"Қайрат" футбол клубының U-19 құрамасы UEFA Жасөспірімдер лигасындағы алғашқы жеңісін тойлап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олар Грекияның "Олимпиакос" U-19 командасына қарсы өткен матчта 3 ұпай еншіледі. Ойынның 4-минутында Рамазан Бағдат есеп ашса, 57-минутта Мұхамедали Әбіш "Қайратқа" сенімділік сыйлады.
Айта кетейік, матч жабық режимде өтті. Бұл "Қайрат" академиясындағы жас ойыншыларының еуропалық турнирдегі алғашқы жеңісі саналады. Осыған дейін олар "Копенгаген" клубының U-19 командасымен тең тарқасып, бір ұпайды қоржынға салған болатын.
Одан өзге "Реал Мадрид", "Интер", "Спортинг", "Пафос" командаларына қарсы ойындарда жеңіліс тапты.
Бүгін кешке UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында "Қайрат" пен "Олимпиакос" клубтарының негізгі командалары "Астана арена" стадионында өзара мықтыны анықтайды.