Қайшылық градусы

Юлия Кузнецова Юлия Кузнецова
18718

ЕАЭО-ға кірмейтін елдердің алкоголь өнімін импорттаушыларының айтуынша, Парламентте талқыланып жатқан Салық және Кеден кодекстеріне енгізілетін түзетулер олардың жағдайын қиындата түседі.

Қайшылық  градусы

Бұл жерде әңгіме міндетті төлем енгізу туралы болып отыр. Нақтырақ айтқанда, жобаны жасаушы Ұлттық экономика министрлігі арқылы импорттаушыдан акциз үшін алдын-ала салық алуды жоспарлайды.

Міндетті жарна құны 1 литр импорттық алкогольге 1 АЕК болмақ. Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, қаражатты Мемлекеттік кіріс департаментінің есеп айырысу шотына аудару және импорттаушы компания жүкті кеденнен өткізгенше оларды есеп-шотта оқшауландыруға тиіс деп жоспарланып отыр. Оған 1,5-2 ай уақыт кетуі мүмкін.

Қалай басталған еді

Бірнеше жыл бұрын Кеден кодексін қабылдау кезінде отандық алкоголь өндірушілер (атап айтқанда, арақ өндірушілері) отандық нарықты қорғау мақсатында Кеден Одағы (КО) шегінде КО елдерінде өндірілетін өнім импортына міндетті жарна енгізген болатын деп, еске алады Алкоголь өнімдерін ерікті импорттаушылар қауымдастығының жетекшісі Ләззат Нәбиева.

Ал бүгінгі әңгіме 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап үшінші елдерден импортталатын өнімге де осы нормаларды қолдану туралы болып отыр. Олардың айтуынша, бұл "ойын ережесін" теңестіруге мүмкіндік береді.

Импорттаушылардың айтуынша, Еуразиялық Одаққа кірмейтін елдердің алкоголіне салынатын бұл жарнаны енгізгеннен отандық өндірушілер де, үкімет те, тұтынушы да ештеңе ұтпайды. "Отандық алкоголь өндірушілері міндетті жарнаны РФ нарығына қазақ арағын енгізуге рұқсат етпеген ресейлік өндірушілерге берген жауап ретінде қабылдайды.

Бұл жерде Ресейде де, Қазақстанда да өндірілетін өнім жайлы сөз болып отыр. Қазір бұл тәжірибені ішкі нарықта бәсекелесі жоқ өнімге де қолдану қарастырылып отыр. Бар мәселе осында жатыр", – деп түсіндірді Ләззат Нәбиева.

Алкоголь өнімдерін ерікті импорттаушылар қауымдастығының дерегіне сәйкес, арақ пен бренди санаттарында импорттың үлесі 9% және 7% болса, ром, текила, виски, джин, ликер және тұнбалар – 100%, вермут – 81%, бәсең шарап пен шымырлайтын шарап 27% және 22%.

Міндетті жарна енгізу есептеу-бақылау маркасын мақсатсыз пайдалануды жоюға мүмкіндік береді деген дәлелді бизнес өкілдері де қанағаттандырғысыз деп отыр. РФ-да тауар өзінің кеден аумағына келгеннен кейін ғана акциз төленеді, ал Қазақстанда акциз есептеу-бақылау маркасын (ЕБМ) алар алдында төленеді. Бұл жағдайда міндетті жарна қайталаушы тетікке айналады, дейді қауымдастық заңгері Гафур Шакетов.

"Ресей нарығына қатысты міндетті жарна шын мәнінде кепілдік құралы болып табылады. Бірақ, Қазақстанның өз ережелері бар: ісіне адал кәсіпкер барлық акцизді алдын-ала толық көлемде төлейді, әр есептеу-бақылау маркасы үшін есеп береді. Барлық импорттаушы әрбір ЕБМ-ды қадағалап отырады, оларды жүкқұжат арқылы алады. Егер біз маркаларды пайдаланбасақ, оларды тізімдеп қайтаруымыз керек. Араққа немесе коньякқа ЕБМ-ды жабыстырудың еш қажеті жоқ. Бұл заңсыз болып табылады және зардабы да жеңіл емес", – дейді заңгер.

Отандық тауар өндірушілердің, оның ішінде алкоголь шығарушылардың Ресей нарығына шығуы барысында туатын қиындықтарды анықтау мақсатында abctv.kz тілшісінің сауалына жауап берген "Раимбек Алко" кәсіпорнының бас директоры Сергей Полухиннің айтуынша, ұлттық валюта бағамының айырмашылығы 1-ден 3-ке тең түскенде жағдай одан бетер қиындаған. 

"Валюта құнсызданғанға дейін, отандық тауар өндірушілердің жағдайы бірқалыпты болды. Ресей рублінің құнсыздану салдары отандық шырын өндірушілерге де қатты батты. Бұл қиындықтан өттік, нарықта өз орнымызды сақтап қалдық. Қазіргі уақытта Ресейдің 18 қаласында жұмыс жасап отырмыз. Жұмысты жалғастыру керек, кәсіби команданы шыңдай түсуіміз керек. Дегенмен де, қай кезде де таңдау тұтынушы еншісінде", – деп санайды Сергей Полухин.

Ресей нарығымен салыстыра келе, нарыққа қатысушылар тағы да бір мәселенің бар екенін атайды. Ресейде міндетті жарна тек ақша ғана емес, банк кепілдігін, мүлік кепілін, сенімхат, сақтандыруды қабылдайды. Егер Қазақстанда жоба қабылданып жатса, міндетті жарна ретінде тек ақша қабылданады.

Бұл ретте нарыққа қатысушылардың айтуынша, ақша есеп-шотта оқшауландырылып,  бюджетке бірде-бір тиын түспейді. Өз кезегінде міндетті төлем бойынша КО елдеріндегі алкоголь өнімінің бір шөлмегіне жіберілетін шығын 47 теңгені құрайды, ал банктік кепілдік пен басқа да міндетті төлем енгізген жағдайда, ол 9 теңгені құрап, яғни 0,5 литр мөлшеріндегі шөлмектен үнемдеп, сома 38 теңге болар еді. 

Гафур Шакетов тағы да бір қарама-қайшылықтың орын алып отырғанын айтады. Міндетті төлем енгізу Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) қағидаларына қайшы. Бұл ретте ДСҰ-ға кіру талаптарында қарастырылмаған кедергілерді туғызуға қатысты алкоголь өндіруші шетелдік кәсіпорындардың Қазақстанның үстінен шағым беру қаупі өте жоғары. "Халықаралық және ұлттық заңдардың арасында қарама-қайшылық туған сәтте, халықаралық заң нормасына басымдық берілетінін баршамыз жақсы түсінеміз", – деп тоқетерін келтірді заңгер.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, түзетулер ұсынылған күйінде қабылданатын болса, алкоголь өнімдері импортының көлеңкелі айналымға ауып, жасырын тауар және контрафактілік тауар сипатына көшетініне, сондай-ақ салық аударымының  төмендеуіне алып келетіні сөзсіз.

Сергей Полухин айтып отырғандай, соңғы жылдары нарық онсыз да дәлелді себептер салдарынан қысқарды. Валютаның құнсыздануы тұтынушының сатып алу мүмкіндігін тежеді, импортталатын алкоголь өнімдерінің бағасы шарықтады. Осылайша 2015 жылы оның үлесі 5%-дан аспады. Импорттаушылар мен отандық тауар өндірушілер арасында тікелей бәсекелестік қалыптаспады. Олар әртүрлі баға сатысында қызмет етеді. Егер тұтынушы шотланд вискиін немесе текила сатып алғысы келсе, тұтынушының қалтасы көтеретін бағаны қалыптастыру керек.

Мәселенің салдары

Ләззат Нәбиеваның пікірінше, заңды түрде өнімді импорттаушылар аясы үш есеге қысқаруы мүмкін. Кәсіпкерлер акциз мөлшерлемесі төмен, айталық, Бішкектен контрабандалық тауар таситын алыпсатарлар қатарының артатынын жоққа шығармайды. Контрафактілік тауарға қатысты Гафур Шакетовтың айтуынша, отандық тауар өндірушілер арасынан да "есептен тыс" тауар өндіретіндер табылып жатады. "Естуімше, кейбір той-думанда алкогольді графинге құйып ұсынады екен. "Найманская слеза" атты арақты бес литрлік пластик ыдыста 2-3 мың теңгеге сатып алуға болады. Оның үстіне айтарым, Қазақстанда алкоголь өнімін пластик ыдыспен сатуға тыйым салынған. Бұл оқиға "есептен тыс" өнім шығарылғандығының дәлелі екені анық", – деп мәлімдеді заңгер.

Егер қазір қызметін адал жүргізетін кәсіпкерлер жасырын тауар шығарушылар мен контрафактілік тауар нарығын бақылауда ұстауға жағдайы жетіп отырса, жаңа нормалар енгізілгеннен кейін нарық қатысушыларының ресурсы шеткіліксіз болатынын айтып алаңдайды.

Сергей Полухиннің айтуынша, соңғы уақытта импорттаушылар мен Ұлттық экономика министрлігі арасында ұтымды диалог алаңы қалыптасқан. Кәсіпкерлер мәселенің дұрыс шешілетініне үміттенеді. Егер мәселе шешімін таппаса, тұтынушы таңдауы шектеліп, баға шарықтап, нәтижесінде тұтынушы қалтасына шақ, алайда сапасы төмен өнімге таңдау жасауына тура келеді.

Қызметін адал жүргізетін алкоголь импорттаушылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанда акциз төлемі ЕБМ-ды алу және барлық импорттау рәсімінен өтер алдында төленетіндіктен, міндетті жарнаны алып тастау орынды  деп санайды.  Егер аталған норма заңда қалдырылса, онда төлем мүмкіндіктерін банк кепілдемесі, мүлік кепілдігі, сенімхат және сақтандыру сынды қосымша  құралдармен толықтыру қажет, не болмаса міндетті төлем құралының тікелей өз қызметін атқаруын қамтамасыз ету керек. Ал оның орындалуы үшін  акцизге жасалатын төлем мерзімін тауардың Қазақстанның кедендік аумағына келу сәтіне ауыстыру қажет.

Юлия Кузнецова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу