Ірі компанияларға қалай акционер атануға болады?

4731

Тәжірибе көрсеткендей, халықтық IPO халыққа табыс әкелген.

Ірі компанияларға қалай акционер атануға болады? Фото: canva.com

Қазақстанның ең ірі әуе тасымалдаушысы елге акцияларын үлестіргелі жатыр. Air Astana-ның IPO-сына қатысу үшін азаматтардан өтінім қабылдау ертең, 8 ақпан күнгі Астана уақыты бойынша 12:00-де аяқталады. Яғни, бейсенбі – "Эйр Астанадағы" үлесіңізді алып үлгеру үшін соңғы күн болады.

Қайда және қаншаға саудаланады?

Құнды қағаздарының құны сонша қымбат та емес. Шамамен мың теңгеңіз болса, онда символдық мәнге ие 1 акцияға қол жеткізе аласыз. Әрине, 10 мың, жүз мың немесе одан көп салуыңызға да болады. Барлығы қалауыңызға және қалтаңыздың қалыңдығына байланысты.

Бірақ биржада акциялар не қымбаттауы, не тіпті бастапқы құнын да жоғалтуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Яғни, міндетті түрде табыс табасыз!" деп ешкім де – мемлекет те, эмитент те, биржа да, брокер де кепілдік бермейді. Салған ақшаңыз үшін барлық жауапкершілік тек өз мойныңызда.

Сонымен, Air Astana компаниясының 1 акциясының бағасы 2,13 доллардан 2,75 доллар аралығында тұрады. Ұлттық банктің 7 ақпанға бекіткен бағамы бойынша 1 доллар 454,59 теңгеге тең. Демек, осы күнгі бағам бойынша 1 акциясы шамамен 967-1 251 теңгені құрамақ.

Брокерлердің түсіндіруінше, акцияларды теңгемен де, доллармен де сатып алуға болады. Тек банктердің бірінің картасын тіркету қажет.

"Эйр Астана" биржада бастапқы орналастырылатын акцияларын Қазақстанда ғана емес, Ұлыбританияның астанасында да өткізеді. Осы арқылы оның акцияларын төрткүл дүниенің әр түкпіріндегі инвесторлар иелене алады.

Нәтижесінде, еліміздің алып авиакомпаниясы IPO-сы аясында құнды қағаздарын бір мезгілде 3 қор биржасында орналастырады деп күтілуде. Біріншісі – LSE, яғни Лондон биржасы. Онда акциялар тек доллармен және халықаралық брокерлер арқылы сатылады.

Екіншісі – AIX немесе Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы. Онда қарапайым акцияларды теңгемен, ал жаһандық депозитарлық қолхаттарды (GDR) доллармен алуға болады. ЖДҚ-ның әрқайсысы бірден 4 қарапайым акция топтамасынан құралады.

Үшіншісі – Алматыдағы KASE биржасы, онда акцияларға тек теңгені ғана инвестициялау қолжетімді.

Қанша пайда табуға мүмкіндік бар?

ІРО-ға шығу кез келген компания мен оның ұжымы үшін жан толқытарлық тарихи мезет.

Брокерлердің айтуынша, көптеген бастапқы орналастыруда акция алдымен қымбаттайды. Бірақ артынша бағасы құлдырауы да ғажап емес. Сондықтан "Эйр Астананың" акцияларын сатып алған азаматтардың нақты қанша кіріс көретінін не шығын шегетінін бірде бір брокер тап басып айта алмады.

Дегенмен, Air Astana акцияларын иеленген қазақстандықтар 2 түрлі табыстан дәмелене алады. Біріншіден, егер әуе тасымалдаушысы жақсы жұмыс істеп, жетістіктерге жетсе, қаржылық көрсеткіштері жақсы болса, шығынды не банкрот болмаса, оның акцияларының бағасы көтеріледі. Тиісінше, инвестордың салымдары артып, табыс көреді.  

Екіншіден, эмитент, яғни акцияларын орналастырған компания жыл қорытындысында тапқан таза табысын дивиденд төлеуге жұмсап, ол қаражатты өз акционерлері арасында бөліске салуы мүмкін. Дивиденд төлеу-төлемеу шешімін компанияның басшылығы қабылдайды.

Салыстыру үшін "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясының 2012 жылғы ІРО-сын мысалға келтірейік. Қазақстанның барлық ірі мұнай құбырлары желісіне иелік ететін, мұнай тасымалдайтын компанияның 1 акциясы ІРО-да 725 теңгеден өткізілді. 2018 жылы акция құны 1 800 теңгеге дейін шарықтады. Сол кезде сата алғандар 2,5 еседей табыс таба алды. Бүгінде КТО акциялары 820-840 теңге айналасында құбылуда. Бұған қоса, компания өткен жылдары әр акцияға шамамен 1 106 теңгедей дивиденд төлеп тұрды.

Араға екі жыл салып, 2014 жылы Қазақстанның электр желілерін басқаратын ірі компаниясы – KEGOС ІРО-ға шықты. Оның әр акциясы бастапқы орналастыру кезінде 505 теңгеден өткізілді. Кейін құны 266,93%-ға көтерілген. Сондай-ақ 766,15 теңгеден дивиденд төленді. Қазіргі кезде биржада акциялары 1 365 теңгеден саудалануда.

2018 жылы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының ІРО-сы ұйымдастырылды. Бұл өз саласында әлемде №1 орында тұрған Қазақстанның жалғыз компаниясы. Сондықтан оның акциялары да бастапқы орналастыру кезінде қымбатырақ бағаланды. Әр данасына 4 322,74 теңгеден сұралды. Бұдан бөлек, компания өз табысынан әр акцияға 1 268,85 теңгеден дивиденд аударды.

2024 жылы "Қазатомөнеркәсіп" әрбір акцияға 1 мың теңгедей дивиденд бағыттауы мүмкін. Бұл 2022 жылғыдан 30% жоғары. Бүгінде KASE биржасында "Казатомпром KZAP" акциялары 19,8-20,5 мың теңге аралығында бағаланады.

Қалай болғанда, акция сатып алушылар үшін нарықтық тәуекелдер әрдайым сақталады, акциялардың құнсызданбасына, тиісінше салымның күйіп кетпесіне еш кепіл жоқ.

Сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, егер ІРО-ға қатысып, акция иеленгендер кейін сол құнды қағазын қымбатырақ сатса, онда мемкірістер органына 240.00 формасындағы декларацияны міндетті түрде тапсыруына тура келеді. Егер акцияны Қазақстанда сатып алса, салық төлеуден босатылады.

"Салық кодексінің 341-бабының 1-бөлімінің 16)-тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаның Қазақстан аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзу арқылы құн өсiмiнен түсетiн кірістері  салық салуға жатпайды. Басқаша айтқанда, қазақстандық қор биржаларында сатылған акциялардан түскен табыс жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Соған қарамастан, егер жеке тұлға құнды қағаздарды сату кезінде табыс тапса, онда ол 240.00 нысанындағы Жеке табыс салығы бойынша декларацияны ұсынуға міндетті. Декларацияда түскен табыстың сомасы жазылуға тиіс. Бұл ретте ол сомаға есептелетін жеке табыс салығы "0-ге" тең деп көрсетіледі", – деп түсіндірді Мемкірістер комитетінің мамандары.

Ведомство әрбір сатылған акция бойынша табыстар мен шығындар бөлек-бөлек есептелетінін еске салды. Жалпы қосындысын жаза салуға болмайды.

Егер акция бағасы құлдырап кетіп, оның иесі оны сату кезінде шығын шексе, онда Декларация тапсырудың қажеті жоқ.

Алданып қалмаудың амалын қарастырыңыз!

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ІРО-ның айналасында алаяқтар да үймелеп жүретінін еске салады. Олар да өздерінің жалған сайттары арқылы акция сатып алуды ұсынады.

"ІРО арқылы Қазақстан халқында мемлекетке тиесілі компанияның тең иесі болуға, оның акцияларын сатып алуға және одан шамалы ақша табуға мүмкіндік пайда болды. Алаяқтар да қазақстандықтардың сенімін пайдаланып, пайда табуға тырысады. Әлеуметтік желілерде қайта-қайта жарнама беріп жатқан олар IPO аясында ірі қазақстандық компаниялардың акцияларын сатып алу бойынша "онлайн-қызметтерін" ұсынады, алайда олар өзіне жүгінгендердің ақшасы қолына тиісімен, жоғалып кетеді. Азаматтарды сақ болуға шақырамыз", – деп мәлім етті агенттік.

Ведомствоның түсіндіруінше, алаяқтардың қолында қазақстандық Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға беретін лицензиясы болмайды.

"Олардың кейбірі Қазақстанның резиденттері емес, елде тіркелмеген, тиісінше, қазақстандық қаржы реттеушісі олардың қызметін бақылап, қадағалай алмайды. Олардың офистері біздің елімізде орналаспаған, сондықтан жалған брокерлерді тауып, олардан алданған халықтың ақшасын қайтару құқық қорғау органдарына қиынға түседі. Ақшаңызды бейтаныс адамдарға, компанияға сеніп тапсырмас бұрын, олардың Қазақстанда жұмыс істеу үшін тиісті лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Осындай лицензиясы бар брокерлік және дилерлік ұйымдардың тізімін агенттіктің сайтынан, "Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі" бөлімінде көруге болады", – деп хабарлады қаржылық реттеуші.

Агенттіктің интернет-ресурсында жарияланған инвестициялық делдалдың деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуге тиіс екенін ескеру маңызды. Сондай-ақ қаржылық есептілікті, биржалардағы белсенділікті, сондай-ақ басқа клиенттердің пікірлерімен танысу қажет.

Яғни, Air Astana акцияларын Қазақстанда тиісті лицензиясы бар ресми брокерлерден ғана сатып алған жөн. Брокерлер IPO-ға қатысудың мән-жайын қадам-қадам бойынша түсіндіріп, жөнін көрсетіп береді.

Брокерлердің бірқатары екінші деңгейлі банктермен байланысты болып келеді, демек, акцияларды сатып алу олардың мобильді қосымшаларында да қолжетімді болады.

Инвестор атану үшін мобильді қосымшаның "Инвестициялар" бөлімінде брокерлік есепшот ашып, оны толтыру керек. Содан соң "Air Astana IPO-сы" батырмасын бассаңыз, жеткілікті.

Әрі қарай қанша сомаға акция сатып алғыңыз келетінін теріп, отандық қос биржаның бірін нұсқайсыз. Осылайша, IPO-ға қатысуға өтінімді бірер минутта беріп тастай аласыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу