Израильге қарсы соғысудан көршілері неге аяқ тартып отыр

2595

Бүгін, жексенбіде Израильдің армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторының Джебалия, Зейтун, Хан-Юнис, Әл-Форкан, Бейт-Ханун аудандарын бомбалап, жермен-жексен етті.

Израильге қарсы соғысудан көршілері неге аяқ тартып отыр Фото: TRT Haber

ЦАХАЛ баспасөз қызметі өз есебін жариялады. Жексенбі, 15 қазанда израилдік армия Газа секторының бірнеше ауданын авиабомбалармен, артиллериямен талқандап, 100-ден астам объектіні, тұрғын үйлерді қиратты.

Ал Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израильдің түннен бергі әуе шабуылдары салдарынан тек бір тәулікте 300 адам қаза тауып, 800-ден астам адам жараланды. Салдарынан, израильдік шабуыл басталғалы, 1 апта ішінде Палестиның Газа секторында жалпы саны 2 329 адам мерт болған, кем дегенде 8 744 адам жараланды. Қираған ғимараттар мен үйлердің үйінділерінің астында қанша адам жатқаны белгісіз.

Қалай болғанда, бұл жолғы авиашабуылдардың құрбандарының саны 2014 жылғы 8 шілде мен 26 тамыз аралығында жүрген "Цук Эйтан" ("Мызғымас жартас") операциясы кезіндегіден асып кетті. Сонда Газа секторында 2 080 адам көз жұмған болатын. Израиль жерүсті операциясын бастаған соң құрбандар саны еселеп артуы мүмкін.

Бұл әскери іс-қимылдар Хамас тарапынан "Әл-Ақса бораны", ал Израиль тарапынан – "Темір қылыштар" деп аталады.

Хамас шапқыншылығының алғашқы күндері Израильдің тарапынан, солдаттарын қоса алғанда, 1 300 адам опат болды. Бұдан бөлек, содырлар ең кемі 120 израильдікті ұрлап, кепілге алып кеткен. Кеше, сенбіде Хамастың әскери қанаты Газа секторындағы үйінділердің астынан тұтқындалған израильдік солдаттың мүрдесін алып шыққандарын, оның түбіне оның отанының бомбалауы жеткенін мәлімдеді. Израильдік авиасоққы кезінде жан тапсырыпты.

Соңғы күндері Израиль территориясын атқылау қарқыны біршама бәсеңдеген. Хамас ұзақ соғысқа әзірленіп жатқанын, сондықтан "зымырандарын үнемдеуге" көшкенін мәлімдеді. 

Израиль болса, енді өзге көршілеріне де үстемелете соққы жасай бастады. Мысалы, сириялық Алепподағы әуежайды бомбалады. Салдарынан, Сирияға бет алған ирандық делегацияға керу қайтуға тура келіпті. ЦАХАЛ мұның Сирия жақтан Голан төбелері мен Жоғарғы Галилейге зымырандардың ұшырылуына жауап болғанын айтып отыр.

Бұдан бөлек, ЦАХАЛ көрші Ливандағы "Хезболланың" әскери инфрақұрылымына әуеден шабуыл жасады. Себебі, шекараға жақын орналасқан Батыс Галилейдегі Штула мошавасына (елді мекеніне) Ливан жақтан танкке қарсы зымыран ұшырылған көрінеді. Соның кесірінен төрт адам жараланып, бір адам өлді.

Негізі, еврей сарапшылары шапқыншылыққа "Хезболла" кең ауқымды араласса, Израильдің жағдайы мүшкіл болатынын ескертті. Бұл қарулы топтың қолында Иран жасаған заманауи дрондар мен алысқа ұшатын қуатты зымырандар бар.

Дегенмен, 7 қазаннан бері тоғыз күн өтсе де, Хамастың өзге серіктестері доқ көрсетумен, көрші елдерден бірлі-жарым зымыран ұшырумен шектелді, "екінші майдан" ашып, жан-жақтан тап бермеді.

Бірқатар сарапшылар Американың өз одақтасына көмекке "Дуайт Эйзенхауэр", "Джеральд Форд" (әлемдегі ең ірі әскери кеме) сияқты алып авианосецтерін қатар жіберуі Израильдің көршілерінің кеудесін басып, сабасына түсіргенін айтады. Бұл авианосецтер Жерорта теңізінен атқыласа, тұтас бір қаланы лезде жойып жібере алады.  

АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остиннің айтуынша, қос авианосецтің басты мақсаты – соғысқа Иранның және "Хезболланың" араласуына жол бермеу.

Арабист Максим Жабконың айтуынша, көрші Ливан Палестинаны жақтағанымен, Хамас пен Израильдің қақтығысына қатысудан бұл жолы ат-тонын ала қашты.   

"Бұл соғысқа қосылуға Ливандағы христиандар мен друздардың жетекші партиялары қарсы шықты. "Хезболла" одақтастары бастапқыда Хамасты құттықтап, Израильді эскалациямен қорқытпақ болды. Дегенмен, ливандықтар "Хезболланың" соғысқа араласуы елге апат әкелетінін жақсы түсінеді. Өйткені шииттік қарулы топтың инфрақұрылымы бүкіл Ливан территориясының әр түкпірінде шашырай орналасқан. Тиісінше, Израильдің елдің әртүрлі өңірін қатарынан үстемелете соққылайтынын күтуге болады. Бірінші кезекте, елдің оңтүстігі, ел астанасы Бейрут және Бекаа алқабы қатты зардап шегуі мүмкін. Ал соғыс барысында бұзылған тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру қоюға бүгінде Ливанның қаржысы жоқ", – деді сарапшы М.Жабко.

Көптеген аналитиктердің тоқтамы осы арнада тоғысады: 2006 жылғыдан айырмашылығы сол, шииттік Иран қолдауындағы партияның бастамасымен Ливан соғысқа атсалысып, қирап қалса, бұл жолы Парсы шығанағындағы бай, сунниттік мемлекеттердің монархиялары оны қаржыландырудан бас тартуы мүмкін.

Сонымен бірге Ливан өз тарихындағы ең ауыр экономикалық, саяси дағдарысты бастан өткеруде. Банк жүйесі күйреді, ұлттық валютасы лира (кейде фунт, ливр деп те атайды) ондаған есе құнсызданды. Ел Президентсіз қалды. Бір жылдан астам уақыттан бері Үкімет те жұмысын тоқтатты. Осындай әлжуаз күйде шоқпарын сайлап, шайқасқа кірсе, Батыс әлемінің қолдауына сүйенген кішкентай Израильдің өзі оны жайпап салары даусыз. Сондықтан алғашқы күннен бастап, ливандық саясаткерлер "Хезболланы" Израильге тиісуден аулақ болуға көндіруге жүгірді.

Елдегі осы қарулы топты заңға жүгіндіріп, қарусыздандыру идеясын ілгерілетіп жүрген "Ливан күштері" партиясының лидері, 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыстың христиандық далалық командирі Самир Джаджа барлығына тек Израиль ғана емес, Иран да кінәлі екенін мәлімдеді. Елдегі ірі партияның біріне айналған "Ливан күштері" – шииттік Иранның емес, сунниттік Сауд Арабиясының басты одақтасы. 

"Иран өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарында қалып қойды. Ол кезде аймақта күш алып келе жатқан Израильді жою – қиянат пен қысым көрген Палестина мәселесінің басты шешімі болып есептелді. Бүгінде де Таяу Шығыстағы барлық проблемалар Палестина түйткілінен тамыр тартып жатыр. Демек, оны шешуіміз керек. Тығырықтан шығарар жалғыз жол – екі халық үшін екі мемлекет құрып беру", – деді Самир Джаджа.

Араб елдерінің бәрі тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылғанын қалайды. Палестина республикасы тіпті БҰҰ бақылаушысы мәртебесіне ие. Алайда тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ мүшесі бола алмады. Мұны Израиль мен оның одақтастары бұғаттап отыр.

Әйтсе де, "Хезболла" Израильге қарсы екінші фронт ашудан толық бас тартқан жоқ. Оның басшылары Иранмен келіссөздер жүргізуде.

"Хезболла" парламенттік фракциясының лидері Мухаммад Раад мәлімдегендей, Хамас шабуылы "Израильдің әскери басымдығы өткеннің еншісінде қалғанын" паш етті. Ол Израильді бұл өңірден жойып жіберуді қалайтынын ашық айтты.

Сонымен қатар шииттік "Амаль" қозғалысы да қажетті деп тапқан уақытта соғысқа араласатынын айтып, доқ көрсетті.

"Хезболла" Ливандағы жақтас партиялардың пікірімен санаспай, өз бетінше қимылдай алмайды. Оның үстіне соғыс барысында бейбіт халық құрбан болып, қалалар қираса, Ливан жұртшылығының "Хезболлаға" қарсылығы күш алуы мүмкін. Онда саяси дағдарыс аясында саясат сахнасында христиандар мен друздардың аса ірі партиялары үстем болады. Осылайша, Иран Ливаннан айрылып қалуы ғажап емес.

Соңғы сөз бәрібір, Иранда болады. Тегеран Израильдің тірлігін "геноцид" деп бағалады. Израильдік басылымдардың жазуынша, егер Израильдің жердегі операциясы барысында Хамас толығымен жойылу қаупі төнсе, онда бұған жол бермеу үшін Иран немесе "Хезболла" соғысқа кіруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу