Ипотеканы бастапқы жарнасыз беру бастамасы көтерілді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17554

Мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының қызметкерлері баспана алу үшін ипотекалық несие рәсімдесе, бастапқы жарна төлеуден босатылуы мүмкін. 

Ипотеканы бастапқы жарнасыз беру бастамасы көтерілді

Бұл бастама Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында көтерілді. Құжат нормативтік құқықтық акті ретінде "Ашық деректер" порталына жарияланды. Мәселе 10 желтоқсанға дейін қоғам талқысында болады. Яғни кез келген азамат осыған қатысты пікір білдіріп, ұсыныс жасай алады.

"Ұлттық экономика, қаржы министрліктеріне және Ұлттық банкке мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының қызметкерлері үшін ипотекалық кредит бойынша бастапқы жарнаның күшін жою мәселесін 2021 жылдың III тоқсанына дейін пысықтап, сараптамалық ақпаратты Президент әкімшілігіне жолдау жүктелді", – деп жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында.

Құжат құпталса, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының қызметкерлері ерекше жеңілдікке ие болады. Бұл қоғамның басқа мүшелеріне қалай әсер етеді? Әзірше сұрақтың нақты жауабы жоқ.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына жоғарыдағыдан бөлек ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою, пара берушілер мен пара алушылардың арасындағы делдалдарды жауапкершілікке тарту, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар және олардың отбасы мүшелері үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шот ашу және оны иеленуге шектеу енгізу, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды оңтайландыру, әкімшілік шығыстарды қысқарту есебінен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын өсіру, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, оның ішінде мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының, ұлттық компаниялардың санын қысқарту сынды мезгіл мәселелері енгізілді.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу