Қай өңірлердің жылу орталықтары әбден тозған?

1336

Жылу орталықтарының мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

Қай өңірлердің жылу орталықтары әбден тозған? Фото: canva.com

Өткен жылы елдің энергетикалық жүйесі үлкен сынақты бастан кешірді. Риддер, Екібастұз жылу электр орталықтарындағы апаттар, бүрсең қағып отырған халық. Ескірген қазандықтардың істен шығуы тұрғындарды әбден әбігерге салды. Осы апаттардан кейін ел билігі энергетикалық жүйе мәселесін шешуге білек сыбана кірісті. Қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Десек те, салада қордаланған мәселелер жетерлік. Қазақстанда 37 ЖЭО бар, соның 22-сі жеке меншікте. Тағы 15-і мемлекет меншігіне кіреді. 28 стансаның жұмыс істегеніне жарты ғасырдан асқан. Ал 9 жылу орталығын пайдалану мерзімі 30 жылдан артық. Жабдықтары 80 пайызға тозып кеткен ЖЭО-лар Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда, Степногорск қалаларында орналасқан. Қарағанды, Павлодар және Алматы жылу орталықтарындағы жағдай да мәз емес. ЖЭО-лардың мәселесі қалай шешіледі? Тығырықтан шығудың жолы бар ма? Тақырып төңірегінде inbusiness.kz тілшісі шолу жасады.

Алмасадам Сатқалиев: Бірқатар өңірдің жылу желілерінде болған іркілістер апат емес, технологиялық ақауға жатады

Биылғы сықырлаған сары аяз елдің энергетикалық жүйесіндегі мәселелердің шетін тағы шығарды. Жақында бірқатар қаладағы жылу желілерінің жұмысында іркілістер болды. Салдарынан тұрғындар жылусыз қалған. Энергетика министрлігі бұл өңірлерде болған жағдайға "технологиялық ақау" деп баға берді.

"Энергетика министрлігінің құзыреті аясында технологиялық бұзушылықтар Теміртаудағы "Bassel Group LLS" ЖШС, Екібастұз ЖЭО, Риддер ЖЭО, ГРЭС-1-де ғана атап өтілді. Көрсетілген жылу электр орталықтары бойынша температуралық режим толық көлемде қалпына келтірілді. Сонымен қатар технологиялық бұзушылықтардың жіктелуіне сәйкес, аталған жағдайлардың ешқайсысы апатқа ұшырамайды", – деді Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Үкімет отырысында.

Ол Степногорск, Балқаш, Ақтау және Көкшетаудың жылу желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылғанын айтты.

Алмасадам Сатқалиев өңірлердегі ЖЭО мен жылу желілерінің жұмысында бір мезетте ақаудың болуын сыртқы ауа температурасы салдарынан станцияларға қысым түсуімен байланыстырды. 

Вице-премьер қандай уәде берді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қазақстандықтардың қыс біткенше жылудан тарықпайтынына кепілдік берді.

"Мен кепілдік беремін. Көптеген БАҚ-та тағы да апат, коммуналдық коллапс болғаны туралы жазылған. Ондай ештеңе болған жоқ деп айта аламын. Екібастұз ЖЭО-ы жаңартылды. Стансадағы бір жабдық істен шығып, су цехтердің біріне төгілді. Десек те, стансада қажетті қор болған. Жабдық істеп тұрды, қазандықтар бірден іске қосылды. Пайдалы әсер коэффициенті былтырғы жылыту маусымына қарағанда артты. Егер бұрын 35 ГКал болса, биыл бұл көрсеткіш 100 ГКалды құрайды", – деді вице-премьер Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Елге жаңа жылу электр орталықтары керек

Сарапшы Олжас Байділдиновтің айтуынша, энергетика мен жылу электр орталықтарындағы апаттар жалғасатын болады.

"Себебі энергетиканың жай-күйімен бәрі таныс, дей тұрғанмен жаңа генерациялар салынып жатқан жоқ. 2040 жылға қарай Қазақстанда 25 млн адам тұрады деген болжам бар. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Халықтың осындай өсімін қамтамасыз ету үшін жаңа жылу электр орталықтары мен жылу желілері қажет, электр желілері күрделі жаңғыртуды талап етеді. Бірақ мұның бірде-бірі жоқ. Оған өзін-өзі ақтамайтын тарифтер себеп. Екіншіден, осы мәселемен айналысуы тиіс көптеген компанияның өз ісін тиісті деңгейде атқармайтынын көріп отырмыз. Сол себептен Үкімет адамдарға мұндай апаттар болатынын, оған дайын болу керек екенін жариялауы тиіс екенін айтқан едім", – деді Байділдинов.

Оның айтуынша, қазір бұл саладағы мәселелер Энергетика министрлігінің емес, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне кіреді.

"Себебі ЖЭО, жылу және электр желілерінің дені әкімдіктердің коммуналдық меншігінде немесе жеке меншікте. Яғни жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Бұл олардың жіберген олқылығы. Үш күн ішінде бірқатар қалада белгілі бір дәрежедегі апаттар болды. Биыл қыстың кеш келгенін ескерсек, оған дайындалуға уақыт болған", – деп атап өтті сарапшы.

 "30 жыл бойы бүкіл қаржыны олигархтар өз қалтасына салып келді"

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осыдан екі ай бұрын жылу беру маусымына дайындықтың көңіл көншітпейтінін айтқан болатын. Жақында елдегі коммуналдық инфрақұрылымның азып-тозғанын айтып, тағы мәселе көтерді.

"Үкімет 146 млрд теңге жұмсады. Бірақ бірінші аяз кезінде емтиханнан өтпей қалды. Өйткені қазір осындай технологиялық апаттардың географиясы үлкейіп келе жатыр. Бұрын 2-3 қала болса, қазір оншақты қалаға айналып кетті. Бүгін таңертең температура күрт төмендеп кетті деп Сараннан (ред. – Қарағанды облысындағы қала) телефон шалып жатыр. Жамбыл облысында жағдай қиын болып тұр. Астананың өзінде кейбір пәтерлерде жылу өте төмен. Сондықтан Үкімет бұл мәселені өзінің бақылауында ұстауы керек. Екіншіден, азаматтардың үйінде жылу бар ма, жоқ па – сол сұраққа жауап беруі керек. Егер жылу жоқ болса, онда тұрғындарға ақау ма, апат па бәрібір. Мұнда терминмен ойнамай, сол азаматтарды жылумен қамтамасыз етудің нақты әдістері мен тәсілдерін жасауы керек", – деді депутат inbusiness.kz тілшісінің сауалына берген жауабында.

Ол осы мәселеге байланысты депутаттық сауал жолдағанын жеткізді. Саиров "еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отырғанын" баса айтқан болатын.

"Енді әрі қарай Үкіметтің қадамдарын зерттеп отыруымыз керек. Егер жағдай насырға шауып кететін болса, онда әрине Парламентке министрді де, вице-министрді де шақырып, олардың жауапкершілігі жөнінде нақты мәселе қоятын боламыз", – деді халық қалаулысы.

Ерлан Саиров осы жылдар аралығында энергетика саласына неге басымдық берілмегенін айтты.

"Отыз жыл бойы бүкіл қаржыны олигархиялық топтар өзінің қалтасына салып келген. Олардың принципі – пайданы приватизация жасау, ал шығынды мемлекетке беру. Сондықтан бұл өткен биліктің негізгі мәселесі. Олар ешқандай шара қолданбаған. Ал қазір бұл мәселені шешу үшін триллиондаған теңге керек. Үкіметтің жұмсаған 146 млрд теңгесі бүкіл жұмыстың 7 пайызына ғана жетеді", деді Мәжіліс депутаты.

Спикердің сөзінше, әрі қарай Үкімет жаңа қаржы көздері мен инвестицияларды іздеп, жұмысты жүргізуі тиіс.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты тұрғындарды жылумен қамту мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу