Ипотекасы бар азаматтарға жеңілдік жасалады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16838

Екінші деңгейлі банктерден алынған қарыздың сыйақысына да салық шегерімі қолданылады.  

Ипотекасы бар азаматтарға жеңілдік жасалады

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де ақиқаты осы. Қашан, қандай жеңілдік деген сауалға жауап іздеп, ойыңызды сан-саққа жүгіртіп отырсаңыз, түсіндірейік.

Біреу білер, біреу білмес, елімізде "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-дан ипотекалық несие алған жеке тұлғалар сыйақы шығысына салық шегерімін қолдана алады. Қолданып та жүр. Мәселенің мән-жайын мемлекеттік кірістер комитеті: "Сыйақы шығысы бойынша салық шегерімін салық агенті (жұмыс беруші) қолданатындықтан, жеке тұлғалар жеңілдікті қолдану үшін салық агентіне (жұмыс берушіге) жеке тұлғаның салық шегерімін қолдану туралы өтінішін, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-мен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызының шартын, сыйақы мөлшері көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесін, қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат (түбіртек) ұсынуы қажет. Бұл құжаттардың көшірмелері 5 жыл бойы салық агентінде сақталады. Жеке тұлға салық шегерімін тек бір салық агентінде ғана қолдана алады", – деп нақтылап берді.

Осыны жалпақ тілмен баяндайтын болсақ, ипотекалық несиенің ай сайынғы  сыйақы шығысына қолданылатын салық шегерімін жасатқан азамат қаржы үнемдейді. Яғни сыйақы ретінде банкке төлеп отырған ақшасы қалтасында қалады.

Бұл туралы салық кодексінің 349-бабында: "Сыйақы бойынша салық шегерімін Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады", – деп жазылған.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы ипотека рәсімдеген кейбір азаматтар мұны білмейді. Яғни олар бұған дейін жұмыс берушіге салық шегерімін жасатпаған. Мұндай азаматтар осыған дейін өтіп кеткен 5 жылға жеңілдігін қолдана алады. Мақсатқа жету үшін борышкер несие өтеген мерзімінде жеңілдік қолданылмаған кезеңді көрсетуі керек. Өтініште соңғы 5 жыл қамтылуға тиіс. Осылай болғанда, жұмыс беруші қайтадан есеп жүргізіп, салық шегерімін жасайды.

Атап көрсетерлігі, осыған дейін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-дан ипотекалық несие алған жеке тұлғалардың ғана сыйақы шығысына салық шегерімі қолданылатын. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген екінші деңгейлі банктен ипотека рәсімдеген жеке тұлғалар салық шегеріміне қол жеткізе алады. Негізі бұл операция 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуға тиіс еді. Алайда бір жыл кейінге шегерілді.

Ескерте кететін мәселе, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел аумағында қаржылық қызмет көрсететін барлық банктер ипотекалық несиенің ай сайынғы төлемінің сыйақысын қайтаруға міндетті болады. Алайда олар ипотекалық несиенің 118 айлық есептік көрсеткішінің сыйақысынан аспайтын мөлшердегі қаражатқа ғана салық шегерімін жасайды. Әзірше 2021 жылы бір айлық есептік көрсеткіш қанша болатыны белгісіз. Сондықтан нақты қанша теңгеден салық шегерімі жасалатын тап басып айту қиын. Бір анығы – екінші деңгейлі банктер 2021 жылы бір айлық есептік көрсеткішті 118 айлық есептік көрсеткішке көбейткенде шыққан ақшаға ғана салық шегерімін жасайды. Бұл жерде мәселе салық шегеріміне қойылған шектеуден туып отыр. 118 айлық есептік көрсеткіш қалай, неге, не үшін белгіленді? Осы бастама салық кодексіне қандай мақсатпен енгізілді? Бұл жағы әзірше түсініксіз.

Түсініктісі, 2021 жылы кез келген банктен кез келген ипотекалық бағдарламамен үй алған азаматтардың сыйақы шығысы жеке табыс салығынан шегеріледі.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу