Кадр тапшы, бірақ жұмыссыздар көп

830

Биыл Қазақстанда кадр тапшылығы тақырыбы жиі қозғалуда. 

Кадр тапшы, бірақ жұмыссыздар көп Фото: canva.com

Есептерді бағамдасақ, білікті мамандардан бастап, қарапайым жұмысшыға дейін жетіспейді екен. Алайда жұмыссыздықты толық тоқтатық деуге келмейді. Сонда қай тараптың сөзіне сенеміз, елімізде кадрлар жеткілікті ме, әлде адамдар бар жұмыстан қашып жүр ме? 

Сарапшылар ресми дерекке күмәнмен қарайды

Былтыр Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болып қорытындыланды. Яғни, еңбекке жарамды халықтың осынша бөлігі ғана жұмыссыз жүр екен. Биыл жазда да Еңбек министрлігі жұмыссыздар көрсеткішін сол қалпы 4,7 пайыз деп белгіледі.

Расын айтқанда, бұл – тәуелсіздік жылдарынан бергі ең жақсы деңгей. Осы арқылы Қазақстан жұмыссыздықпен күресте жақсы нәтижеге жеткендей әсер қалдыруда. Шындығында солай ма?

Жыл басында Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялова біздегі ресми көрсеткіш дамыған елдердегі жұмыссыздықтың өзінен жақсы екенін, сондықтан күмәндана қарайтынын мәлімдеген болатын.

– Қазақстанда жұмыссыздықтың "жасырын" түрі бар. Елдегі жұмыссыздық деңгейі ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде төменгі деңгейде – 5% шамасында тұрды. Ал өткен жылдың екінші тоқсанында 4.7 пайыз болды. Бұл тіпті бірқатар дамыған елдің көрсеткішінен төмен. Мәселен, қазан айында Еуроодақта жұмыссыздық деңгейі 6 пайыз болған. Кейбір еуропалық елдерде (Финляндия – 7.5%, Дания – 5.4%, Италия – 7.8%) бұдан да жоғары. Жұмыссыздық деңгейі Қазақстандағы проблеманың шынайы ауқымын көрсетпейтініне бірнеше белгі бар, – деді маман.

Сонымен қатар сарапшылар Қазақстандағы жұмыссыздық динамикасы елдегі дағдарыспен аса байланысты болмағанын алға тартып, бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейтініне тоқталған. "2030 жылға дейін еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы" жобасында әлемдік қаржылық дағдарыс, теңгенің құнсыздану, одан кейінгі пандемия кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар саны артқаны айтылған. Аталған уақытта жалданбалы жұмыскерлер саны төмендеген. Соған қарағанда олардың жартысы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санына қосылған сияқты.

Бұл ретте дағдарыстар кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының бұлайша артуы өзін-өзі жұмыспен қамтуды субъективті бағалаудың нәтижесі болуы мүмкін. Өйткені кейбір респонденттер өздерін жұмыссыздар қатарына жатқызудың орнына, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде көрсетеді екен. Бұл ақыр-соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі туралы мәліметтерді бұрмалауға соқтырады. Яғни, "өзін-өзі жұмыспен қамтушылар" шындығында жұмыссыз жүргендер болуы мүмкін.

Бір кінәрат заңнамада жатқандай. Мәселен, 2019 жылы заңнамада "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" ұғымы "тәуелсіз жұмыскерлер" немесе өз қызметінен мемлекеттік тіркеусіз кіріс алуға құқылы тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өз бетінше жүзеге асыратын жеке тұлғалар деп ауыстырылды.

Ресми статистикада дербес жұмысшылар да, жеке кәсіпкерлер де өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық қатарына қосыла бастады. Ал Ұлттық статистика бюросы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды екіге бөледі.

Бірінішісі, өнімсіз жұмыспен қамтылғандар болса, екіншісі, өнімді жұмыспен қамтылғандар. Өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың барлығы (2023 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша 221 мың адам) жеке кәсіпкерлер емес.

Олардың ішінде дербес жұмысшылар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың дәл осы бөлігі "жасырын" жұмыссыздыққа негіз болуы мүмкін екені болжанған. Негізі олардың жұмыссыздар санатына қосылмауына жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақының аз болуы себеп секілді.

Ендігі қызық, сарапшылар өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандар саны Қазақстандағы барлық тәуелсіз жұмысшылар мен жұмыссыздардың жартысына жуығын құрайтынын алға тартады. Егер бұл рас болса, елдегі жұмыссыздар саны бірнеше есе артық болуы мүмкін.

2023 жылы қарашада ЕАЭС-ке мүше елдер ішінде инфляция мен жұмыссыздық жөнінен Қазақстан көш бастағаны жария болды. Мысалы, жұмыссыздар саны Қырғызстанда (5,1%), Арменияда (13,7%), Беларусьте (26,2%), Ресейде (27,2%) азайып жатқанда, Қазақстанда керісінше 14,1 пайызға өсіп кеткен.

Болжамдар қалай құрылды?

Ендігі жайт – жиі айтылатын кадр тапшылығы. Жыл сайын әр сала бойынша мыңдаған маман жетіспейтіні жайлы ақпараттар шығып жатады. Мәселен, қазір елімізге 2817 мұғалім, 3,9 мың дәрігерге қажеттілік бар. Бұл түсінікті жағдай дерсіз, бірақ елімізде техникалық мамандар мен қарапайым жұмысшыларға қатысты қажеттілік те еселеп артуда екен. Демек, дипломы жоқ азаматтар да екі қолға бір күрек таба алады-мыс.

Мұны "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ сарапшылары әзірлеген 2024-2030 жылдарға арналған кадр тапшылығы жөніндегі болжамнан аңғарамыз. Көрсетілген кезеңде Қазақстанға жалпы саны 1,8 млн кадр керек болады екен. Соның ішінде жоғары білімі бар қызметкерлер – 494 мың, техникалық және арнайы білімі бар қызметкерлер сұраныс – 1 млн (400 мыңы жұмысшы). Ал басшылар және біліктілігі жоқ қызметкерлерге қажеттілік шамамен 300 мың адамды құрайды.

Білім беру (331 мың), сауда (228 мың), құрылыс (213 мың), денсаулық сақтау (128 мың), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (119 мың), көлік және қоймалау (116 мың) саласы алға шыққан. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы (114 мың), өңдеу өнеркәсібін (108 мың) қосылыпты. Басым бөлігі көпшіліктің қолынан келетін істер сыңайлы. Жұмысшылардың жетіспеуі әсіресе құрылыс саласында (111 мың) көрінген. Негізінен сылақшы, дәнекерлеуші, тас қалаушы, сырлаушы мен бетон құюшылар табылмайды. Тау-кен өндіру саласының өзіне 32 мың адам қажет. Өзге салаларда 130 мың жұмысшыға сұраныс болмақ. Көбіне тракторшылар, көкөніс, егіс дақылдарын өсіру, жем-шөп дайындау, комбайн жабдықтарының операторлары қажет.

Біздің ойымызша, елде кадр тапшылығының бары рас. Тек қажетті делінген жұмысшы мамандарға тым аз жалақы төленеді. Сондықтан азаматтар оған барғысы келмейтіндей. Бұл тұста білім беру жүйесінің де еңбек нарығына бейімделмей тұрғанын тілге тиек етушілер мол.

Ал жұмыссыздыққа қатысты ресми дерек күмәнді қалпында қала бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу