

Қазақстан президенті Иорданияның және оның королі ІІ Абдалланың Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатудағы рөлін ерекше атап өтті.

"Сіз әкеңіз Хусейннің рөлін жалғастырып, бейбітшілік елшісіне айналып отырсыз. Қазақстан да өз өңірінде осындай рөлді атқаруға тырысуда. Біз – ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының біріміз", – деді ол.

Ақордадағы кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Иордания королінің бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, оны "Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін" халықаралық сыйлығымен марапаттады. Бұл сыйлықты ядролық қарусыздану көшбасшысы ретінде Қазақстан тағайындаған болатын.

"Бұл – сіздің еңбегіңізге берілген баға. Сонымен қатар, сіз қақтығыстар жағдайында халықтарды жақындататын бітімгерлік рөлді жалғастырады деп сенеміз. Сіздің еліңіз Астана процесіне белсенді түрде қатысып келеді. Иордания бір миллионнан астам сириялық босқынды қабылдады, сіздер Сирияға қаржылық және гуманитарлық көмек көрсетіп отырсыздар. Бүкіл әлем осыны бағалауға тиіс деп есептеймін", – деді Қазақстан президенті.

Иордания королі ІІ Абдалла өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенімге негізделгеніне ризашылық білдіріп, Қазақстан президентінің халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудегі маңызды рөліне тоқталды.

"Біз сіздің әлемді одан әрі жақсарту және қауіпсіз ету мақсатындағы рөліңізді өте жоғары бағалаймыз. Сіздің көшбасшылығыңыз баршамыз үшін аса маңызды", – деген Иордания патшасы өз халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа бітімгершілік қызметі мен көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылық білдірді.

Ақордадағы жоғары деңгейлі келіссөздердің негізгі бөлігі ақпарат құралдарының қатысуынсыз, жабық өткен болатын. Келіссөздер аяқталған соң екі елдің көшбасшылары журналистер алдына шығып, сапар нәтижелерін қорытындылады.

Алдымен сөз бастаған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания хашимиттік корольдігінің арасындағы екіжақты қарым-қатынас жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.

"Келесі жылдың ақпан айында Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасырда елдеріміздің түрлі саладағы байланыстары қарқынды дамып, тығыз әрі сенімді саяси диалог орнады. Бұл король Абдалланың Қазақстанға деген ыстық ықыласының арқасында жүзеге асқанын ерекше атап өткім келеді", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы барлық бағыттағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенімізді айтты.

Сондай-ақ, брифинг барысында президент халықаралық саладағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.

"Көптеген халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Иордания халықаралық қоғамдастықта жоғары беделге ие болып, лайықты құрметке бөленді. Соның арқасында бұл ел Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату жолында маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, Иордания 1 миллион 300 мың сириялық босқынды қабылдап, Палестина мен Израиль арасындағы түйткілдердің бейбіт жолмен шешілуіне үлес қосқанын атап өтуге болады", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Қазақстан президенті король ІІ Абдалламен өткізген екіжақты кездесу барысында мемлекетаралық қарым-қатынастың, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылағандарын жеткізді.

"Атап айтқанда, Сириядағы шиеленіс, Ирактағы жағдай, Қатар төңірегіндегі дағдарыс және басқа проблемалар туралы ой бөлістік. Сирия дағдарысы – қазіргі уақыттағы ең ірі шиеленістің бірі. Қазақстан бұл қақтығысты шешуге бағытталған барлық бастамаларды қолдайды. Астанадағы келіссөздер нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай азайып, жергілікті халықтың бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік туды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Иорданияның Астана процесіндегі рөлін ерекше атап өтіп, оның бақылаушы ел ретінде Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосып отырғанын айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастардың даму барысына тоқталды.

"Тасымалдау бағасы экспорт және импорт операцияларына әсер етіп отыр. Соған орай, тиімді көлік-логистика арналарын жетілдірудің маңыздылығын атап өттік. Біз "Қазақстан-Түркіменстан-Иран" және "Грузия-Армения-Түркия" бағыттары бойынша ашылған темір жолды пайдалану мүмкіндігін қарастырдық", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолында бірқатар маңызды бағыттарды айқындағанын атап өтті.

"Қарым-қатынасымызды нығайту үшін ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екені айтылды. Мысалы, Қазақстан Иорданияға ауыл шаруашылығы мен мал өнімдерін жеткізсе, Иордания қыс және көктем айларында біздің елге көкөніс пен жеміс экспорттай алады", – деді елбасы.

Ол Иорданияның "Хикма" компаниясы Алматы қаласында фармацевтика зауытын салуды жоспарлап отырғанын айтып, энергетика және әскери-техника саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелеріне тоқталды.

"Иорданияның баламалы энергия көздерін дамытуға мүдделі екенін ескеріп, осы салада серіктестік қарым-қатынас орнату мүмкіндігін қарастырдық. Бүгінде әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың алғышарттары бар. Осы бағыттағы өзара байланыстарды одан әрі жалғастыру арнайы үкіметаралық комиссияға жүктелді", – деді ол.

Бұдан бөлек, президент екі елдің арнаулы қызметтері алдағы уақытта халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу мақсатында бірлесіп жұмыс атқаратынын айтты.

ІІ Абдалла қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан президентіне тағы да алғыс айтып, бүгін тапсырылған марапат барша Иордания халқының еңбегіне берілген баға екенін атап өтті.

"Бұл марапаттың атауы мен үшін өте маңызды. Өзекті халықаралық сын-қатерлерді еңсеру мәселесі бойынша Қазақстанның жаһандық ұстанымы бар. Қазақстан – жаһандық ынтымақтастықтың көшбасшысы", – деді ол.

Бұдан бөлек, Иордания королі Астанада Сирия мәселесі бойынша өтіп жатқан келіссөздердің нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанның әлемдік терроризммен және діни экстремизммен күрес жүргізуге барынша күш салып отырғанын айтты.

Иордания королі ІІ Абдалланың Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша көптеген жаңа құжаттарға қол қойылды. Олардың арасынжа "Адамдарды ұстап беру туралы келісім", "Сотталған адамдарды беру туралы келісім", "Қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы келісім", "Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім" бар.

Сондай-ақ екі ел үкіметтері "Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдырының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласында ынтымақтасуға" уағдаласып, тиісті келісімге қол қойды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу