Қай ел коронавирустан қорықпайды?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6543

Президентке талап қойылып, бас эпидемиологқа лағнет айтылды. 

Қай ел коронавирустан қорықпайды? Фото: Максим Морозов

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны дүниежүзі бойынша 800 мың адамнан асып, 40 мыңнан астам науқас қайтыс болғанын біліп отырса да, әлемнің кейбір елдері қаннен-қаперсіз өмір сүріп жатыр. Бұлардың ішінде географиялық жағынан бізге жақыны – Беларусь, алысы - Мексика

Беларусьте карантин жарияланған жоқ. Мұнда барлық кәсіпорындар, дүкендер, жоғары оқу орындары мен мектептер тіпті балабақшалар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Спорттық шараларға, қоғамдық орындарда демалуға, дәмханалар мен мейрамханаларда тамақтануға тыйым салынбаған.Шека ра жабылмаған

Ресми мәлімет бойынша Беларусьте 194 адам ауруға шалдығып, 37 науқас дертінен айыққан. Екі адам қайтыс болған. Осының өзі төтенше жағдай енгізу қажеттілігін туғызбаған.  

Беларусь президенті Александр Лукашенко қоғамда коронавирустан қауіпті аурулар бар,  адамдарды шектегеннен, үйге қамағаннан нәтиже шықпайды, керісінше, вируспен күресу үшін таза ауа қажет деп санайды екен.

Оның мәлімдеуінше, ауруханаларда 1 600 науқасқа орын дайындалған. Қоғамдық көліктің жүру жиілігіне сәл өзгеріс енгізілген. Метродағы вагондар тұрақты түрде дезинфекцияланады. Шекара мен әуежайда санитарлық тексеріс күшейтілген. Үкімет короновирус пандемиясының алдын алу мен таралмауын қамтамасыз ету үшін бюджеттен 918 мың доллар қарастырып қойған. Алайда бұл елде карантин жариялау қажет дегенді білдірмейді.  

Оппозиция Беларусь басшысының сөзіне сенбейді. Билік коронавируспен, оның экономикалық салдарымен күресуге қауқарсыздығын жасыру үшін, осындай қадамға барып отыр деп санайды.

"Беларусьте алдағы уақытта әлеуметтік, гуманитарлық және саяси дағдарыс орын алуы мүмкін. Тұтас ұлттың қауіпсіздігіне қатер төніп тұр. Ал Александр Лукашенко тамыз айында болатын  президент сайлауына бас қатырып жүр. Елде төтенше жағдай жарияланса, экономикалық шығын көлемі ұлғайып, әлеуметтік шиеленіс өршиді. Бұл президент сайлауына кедергі келтіреді. Осы үшін ол Беларусьті дені сау және пандемияға берілмейтін ұлт ретінде көрсетіп отыр", – дейді оппозиционерлер.  

Беларусь экономикалық зерттеу орталығының дерегінше, елдің экономикалық жағдайы қазірдің өзінде мәз емес. 2020 жылдың соңына дейін жалпы ішкі өнім көрсеткіші жақсы деп бағаланғанның өзінде 2%-ға төмендеуі мүмкін. Жағдай ушығатын болса, жалпы ішкі өнім 10%-ға дейін азаюы ықтимал.

Беларусьтің батырлығы ма, батылдығы ма, әлде бассыздығы ма кім білсін, қазір елдің қарулы күштері 9 мамырда өтетін әскери парадқа дайындалып жатыр. 

Швеция билігі де коронавирустан қорықпайтындардың қатарында. Бұл ел орта мектептер мен жоғары оқу орындарын жауып, 50-ден артық адамға топтаспау туралы тыйыммен ғана шектеліп отыр. Балабақшалар, бастауыш мектеп, спортзалдар мен сауда орталықтары жұмыс істеп тұр.

Швеция билігі елде карантин жарияланса, оның әлеуметтік-экономикалық зардабы коронавирус пандемиясынан да қиын болады деп отыр. Ал Швецияның 2 мыңға жуық ғалымы экономиканы сақтау үшін халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру бассыздық екені туралы бірлескен декларацияға қол қойып, үкіметке пандемияға қарсы шара қолдануды сұрады. Бұған Швеция премьер-министрі Стефан Лёвен: "Инфекция тез таралып жатыр. Адамдардың өмірі, денсаулығы ұстараның жүзінде тұр. Әлі талай науқас анықталады, сондықтан көп адамға туған-тустарымен қоштасуға тура келеді", – деп жауап берді. Өз кезегінде Швеция денсаулық сақтау департаментінің бас эпидемиологы Андерс Тегнелл: "Швеция халқы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін коронавируспен ауыруы керек", –  деп мәлімдеді. Осы сөзі үшін ол өз халқынан лағнет естіді.

Ресми дерек бойынша Швецияда 2800 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 70 адам қайтыс болған.

Биліктен қайыр болмайтынын түсінген швециялықтар ешқандай шектеусіз үйде отыруға көшкен. Кинотеатрлар мен театрлар өз бастамаларымен жұмыстарын тоқтатқан.

29 наурызға дейін мексикалықтар да масайрап жүрді. Себебі ел президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор: "Далаға қашан шықпау керек екенін өзім айтамын. Әзірше, қыдырыңыздар, демалыңыздар экономиканы нығайтыңыздар!" – деді. Мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 28 адам қайтыс болған кезде ғана Мексика президенті есін жиып, елге төтенше жағдай енгізді.

Коронавирустың кесірінен Бразилия билігі екіге бөлінді. Губернаторлардың  штат деңгейінде карантин жариялауын президент Жаир Болсонару мен денсаулық сақтау министрі Луис Энрике Мендетта құптамады.

"Коронавирус - қарапайым тұмау. Барлық азаматтар оқуларын оқып,  жұмыстарын жалғастыра беруі керек", – деді Бразилия басшысы.

27 штаттың губернаторы ел президентін сотқа беретіндерін мәлімдеді.

Парламент депутаттары Қытайдан оралған Бразилия азаматтарын карантинге жатқызу бастамасын көтерді. Ал Рио-де-Жанейро соты президент Жаир Болсонаруға халықты карантин талаптарын сақтамауға үгіттемеу туралы талап қойды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу