Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жүгері шаруашылығына қатысты мәселе жоқ екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жүгері шаруашылығына келетін болсақ, біз облыстық әкімдіктерден тиісті ақпараттарды жинақтаған едік. Жүгеріні сата алмау бойынша бізге ешқандай ақпарат келіп түскен жоқ. Екіншіден, қазіргі таңда шетелдік мемлекеттен жүгері дақылына деген сұраныс өте жоғары. Жақында делегациямен Иран Республикасында болдық. Ол мемлекеттің өзі 9 млн-ға жуық сұраныс сұрап отыр. Біз тиісті келісімшартқа келіп, алдағы уақытта Иранға жүгері дақылын экспорттауға дайындығымызды білдірдік", – деді Ермек Кенжеханұлы Сенат кулуарында.
Вице-министрдің сөзінше, елімізде жүгері дақылын терең өңдейтін үш мекеме жұмыс істеп тұр.
"Жүгеріге қатысты ешқандай мәселе көріп отырған жоқпыз", – деді АШМ өкілі.
Айта кету керек, осыған дейін отандық кәсіпкерлер үшін Иран нарығына шығуға жол ашылатынын жазғанбыз.