"Қайрат" пен "Реал Мадридтің" ойынына билеті бар неше адамның кіре алмай қалғаны анықталды

Осы жайтқа байланысты қалалық полиция тексеруді бастады.  

"Қайрат" пен "Реал Мадридтің" ойынына билеті бар неше адамның кіре алмай қалғаны анықталды Фото: Caravan.kz

Қазіргі уақытта 75 билеттің иесіне ақшасы қайтарылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

30 қыркүйек күні UEFA Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің екінші туры аясында Алматыда тарихи ойын өткен еді. Өкініштісі, "Қайрат" пен атақты "Реал Мадрид" клубтарының ойынына билет сатып алған 200-ден аса жанкүйер стадион сыртында қалып қойған. 

Мұны Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы мәлімдеді. 

– Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру шараларын Алматы қалалық полиция департаменті қолға алды. Біз оларға ақпарат беріп, бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Тексерістің ресми нәтижесін полиция кейінірек хабарлайды, – деді ол. 

Басшының сөзінше, кейбір билет жүйе арқылы расталмаған, сол себепті олардың иесі тарихи матчты алаңнан тамашалай алмады. 

– Менің білуімше, "Тикетон" платформасынан 207 билет провалидациядан өтпеген, яғни стадионға кіруге жарамсыз болған. 75 билеттің иесіне ақшасы қайтарылды, қалғаны өтініш бойынша қайтарылады. Ал алыпсатарлардан сатып алынған билеттер үшін "Тикетон" жауап бермейді және ақшаны қайтармайды, – деді Дархан Нұрханұлы. 

Бұған дейін "Қайрат" пен "Реал Мадрид" ойынына билетті қымбатқа сатқандар тексерілуі мүмкін екенін жаздық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу