ІТ мамандар қуанышы: "Сбер" келмесе отандық айтишниктердің шетелге көшуі де азаяды

2900

Былтыр Қазақстандағы басты тақырыптың біріне айналған Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" компаниялар тобының арасындағы меморандум биыл дәл сол меморандум деңгейінен әрі аспайтын түрі бар.  

ІТ мамандар қуанышы: "Сбер" келмесе отандық айтишниктердің шетелге көшуі де азаяды

Отандық ІТ мамандардан бастап қарапайым азаматтарға дейін көрші елмен цифрлық серіктестікке қарсы болып, петиция жазып, жаппай наразылық білдіргені белгілі. "Қазақстан Ресейдің цифрлық колониясына айналады" деген де пікір көп болған. Ал қазір Қазақстан билігінің "Сбермен" келіссөзді тоқтатуына не себеп болды деген сұраққа әркім әртүрлі жауап айтып жатыр. Ал inbusiness.kz тілшісі бұл мақалада осы жаңалыққа байланысты отандық ІТ мамандардың пікірін біліп көрді.

Сберден геосаясат құтқарды ма?

Украинаға әскерімен басып кірген Ресейге бүкіл Батыс елдері санкциялардың түр-түрін салғаны белгілі. Соның ішінде Қазақстанға көршілес мемлекетке технологиялық санкциялар пакеті де енгізілді. Бұл шектеулер Ресейдің ІТ саласына да, технологиялық әзірлемелеріне де теріс әсерін тигізетіні анық. Бір ғана чиптердің Ресейге жеткізілуі қиындық тудыратын күн келді. Мұндайда санкцияларға тұншыққан Ресеймен "цифрлық үкімет" жобасын жасау – Қазақстан үшін мүлде тиімсіз болатыны бесенеден белгілі.

"Сбер" компаниялар тобымен Қазақстанның келіссөзі не болып жатыр" деген сұрақ осыдан он шақты күн бұрын Мәжіліс кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзіне қойылған. Министр бұл сауалдың 2022 жылы да өзін "қуып" жететінін алдын ала болжап, дайындалып келсе керек. Журналистің аузынан "Сбер" деген сөз шыққаннан-ақ мүдірмей жауап берді.

"Геосаяси жағдайдың салдарынан біз әлі шешім қабылдаған жоқпыз. Одан бас тартамыз ба, әлде басқа технологияға көшеміз бе?... Бірақ платформаға көшеміз. Алайда олармен бе (Сбер), әлде... Өзіміз жасауымыз ықтимал. Себебі бір жылдың ішінде сараптама жұмыстарын жүргіздік. Өзіміз де жасап шығуымыз ықтимал. Өйткені оған қаражат керек. Талқылап жатырмыз. Сіздерге бір айдың ішінде толық ақпарат беремін", – деді Бағдат Мусин Мәжіліс отырысынан кейін.

Отыз тістен шыққан отыз рулы елге тарап, "Сбермен келіссөз тоқтаған екен" деген әңгіме бүкіл халыққа жайылды. Алайда министр нақты "тоқтаттық" демегендіктен, көптің көңілінде әлі де күмән болған. Алайда 16 сәуірде орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихатына шыққан Мусиннің орынбасары Асқар Жамбақин басшысының сөзін шегелей түсті. 

"Бірнеше апта бұрын бұл сұраққа жауап бергенбіз. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты өзіміздің басқа да тәжірибелерді қарап, өз күшімізбен "НИТ" деген біздің мемлекеттік органға кіретін институттың күшімен жасаймыз. Сонда қазақстандық ІТ компаниялардың жасалады сол платформа. Қазір техникалық және экономикалық сараптама жасалуда. Отандық жүйеге 2-3 жылда көшеміз. Жыл соңына дейін алғашқы сервистер жасала бастайды", – деді Жамбақин.

Министр Мусин мен орынбасары Жамбақиннің аузынан "геосаясат" деген сөздің бірдей шығуы ең бірінші кезекте "Сбер" компаниялар тобымен келіссөз Ресейге салынған санкцияларға байланысты тоқтатылды деген пайым-пікірді растай түседі. Оған қоса Қазақстанда журналистер мен қоғам белсенділерінің бірлескен жобаға қатты қарсы болып, қоғамдық резонанс туғызуының да ықпалы болды. Қалай дегенмен, кез келген бірлескен жобасын саяси құралға айналдыратын Ресеймен (мәселен, КҚК құбырының істен шығуын Батыс елдерінің медиасы Ресейдің саяси технологиясынан көріп отыр) бір жобаны болса да біріге жасамайтынымыз анық болған секілді.

"ЛРТ-тағдырын" қайталай ма деген қорқыныш жоқ емес

"Электрондық қаржы орталығы" компаниясының жетекші ІТ маманы Теңел Тоқмырзаевқа хабарласып көргенбіз. Ол әу бастан менің азаматтық пікірін білдіріп, "Сбермен" келіссөзден бас тарту ұстанымын қолдаған екен.

"Бізде кеңес үкіметінен бері біреудің қаңсығы біреуге таңсық деген жайсыз пікір қалыптасып қалған. Шын мәнінде, кейінгі 10 жылда ІТ саласы өте қарқынды түрде дамыды. Отандық ІТ саласының мамандары, програмистер өте жоғары деңгейге жетті. Оны күнде өзім жұмыс істеп жүрген кезде байқаймын. Қадағалап бақылап жүрмін. Біздің мамандар ешкімнен кем түспейді", – дейді ол.

Оның айтуынша, ІТ мамандардың ішінде аналитиктері, архитекторлары, тіпті айтшниктердің өзі атауларын білмейтін қызметтердің иелері болуы мүмкін. Олардың шоғырын Қазақстан енді өз ортасында қалыптастыруы керек. Ал бағдарламаны жазу – ең соңғы саты. 

"Ең бастысы, соған дейінгі амал-әдістерін бәрін дұрыстап жолға қойып, нақтылап жобалап алар болсақ, платформаны әзірлеу түкке тұрмайтын дүние. Қазақ балаларының – мамандарының қолынан келетін дүние ол. Оған дейін бірақ бірнеше сатыдан өту керек. Жоспарлаудан бастап ауқымды жоба алда тұр. Уақыт керек. Айтып отырған 2-3 жыл – орташа мерзім. Кемінде 5 жыл кетуі мүмкін. Халықтың басым көпшілігі қолданатын, барлық бизнес-процестерге қатысатын үлкен портал ешқашан дамуын тоқтатпауы керек. Оған қолдау да тоқтап қалмауы тиіс. Бұл жерде үлкен мәселелер бар. Отандық ІТ мамандар барын салады дегенімізбен, осындай ауқымды жоба ЛРТ секілді жол ортада үзіліп қала ма деген қорқыныш қалып қойған. Сол себепті ІТ саласындағы мамандарға ғана бәрі байланысты емес. Осы іске кірісетін ІТ компаниялар ақша тауып қалу жағын ойламай, патриоттық көзқараспен қараса деген тілегім бар", – деп түйді телефон арқылы inbusiness.kz тілшісіне пікірін білдірген Теңел Тоқмырзаев.

Жобаны монополиядан сақтасын!

NitroTeam және Spectre компанияларының техникалық директоры Батыржан Төтеев болса кейінгі "цифрлық жаңалықты" жылы қабылдағанын айтады. 

"Жалпы осы жаңалық Қазақстанның ІТ нарығына өте жағымды әсер етеді. Өйткені ең бірінші кезекте қаражат отандық мамандарға бағытталғалы отыр. Яғни мұның өзі ІТ саласындағы отандық мамандардың шет елге жаппай кету үрдісін тоқтатуы мүмкін. Ең бастысы, сол жобаны қандай да бір компания немесе компаниялар тобы монополиялы түрде иемденіп алмаса болды. Бізде шынында да, Батыс елдерінің программистерінің өзіне дес бермейтін мықты мамандар бар. Ең бастысы, осынау ірі жобаны дұрыс жолға қоятын архитекторды тауып алу керек. Ал бұл жобаны толығымен іске асыру әсте оңай болмайды", – дейді ол.

Батыржан Төтеев сөз соңында отандық платформаны әзірлеуге күш салуға дайын екенін мәлім етті.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу