"Қайраттың" бас бапкері: 5 минутта 3 гол жіберіп алмағанымызға қуаныштымын

Рафаэль Уразбахтин испаниялық клубтың деңгейі тым бөлек екенін тағы да қайталады.  

"Қайраттың" бас бапкері: 5 минутта 3 гол жіберіп алмағанымызға қуаныштымын Фото: meta-ratings.kz

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында "Қайрат" футбол клубының бас бапкері команданың ірі есеппен жеңілуіне қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, жеңілу ешқашан дұрыс емес, бірақ осындай жоғары деңгей арқылы клубтың ойыны жақсара түседі. 

– Біздің құрамның құны – 12 миллион еуро, "Реал Мадрид" командасының құны – 1,4 миллиард еуро. Олардың бір ойыншысы бүкіл лигамыздың құнымен бірдей. Жеңілу көңіл көншітпейді, бірақ біз бір Мбаппеге қалай төтеп бере аламыз?! Дегенмен, "Реал" сияқты клубтармен бәсекелестік арқылы біз тек ойынымызды жақсартамыз. Біз осындай жеңілістер арқылы күшейеміз. Ендігі мақсатымыз – еуропалық додалардың негізгі кезеңдеріне мүмкіндігінше жиірек жолдама алу, осылайша мұндай суперклубтар жыл сайын осында келе алады. Қазақстанда мұндай ойындар көп болған сайын еліміз бен футболымыз соғұрлым көп пайдаға кенеледі, – деді Рафаэль Уразбахтин.

"Қайрат" футбол клубының бас бапкері мұндай жылдамдықта бұрын-соңды ойнамағанын да мойындап, ашық айтты. 

– Бес минутта үш гол жіберіп алмағанымызға қазірдің өзінде қуаныштымын. Біз ұйымшыл болып көрінуге тырыстық, ұрымтал сәттер де болды. Қарсыластың жоғары деңгейде екенін айтудың өзі артық. Олар өте жылдам әрі мадридтік ойыншылардың техникалары жоғары. Біз ешқашан мұндай жылдамдықпен ойнаған емеспіз, – деп түсіндірді Р.Уразбахтин.

Бұған дейін "Реал Мадридтің" бас бапкері Хаби Алонсоның "Қайрат" футболшыларының ойынына баға бергенін жаздық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу