Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мерзімі биыл аяқталады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14122

Елімізде осыдан 5 жыл бұрын ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды.

Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мерзімі биыл аяқталады

Аталмыш бағдарламаға қарыз алушылардың кепілде тұрған пәтерін сақтап қалу, борышкердің қарыз жүктемесін жеңілдету және ипотекаға қатысты валюталық тәуекелдің алдын алу міндеті жүктелді.

Ұлттық банк бағдарламаның алғашқы кезеңін жүзеге асыруға 130 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат 2004-2009 жылдар аралығында берілген ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға жұмсалды.

Қаржы реттеушісі бағдарламаның екінші кезеңінде 2018 жылғы 27 наурыздан бастап жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасымен алған ипотекалық қарызын 2015 жылғы 18 тамыздағы 1 долларға 188,35 теңге бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды қолға алды. Бағам айырмасын өтеу үшін екінші деңгейлі банктерге 111,4 млрд теңге бөлінді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылғы 23 желтоқсанда ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасының үшінші кезеңі басталды. Сәйкесінше екінші деңгейлі банктер қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдап, ай сайынғы төлемі 20 мың теңгеден басталатын және қарыз алушының ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайтын табысын сақтай отырып, борыштық жүктемені жеңілдетудің қосымша тетігін енгізді. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға ерекше назар аударылды. Қаржы институттары осы санаттағы қарыз алушылардың банк балансында тұрған жалғыз үйін меншігіне қайтару үшін қарыз алушыны жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асырды және тұрғын үйді кейін сатып алу мүмкіндігімен жалға берді.

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 28300 қарыз алушыға 176,7 млрд теңгенің көмегі көрсетілді. Бұған қоса 123,3 млрд теңгені құрайтын қарыздың сыйақысы, айыппұлы және өсімпұлы кешірілді. Ал қайта қаржыландырылған қарыз саны 40 мыңға жетті.

Бүгінгі таңда ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасымен  қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі айналысады. Таяуда агенттік ипотекаға қатысты шағымдарды қарайтын комиссияның жұмысын қорытындылады. Нәтижесінде 2015 жылдан бері азаматтардан 5168 шағым түскені, оның 2650-і қанағаттандырылмағаны анықталды.

"Екінші деңгейлі банктер 760 өтінішті қараудан негізсіз бас тартқан. Комиссия 1688 адамның ипотекалық қарызын қайта қаржыландыруға болатыны туралы шешім шығарды. 70 адамның өтініші қаралып жатыр. Олар әлеуметтік жағынан аз қамтылған борышкерлер", – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматы өңірлік басқармасының басшысы Сәлима Жұрынова.

Біле жүріңіз, валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Қазір ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруды 18 банк пен 3 ипотекалық ұйым жүзеге асырып отыр

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу