Израиль 30 жыл ізіне түскен қас дұшпанын құртып тынды

2180

Израиль өзінің басты жауы санаған Хасан Насралла кім?

Израиль 30 жыл ізіне түскен қас дұшпанын құртып тынды Фото: birgun.net

"Хезболла" израильдік соққыдан өз көшбасшысы Хасан Насралланың қаза тапқанын растады. Бұдан бұрын Inbusiness.kz Израильдің армиясы Цахал Ливандағы қарулы топтың лидерін жойғанын жазған болатын. Бұған олар Ливан астанасы Бейрутті әуеден соққылау нәтижесінде қол жеткізіпті. Израильдік арнайы қызметтер осы сенбіде "Хезболла" басшылығының Бейруттің оңтүстігіндегі Дахия ауданында орналасқан штаб-пәтерге жиналатынын алдын ала біліп алған көрінеді.

Цахал "Хезболла" ұйымының орталық штабы Дахиядағы тұрғын үйлердің астында қазылған бункерде орын тепкенін айтады. Содан Насралла бастаған қарулы топ басшылығы штабтан әскери іс-қимылды жүзеге асырып, орталықтан үйлестіре бастаған мезетте Израиль армиясы сол тұсқа үстемелете соққы берді. Тұрғын үйлерді де жермен-жексен етті. Бұл туралы Цахалдың баспасөз қызметі хабарлады. Оның дерегінше, Насралламен бірге "Хезболланың" Оңтүстік майданының қолбасшысы Әли Караки және басқа да командирлер қаза табуы мүмкін.

Euronews жазуынша, Насралла жетекшілігіндегі ливандық "Хезболла" былтырғы 8 қазанда палестиндік "Хамастың" Израильге қарсы соғысына қосылды. Содан бері Израильді Ливан жақтан атқылап тұрды.

Сенбіде "Хезболла" өзін 32 жылдай басқарған Хасан Насралланың о дүниелік болғанын растады. Би-Би-Си осы отыз жылдан астам уақыт бойы израильдік арнайы қызметтер оның ізіне түсіп, үнемі індете қудалап келгеніне назар аудартады.

Сонша қауіпті саналатындай шейх Хасан Насралла деген кім?

BBC News дерегінше, Ливанның "Хезболла" шииттік қозғалысын әлемдегі ең ірі, қуатты қарулы топтардың біріне айналдырған шейх Хасан Насралла сол арқылы Таяу Шығыстағы ең әйгілі және беделді тұлғалардың біріне айналды. Ол израильдік мергендер алыстан атып түсірмеуі немесе жарылыс ұйымдастырмауы үшін ұзақ жылдан бері бұқараның алдына шықпады.

Батыс сарапшылары да оны "жұмбақ жан" деп атайды. "Зерттеушілері" көп болғанымен, ол туралы ақпарат аздау. Иранмен жеке тығыз байланыс орнатқаны мәлім. Осы байланысын "Хезболланы" салмақты саяси және әскери күшке айналдыруға жан-жақты пайдаланды.

Хасан Насралла ел астанасы Бейруттің Бурдж Хаммуд ауданында 1960 жылы қарапайым саудагер отбасында туған. Оның әкесі Абдул Кәрім шағын көкөніс дүңгіршегін ұстаған. Хасан 9 баладан тұратын отбасының тұңғышы болды. Отбасын асыраудың ауыртпалығын да бала жастан ата-анасымен бірге көтерді.

Жеткіншек шағында ол "Амал" (Амаль) қозғалысына қосылады. Қолына қару алған шииттік оппозиция өкілдерінен тұратын бұл қозғалыс әсіресе, 1975 жылғы азаматтық соғыс кезінде танымал болды. Айта кету керек, оған дейін Ливан зайырлы мемлекет болған: адамдар еуропалық еркін стильде киінетін. Әйелдер арасында қысқа белдемше-юбка, ерлерде – костюм танымал болған. Алайда азаматтық соғыс Ливанды қасірет құрдымына құлатты.

Х.Насралла Иракқа кетіп, оның қасиетті Наджаф қаласында шииттік медреседе оқыды. Кейін біліммен және уағызбен қаруланып оралып, қайтадан "Амалға" қосылды. Израиль Ливанға басып кіріп, оның әскері мен әскери техникасы Бейрут түбінде тұрғанда, 1982 жылы Хасан бірнеше радикалды қанаттасымен бірге қозғалыстан бөлініп шықты.

"Ислам Амалы" аталған жаңа топ Израильді жер бетінен жоюды мақсат тұтатын Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының қолдауына ие болды. ИРСК жаңа топты ұйымдастыруға көмектесті, салмақты әскери қарулармен жарақтандырды. Соның нәтижесінде "Ислам Амалы" ең беделді шииттік топқа айналды. Соның негізінде кейінгі кезеңде "Хезболла" қалыптасты.

1985 жылы "Хезболла" "Ашық хатында" (манифестінде) құрылғанын ресми жариялады. Би-Би-Си жазуынша, сол құжатта қозғалыс АҚШ пен Кеңес одағын өздерінің басты жауы деп атады және "мұсылман жерлерін басып алған Израильді жоюды" мақсат тұтатынын білдірді.

Ұйым кеңейген сайын Хасан Насралланың "Хезболладағы" рөлі нығайып, ол мансаптық сатыда өсе бастады. Бертінде өзі мәлімдегендей, ол мансабын алдымен Баальбектегі қатардағы жауынгерден бастап, содан соң топтың бүкіл Бекаа өңіріндегі бөлімінің басшысына дейін өскен. Артынша Бейруттегі тобын да қосып алған.

Ақыр соңында 1992 жылы Хасан Насралла "Хезболланың" көшбасшысы атанып, тізгінін қолына алды. Бұл топтың оған дейінгі басшылары ұзақ жасамайтын. Мысалы, соның алдында ұйымның бас хатшысы болған Аббас Мусавиді израилдік тікұшақ зымыранмен атқылап, өлтірді.

Бұл кезде Хасан Насралла 32 жаста болатын. Содан бері Израильдің арнайы қызметі оны іздеп тауып, қастандық жасауға тырысып келді.

BBC News сарапшысы Дэвид Гриттеннің (David Gritten) бағалауынша, осы жылдары Насралла "Хезболланы" Ливандағы израильдік әскерилермен күресу үшін құрылған шағын топтан бүкіл Ливан армиясынан да қуатты, Таяу Шығыста бәрі санасатын әскери күшке дейін жеткізді.

"Хезболланың" жаңа лидері ретіндегі бірінші қадамы ретінде Насралла Мусавидің кегін алуға кірісті. Израильдің солтүстігін зымырандармен шабуылдауға бұйрық берді. Салдарынан қыз бала қаза тапты. Кейіндері "Хезболла" өңірден тыс жерлерде бірнеше атышулы лаңкестік актіні ұйымдастырды. 1992 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айрестегі израильдік елшіліктің миналанған автокөлігі жарылды. Қуатты жарылыс 29 адамның өмірін жалмаған.

1994 жылы тағы да Буэнос-Айресте Еврей мәдени орталығына кіріп кеткен жанкешті өзін жарып жіберді. Соның кесірінен 86 адам өлген. Қос теракті үшін "Хезболла" ұйымы жауапкершілікті өз мойнына алды.

Х.Насралла сондай-ақ Израиль әскеріне қарсы "шағын соғысқа" қолбасшылық етті. Соның нәтижесінде "Хезболла" 2000 жылы израильдік армияның Ливанның оңтүстігін тастап шегінуіне қол жеткізді. Сол соғыста Хасан тұңғыш ұлы Хадиден айрылып қалды: ол жау әскерімен атыс кезінде жан тапсырды.

Цахал Ливанның оңтүстігінен шығарылғанда Насралла "Хезболланың" Израильді жеңгенін жариялады. Осымен тоқмейілсіп, бейбіт өмірге оралуына да болатын ба еді? Бірақ қарулы топ лидері мұны тек "бірінші жеңіс" деп атады. Ол "Шебаа ауданын қоса алғанда, Ливанның бүкіл территориясын жаудан азат етуге" ант-су ішіп, оған дейін "Хезболла" қарусызданбайтынын мәлімдеді.

Ресейлік Таяу Шығыс институтының түсіндіруінше, халықаралық терминологияда "The Shebaa Farms", Шебаа фермалары аталатын Мазария-Шабъа (еврейше Havot Sheba'a) Ливан, Сирия және Израиль арасында жатқан шамамен 22 шаршы шақырымдық алқап. Оны әр ел өзімдікі санайды. БҰҰ картографтары бұл территория байырғы заманнан Ливанға емес, Сирияға тиесілі болған деген байламға келді. Алайда ол Израильдің бақылауында қалды және ол одан кетуден бас тартты. Олай болса, "Хезболла" мен Израильдің соғысының шет-шегі жоқ көрінеді.

Х.Насралла тұсында "Хезболла" төл білім беру бағдарламаларын дамытты, әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар, ауруханалар ашты. Оған жан-жақты қолдау көрсеткен Иран бұл топтың халықтың кең қолдауына және сеніміне ие болуы үшін барын салды.

Хасан Насралла "Хезболланы" халықаралық аренаға шығарды. Мысалы, ол палестиналық "Хамас" қарулы тобының жауынгерлерін жаттықтырды. Ирак пен Йеменде шииттік көтерілісшілерге көмектесті, оларды соғыс жүргізу өнеріне баулыды. Сирияда ираншыл басшы Башар Асадқа азаматтық соғыста қолдау, әскери көмек көрсетті. Бұл қызметі үшін Иран оған зымырандар, снарядтар жеткізді.

ХХ және ХХІ ғасырдың тоғысында Израиль Ливанның басым бөлігінен әскерін әкеткенде, лаңкестік актілерді қоспағанда, азды-кем бейбітшілік орнағандай болды. Сыралғы қос қарсылас бір-біріне қарсы салмақты әскери қару қолданбады.

Салыстырмалы тыныштық 2006 жылға дейін жалғасты. "Хезболла" содырлары Израильмен арадағы шекараны кесіп өтіп, Цахалдың 8 солдатын өлтірді, тағы екеуін тұтқындап әкетті. Бұған жауап ретінде Израиль соғыс ашты. Оның әскери ұшақтары бейбіт тұрғындардың баспанасы көп орналасқанына қарамастан, Ливанның оңтүстігінде және Бейруттың оңтүстік қаламаңы аудандарында шоғырланған "Хезболланың" тірек бекіністерін аяусыз бомбалады.

Өз кезегінде "Хезболла" Израильге қарай шамамен 4 мың зымыран ұшырған. 34 күнге созылған әскери қақтығыс салдарынан 1 125-тен көп ливандық, басым көпшілігінде бейбіт тұрғындар қаза тапты.

Израиль жақта 119 солдат пен 45 азаматтық тұлға өлді.

Үйіне де, кеңселеріне де әуеден тоқтаусыз соққы берілгенімен, сол шиеленісте Насралла аман қалды.

2009 жылы Х.Насралла жаңа саяси манифестін жариялады. Онда "Хезболланың" болашаққа саяси көзқарасын тұжырымдауға тырысты. Шетелдік ақпарат құралдарының жазуынша, 1985 жылғы ескі манифестінен айырмашылығы, жаңа құжатта Ислам республикасын құру туралы айтылмаған екен. Бұрын "Хезболла" соны құруға ұмтылды.

Бірақ ескісі сияқты, жаңасында да Израиль мен АҚШ-қа қарсы қатал позициясы сақталды. КСРО күйрегендіктен, ХХІ ғасырдағы манифестте ол аталмаған. Құжатта сондай-ақ БҰҰ қарарында талап етілгеніне қарамастан, "Хезболланың" өз қаруын сақтап қалатыны айтылған. БҰҰ резолюциясы "Хезболлаға" да, Израильге де Ливанның оңтүстігінде қару қолдануға тыйым салады.

2019 жылы Ливандағы терең экономикалық дағдарыс бұқараның саяси элитаға қарсы кең ауқымды шерулеріне түрткі болды. Ақпарат құралдары мен сарапшылар Ливанның ресми басшыларын бұрыннан сыбайлас жемқорлыққа, талан-таражға, тиімсіздікке және халықтың талап-тілегіне құлақ аспайтынына айыптап келеді. Бастапқыда "Хезболла" басшысы Х.Насралла реформаға, жаңаруға шақырушыларды қолдады. Дегенмен, шерушілер бүкіл саяси жүйені толығымен қайта құруды талап ете бастағанда, оның көзқарасы өзгеріп сала берді.

Ливанда үй ішінен үй тігіп, мемлекет ішіндегі мемлекетке айналған "Хезболла" ары қарай дәуірлей беретін бе еді. 2023 жылғы 8 қазанда, яғни, Хамас содырларының Израильдегі фестивальға шабуылынан кейін, ертесіне "Хезболла" мен Израильдің арасы қайта ушықты. "Хезболла" "тәуелсіздігі үшін күрескен палестиналықтармен ынтымақтастығы ретінде" Цахал бекіністерін атқылады. Ол Израильдің солтүстігіне қарай 8 мыңнан астам зымыран атты. Нәтижеге жеткені шамалы. Сондай-ақ ол израильдік әскерилердің бронды машиналарын танкке қарсы зымырандармен атып, жарды. Ал, әскери нысаналарға соққылаушы дрондар ұшырған.  

Израиль армиясы жауап ретінде зұлмат қаруларымен Ливанға әуеден соққы берді. "Хезболланың" басшылығын жою операцияларын әзірледі. Соның нәтижесінде таяуда Ливанда мыңдаған пейджерді, аккумуляторлары бар өзге де құрылғыларды жарды. Салдарынан үш мыңдай адам жараланып, 39 адам қаза тапқан.  

Х.Насралла Израильдің "барлық қызыл сызықтарды" (Redline) бұзғанын жариялады. Сонымен бір мезгілде ол "Хезболлаға" "теңдесі жоқ соққы" берілгенін мойындады. Мұнымен тоқтамаған Израиль Ливанға шабуылын үдетті. Соңғы үстемелете бомбалаулар салдарынан Ливанда 800-дей адам, бейбіт тұрғындар мерт болды. Ақыры Израиль жаулық көзқарастағы қарулы топ басшысының да басын жұтқанға ұқсайды.  

"Хезболла" кек ала ма, әлде лидерімен бірге тарих қойнауына кете ме, уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу