Кәсіпкер еліміздің жаңа даму стратегиясынан үлкен үміт күтеді. Ол өзге елдер жеткен жетістікке Қазақстан да жетеді деп санайды.
– Президент отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескенде қолданысқа жаңа "Ойын ережесін" енгізу қажет екенін айтты. Билік пен бизнес бір-бірін қалай қолдауы керек?
– Бұл – мемлекет пен бизнестің алғашқы ашық диалогы болғанын атап өткім келеді. Президент елдің проблемалары туралы айтып, бізге өзара қарым-қатынастың жаң түрін ұсынды. Менің ойымша, мемлекет, бизнес және қоғам бірлесіп әрекет етуі керек. Нақты қадам туралы айтатын болсақ, ең алдымен бизнестің, жалпы елдің дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықты жою қажет. Заң үстемдігі қағазда емес, нақты өмірде, қолданыста болуы керек. Біздің елде ешбір адам заңнан жоғары тұрмауға тиіс. Сот тәуелсіз, әділ болуы және тек заңды шешім қабылдауы керек. Бізге әлеуметтік әділдік қажет. Кәсіпкерлер тең мүмкіндік жағдайында жұмыс істеп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосуға тиіс.
– Сіз отандық кәсіпкерлердің атынан Президенттің алдында сөз сөйлеген азаматтардың бірі болдыңыз. Мемлекет басшысына қандай мәселені жеткіздіңіз?
– Шамамен, жоғарыда айтқанымды айттым. Барлық әріптестерімді Президент бастаған реформаны қолдауға және жаңа әрі гүлденген Қазақстанды бірге құруға шақырдым.
Осы ретте бұл қадам жасала ма деген сұрақ туындайды. Президент өзі бастаған әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерісті әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеп, баршаға Қазақстанның мүддесі барлығынан жоғары тұратынын жеткізді. Ол әр азаматтың әл-ауқатын жақсарту үшін мемлекеттік саясат әділетті қоғам құруға бағытталуы тиіс екенін айтты. Бұған дейін осыны жүзеге асыруға не кедергі болды? Өміріміздің барлық саласына енген сыбайлас жемқорлық алға ілгерілеуімізге жол бермеді. Бізде нәтиже бермейтін реформалар жүзеге асырылды.
– Отандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру үшін не істеу керек?
– Барлық кәсіпкерлер халық арасынан шыққанын, қазіргі жағдайына тәуелсіздіктің арқасында жеткенін түсінуге тиіс. Олар ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, әлеуметтік саланы дамытуды азаматтық парыз санауы керек. Кәсіпкерлер азаматтық қоғамның белсенді өкілі ретінде мемлекетпен бірге ел тағдырына жауап береді. Бізге болашақта қаңтар трагедиясының қайталануына жол бермеу қажет. Бұл үшін қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік сезімін арттырған абзал.
Жоғарыда айтқанымдай, сыбайлас жемқорлық пен әлеуметтік әділетсіздік кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігінің күшейуіне кедергі келтірді.
Бұған дейін отандық кәсіпкерлерді заңсыз қудалау, оларды рейдерлік әрекетпен басып алу сияқты оқиғалар аз болған жоқ. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жобаларға жұмсай алатын ақшасы жемқор адамдардың қалтасына түсті.
– Қалай ойлайсыз, қазақстандық олигархтардың шетелдік шоттарға жылыстатылған капиталын елге қайтару мүмкін бе?
– Президент кәсіпкерлермен кездескенде мемлекет олигархтардың капиталын тартып алмайтынын және олардың қаражатын мұқтаждарға бөліп бермейтінін айтты. Мұның орнына оларға барлық салықты адал төлеуді және еліне, халқына өз еркімен көмектесуді ұсынды. Бұл үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры құрылды. Президент қордың қызметі ашық болатынын, қаражат көмекке аса мұқтаж адамдарға, сондай-ақ өте маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталатынын мәлімдеді.
Менің ойымша, барлық олигархтар Қазақстандағы жағдай өзгергенін түсініп отыр. Олар Президент жариялаған бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматын ұстанып, әлеуметтік жауапкершілік сезімімен және өз еріктерімен қазіргі қиын кезеңде елге көмектесуге тиіс.
– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделі қалай трансформацияланады деп ойлайсыз?
– Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Скандинавия елдері, "Азия жолбарыстары", сондай-ақ дамыған араб елдері сияқты мемлекеттер бар. Олар өз елдерін дамытудың табысты әлеуметтік-экономикалық моделін өте қысқа мерзімде қалыптастырды. Бізге осы елдердің тәжірибесін зерделеп, менталитетіміз бен ерекшелігімізді ескере отырып, ең үздігін қабылдап, қолданысқа енгізу қажет. Мысалы финдер үшін пара алып, жемқор болу балалары мен болашақ ұрпағының несібесін ұрлау дегенді білдіреді. Сингапур сыбайлас жемқорлықты жеңіп, 30-40 жыл ішінде үшінші әлем елдерінің қатарынан бірінші орынға шықты. Оңтүстік Кореяның жетістігі қандай?
Қазақстан халқының адами әлеуеті зор деп санаймын. Біздің табиғи байлығымыз бен әлеуметтік әділетті мемлекет құру жөніндегі жоспарымыз жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Алдағы 30 жылда біз мүлде жаңа Қазақстан құратынымызға сенемін. Бұл үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы