Иран МАГАТЭ өкілдеріне шектеу қойды

567

Иранның бірпалаталы Парламенті Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастығын тоқтату туралы заң жобасын қарады.  

Иран МАГАТЭ өкілдеріне шектеу қойды Фото: svtv.org

Бұл туралы BBC телеарнасы хабарлады.

Отырысқа қатысқан 223 депутаттың 221-і құжатты қолдап дауыс берді. Иран Парламенті қабылдаған қарарға сәйкес, агенттік инспекторларына Иран аумағында орналасқан ядролық нысандарға кіруге тыйым салынады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Заң толықтай күшіне ену үшін Конституцияны қорғау кеңесі мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі тарапынан бекітілуі тиіс.

Парламент қарарында МАГАТЭ өкілдеріне ел аумағында инспекциялық жұмыс жүргізуге тыйым салу қарастырылған. Бұл шектеу ирандық ядролық нысандардың қауіпсіздігіне кепілдік берілгенге дейін күшінде болады. Осы аптада Иран Парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті бұл заң жобасының жалпы тұжырымдамасын мақұлдаған. Комитет өкілі МАГАТЭ-нің бақылау камералары мен инспекциялары тоқтатылатынын, сондай-ақ Иран енді агенттікке тұрақты есептер жолдамайтынын мәлімдеген.

Иран билігі МАГАТЭ Иранның ядролық міндеттемелерді орындамағаны туралы маусым айында жариялаған қарары арқылы Израиль шабуылдарына негіз жасағанын алға тартып отыр.

АҚШ-тың Ирандағы уран байыту нысандарына жасаған әуе шабуылынан кейін, МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси зақымдалған аймақтарға инспекторларды жіберіп, шығынды бағалау қажеттігін айтты.

Рафаэль Гроссидің айтуынша, агенттік мамандары уран қорының жағдайын тексеріп, нысандардағы зақымдарды бағалауы керек. Гросси әсіресе Фордо нысанындағы 60%-ға дейін байытылған 400 кг уранның тағдырына алаңдаушылық білдірді.

– Фордодағы уран байыту нысанында пайда болған шұңқырлардан тесіп өтетін оқ-дәрілер қолданылғаны байқалады. Қазіргі уақытта ешбір адам не ұйым, соның ішінде агенттік те, жер астыдағы нақты зақымды толық бағалай алмай отыр, – деп мәлімдеді Гросси.

Оның айтуынша, АҚШ шабуылдарының жарылыс қуатын ескерсек, центрифугалар қатты зақымданған болуы мүмкін. Иран билігі болса бомбалау елдің ядролық бағдарламасын бұзбағанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу