Ірі державалардың шағын террорлық ұйымдарды жеңе алмау себебі неде?

3020

Еуразиялық кеңістікті үркітіп отырған "Ислам мемлекеті" ең алдымен жемқор саясаткерлер мен лобби ұйымдардың кінәсі.  

Ірі державалардың шағын террорлық ұйымдарды жеңе алмау себебі неде?

Астанада өтіп жатқан XIV Еуразиялық медиа форум аясында өткен "Қабырға саламыз ба, әлде көпір саламыз ба?" атты пленарлық сессияда әлем картасындағы трансформация, түйін мен тәуекелдер сөз болды.

Жаңа ахуалдағы әлем дәл қазір аумалы төкпелі кезеңде, дейді шараға қатысушы халықаралық сарапшылар. Олардың айтуынша, халықаралық қауымдастық күні өткен, ескірген әлемдік жүйеден өзгеріп жатқан ғаламдық интеграцияға қарай бет алды. Жаңа көшбасшылардың келуімен адамзат көпөрісті дүниеге қарай қадам басуы мүмкін. Ұлттық экономика мен саясат көкжиегіндегі дағдарыс дамыған елдермен бірге дамушы мемлекеттерді де әбігерге түсірді. Мұндай қиын сәтте мемлекеттер қайтпек керек? Еуропа, АҚШ және ТМД елдерінде өркендеуге апаратын төте жол қандай? XXI ғасырдағы әлемдік жүйенің қалыптасу жолдары, ықпал ету аймақтары мен көшбасшы елдердің өзара әріптестігі қай бағытта өрбімек?

Шараға қатысқан сарапшы, халықаралық тележүргізуші Ник Гоуингтің пікірінше, бүгінгі әлемнің ең басты проблемасы терроризмге тұсау бола алмауы. Еуразиялық кеңістікті үркітіп отырған "Ислам мемлекеті" ең алдымен жемқор саясаткерлер мен лобби ұйымдардың кінәсі.

"Лаңкестердің бүкіл халықаралық қауымдастық пен ірі державаларға бой бермей отырғанының бір себебі белгілі бір топтардың, ұйымдардың, компаниялар мен тіпті, белгілі бір мемлекеттердің мүдделерін осы лаңкес ұйымдар арқылы қорғауға ұмтылуы. Керек болса, әлем елдері біріге отырып бір-ақ сәтте лаңкестердің құрған ұйымдарын жермен-жексен етер еді. Алайда, оған саяси топтар мүдделі емес. Мәселен, Сирия қақтығысында тараптардың барлығының ой-пікірлері бір арнада тоғысады. Иран, Түркия, Ресей үштігі кімнің билікке келгеніне емес, одан кейінгі сириялықтардың өмірінің бейбіт өрбуін тілейтіні анық", – дейді сарапшы.

Астанадағы келіссөздерде де осы үштік елдегі оппозиция мен қазіргі биліктің ортақ көзге тоқтауы керектігі туралы айтқан. Алайда, АҚШ саясаты бұл үштіктің позициясымен сәл келісіңкіремейді. АҚШ-тың ұстанымы тек қана оппозиция билікке келуі керек дегенге саяды. Бұл туралы Иранның Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кайхан Барзегар былай дейді:

"Сирия келіссөздерінде Иран, Түркия, Ресей үштігі айтарлықтай келісімге қол жеткізді деуге болады. Иранның атынан айтар болсам, біз аймақтағы ахуалды ретке келтіру үшін кез келген тараппен диалогқа келуге дайынбыз. Әу баста Иранның Сирия мәселесіндегі ұстанымы осы болған. Ал Астанадағы келіссөздердің алғашқы раундында Иран билігінің АҚШ тарабының қатысуына қарсылық білдіруін елдің АҚШ саясатына деген жауабы деп түсіну керек. Өткені, АҚШ ешқашан да Сирия мәселесінде ешбір мемлекеттің мүддесімен санасуды керек деп есептемейді. Олар Сириядағы саяси баланстың сақталуына, яғни қазіргі билік пен оппозицияның күш-қуатының тепе теңдігінің сақталуына мүдделі. Бұл дегеніңіз ондағы азаматтық соғыстың аяқталуына АҚШ-тың асықпайтынын көрсетеді", – дейді парсы өкілі. 

Оның айтуынша, Иран өз кезегінде қандай билік болмасын, Сириядағы тыныштықтың орнауын көксейді. Өйткені, ондағы террорлық ұйымдардың күшейіп кетуі бірінші кезекте Иран бастаған аймақ мемлекеттеріне зиянын тигізеді.

"Осы орайда Иранның мәселенің щешілуі үшін қабылдаған арнайы бағдарламасы бар. Оған сай, Сирия үкіметі мен оппозиция бейбіт келісімге келуі керек. Мейлі билікте Асад жақтастары қалсын, мейлі оппозиция билікке келсін, ең бастысы халық бір көшбасшының соңынан еруге тиіс. Осы тұрғыда Ресейдің де, Түркияның да ұстанғаны осы. Алдағы уақытта Астана процесі арқылы осындай бейбіт келісімге келеміз деген үлкен үмітіміз бар", – дейді Кайхан Барзегар.

Ал өз кезегінде Израиль премьер-министрі әкімшілігінің бұрынғы басшысы, келіссөздер бойынша бас маман Гилад Шердің пікірінше, "Ислам мемлекеті" қатерінің алдын алудың жалғыз жолы – диалог. Сырттай қарағанда өте қарапайым және түсінікті мәселе болғанымен, аймақта бұл қатердің сейілмеуі мемлекеттердің терроризмге қарсы күрес жолдарының өзара қабыспауы.

"Әр мемлекеттің лаңкестікпен қарсы күресте өзінің жекелеген бағдарламалары мен тәсілдері бар. Дәл осы фактор мемлекеттердің кішігірім террорлық ұйымдарға төтеп беруіне кедергі келтіруде. Мәселені шешудің жалғыз жолы – терроризм мен террорлық ұйымдарға қарсы күресте мемлекеттер ұлттық стратегия мен жұмыс жоспарынан бас тартып, халықаралық ортақ келісімге келіп, ұлтүстілік нормалар құру", – дейді Израиль сарапшысы.

Айта кетейік, 2015 жылы ҚР президенті БҰҰ бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде терроризмге қарсы күресте жекелеген мемлекеттердің ешқашан жетістікке жетпейтінін, халықаралық қатерді тек халықаралық деңгейдегі шаралар арқылы жеңуге болатынын айта келіп, осы мақсатта БҰҰ жанынан терроризмге қарсы күрес органын құру туралы ұсыныс тастаған еді.

Бауыржан Мұқанов

Тегтер: терроризм, Сирия, лаңкестік, АҚШ, Түркия, Ресей, Иран, 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу