Шөлмектер маркасы аутсорсингке кетті

3487

Арақ-шарақ өнімдерін өндіру және сату саласында үлкен өзгерістер басталды.

Шөлмектер маркасы аутсорсингке кетті

Біріншіден, қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" жаңа заңға сәйкес, бизнестің осы түріне, яғни алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізу қызметімен айналысуға жыл сайынғы лицензия енді "оның қолданыс мерзімін еш шектемей берілетінін" хабарлады. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, арақ-шарапты бөлшек саудада сатуға рұқсат кәсіпкерлік субъектісіне "өмір-бойға" беріледі.

Тек егер бизнесмен ерікті түрде осы кәсібін тоқтатуға шешім қабылдаса, ішімдік сататын сауда орнын жапса, басқа салаға ауысса, онда лицензияны және лицензияға қосымшаны он жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органына кері қайтаруға міндетті.

Екіншіден, Қазақстанда алкоголь өнімдерін сақтау, сондай-ақ дүкендерде, супермаркеттерде және басқа жерлерде бөлшек саудада ішімдіктер сату қызметімен айналысу құқығына жыл сайынғы лицензиялық алым көлемі төмендетілді.

Үшіншіден, сол азайтылған соманың өзін арақ-шарап сатушылар бұрынғыдай бірден емес, жылына төртке бөліп төлеуге мүмкіндік алды. Осылайша, олардың мойнындағы ауыртпалығы жеңілдетіліп отыр.

"2018 жылға дейін қолданыста болған 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстанның Салық кодексінде алкоголь өнімдерін сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткізуге лицензиясы бар тұлғаларға 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайынғы лицензиялық алым сомасын төлеу міндеті жүктеліп келді. Алайда 2017 жылғы 25 желтоқсанда күшіне енген жаңа Салық кодексі бойынша "жыл сайынғы лицензиялық алымның" орнына "жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы" енгізілді (Салық кодексінің 555-558 баптары). Жыл сайынғы лицензиялық алымнан айырмашылығы сол, жаңа төлемақы бір жылға толықтай бір рет төленбейді, ол тең үлеспен 25 наурыздан, 25 маусымнан, 25 қыркүйектен және 25 желтоқсаннан кешіктірмей төленеді", – деп түсіндіреді мемлекеттік кірістер комитеті.  

Ведомство оның үстіне жаңа төлемақы көлемі кәсіпкерліктің қандай әкімшілік-аумақтық бірлікке орналасқанына қарай, біршама төмендетілгенін мәлім етті.

Атап айтқанда Астанада, республикалық маңызы бар қалалар болып табылатын Алматы мен Шымкентте және облыс орталықтарында осы кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер лицензия үшін мемлекетке жыл бойы 100 АЕК немесе 252 мың 500 төлемақы аударады. Ал басқа қалалар мен кенттерде бұл сома небары 60 АЕК-ті немесе 151 мың 500 теңгені құрамақ. Ал ауылдық елді мекендерге "жеңілдік" бар: төлемақы құны бар-жоғы 20 АЕК (50 мың 500) болады және тиісінше бір тоқсан ішінде 12 мың 625 теңгеден ғана төлеп отырады.

Бір қынжылтатыны сол, нәтижесінде ауылда арақ сату әлдеқайда табысты болуда.

Айта кету керек, бұған дейін алкоголь өнімдерін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензия құны тиісінше 100, 70 және 30 АЕК-ті құраған болатын. Және бұрын жыл сайынғы лицензияны қайтадан рәсімдеп отыру талап етілетін, бұл ретте қайта рәсімдеу құны 4 АЕК-ті құрады.

Төртіншіден, шөлмектердің қақпағына жапсырылатын маркаларды беру бойынша бизнес-процестер оңтайландырылуда. Реформа аясында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, алкоголь өнімдеріне – есепке алу-бақылау маркаларын, ал темекі бұйымдарына – акциздік маркаларды беру бойынша мемлекеттік қызметтер ұлттық банктің "Банкнот фабрикасына", яғни аутсорсингке табысталды.

Бұл жаңалық мемлекеттік қызметтерді шенеуніктердің көрсетуін азайту мақсатында енгізіліп жатыр: нәтижесінде, мерзімдер және талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылады деп жоспарлануда.

Аталған маркаларды алу үдерісі бұған дейін келесідей қадамдардан тұратын: кәсіпкер сол маркаларды өзіне керекті көлемде беру туралы жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне өтініш жазатын. Атқарушы орган барлық кәсіпкерлерден осы өтініштерін жинаумен айналысатын. Ары қарай меморган қаржылық реттеушінің Алматыдағы "Банкноттық фабрикасына" тапсырыс беретін. Содан соң дайын маркаларға құзырлы құрылым штрих-кодтар түсіретін. Осыдан кейін кәсіпкер мемкірістер органынан маркаларын алып кететін.

Биылдан бастап, бұл үдеріс барынша жеңілдеді: бұдан былай бизнесмен өзіне керекті маркалар көлемі жөнінде департаментке өтініш жазады, соның негізінде "Банкноттық фабрика" маркаларды әзірлейді және штрих-кодтарды өзі түсіреді. Бизнес субъектісі өкіліне оны алып кету ғана қалады.

Тағы бір жаңашылдығы сол, бұған дейін өтінішті мөр басып, қағаз күйінде беру талап етілетін. Биылдан бастап, өтінішті электронды күйде, электронды поштамен жібере салу жеткілікті болады.

Талап етілетін құжаттар саны да біреуге дейін кемітілді: импорттаушылар тек сыртқы сауда контрактісін қоса тіркейді.

Қазіргі уақытта қаржы министрлігі марка беру қызметін "Мемлекеттік қызметтер реестрінен" алып тастау бойынша уәкілетті мемлекеттік органға ұсыныстар жолдады.

Сарапшылар үкіметтің бұл қадамы елдегі маскүнемдіктің артуына ықпал етуі мүмкіндігіне алаңдайды. Себебі, "этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңы қабылданып жатқанда, сарапшылар мен мамандар маскүнемдікке тоспа құру және ішімдік саудасын азайту мақсатында "спиртті ішімдіктерді тек белгілі бір талаптарға жауап беретін арнайы дүкендерде ғана сату" туралы үкіметке ұсыныспен шыққан болатын. Алайда ол норма енгізілсе, арақ-шарап сатумен айналысатын 40 мыңнан астам дүкеннің тең жартысы, шамамен 20 мыңы ол талаптарға жауап бермей, жабылатыны анықталды да, билік бұл идеяны іске асырмай тастады.

Осы орайда дүкен ұстайтын шағын кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі табысы ішімдік саудасынан түспейтіні де алға тартылды: нақтырақ айтқанда, салық органдары дерегінше, Қазақстандағы дүкендердің 60%-ынан астамы күніне бір литрдей көлемде ғана алкоголь өнімдерін сататыны анықталыпты.

Сонымен бірге, мемлекетті қолдан жасалған фальсификат ішімдік өнімдерінің көбеюі көбірек мазалайды. Жақында Қарағанды қаласында жалған арақ-шарап жасау өндірісін қыздырған ірі жасырын цех әшкереленді. Онда қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы алкоголь өнімдерін заңсыз құйып, қораптап келген. Қылмыс орнында экономикалық тергеу қызметі 70 мыңдай шөлмек дайын өнімді, 20 мың бос бөтелкені және басқа да керек-жарақты тапты.

Сондай-ақ Алматы қаласында "Сәлем" базары аумағында қоймалардың бірінен 2 миллионнан астам жалған есепке алу-бақылау маркалары тәркіленген.

Аймақтық мемкірістер департаменттері өткен тоғыз ай ішінде суррогат-ішімдік дайындайтын 23 цехты әшкереледі. Оның 12-сі – Алматы облысында, 4-еуі – Алматы қаласында, үшеуі – Ақтөбе, екеуі – ШҚО. 

Жалпы алғанда, өткен жылы заңсыз айналымнан 11,9 миллион жалған марка (2017 жылы небары 3,4 миллион болған), 8 миллион 513 мың 812 бөтелке есептелмеген ішімдік өнімдері, 43 670 литр спирт тәркіленген.

Сондықтан үкімет қазір спирт өнімдерінің көлеңкелі айналымымен күресті күшейтуге, ал заңды түрде өндіруші және сатушы бизнесті қолдауға ден қойып отыр.

Бүгінде Қазақстанда арақ-шарап өнімдерін шығарумен отандық 18 зауыт айналысады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу