Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тәкиевтің айтуынша, 2017 жыл заңсыз әзірленген алкоголь өнімдерін анықтау тұрғысынан алғанда айтарлықтай жемісті болған.
"Өткен жылы этиль спирті мен арақ өндіретін 13 зауытқа, сонымен қатар алкоголь өнімдерін көтерме бағамен тарататын 84 тауар өткізушіге тексеру жүргізілді. Тексеріс қорытындысына сәйкес, 203 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ 11 млн бөтелке алкоголь өнімі мен 51 мың литр су қосылған спирт қоспасы айналымнан алынды. Бұдан бөлек алкоголь өнімдерін шығарумен айналысатын 44 жасырын цехтың қызметі әшкереленді. 123 млн теңгенің акцизі өндіріліп алынды. Сонымен қатар 82 млн теңге айыппұл салынды", – деді Мәди Тәкиев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет өкілінің мәлімдеуінше, акциздеуге жататын өнімдерді өндіру мен сату саласын әкімшілендіру бағытындағы жұмыс биыл да нәтижелі болады. Мәселен 2018 жылдың І тоқсанында алкоголь өнімдерін шығаратын екі зауыттың лицензиясы тоқтатылған. Алкоголь өнімі құйылып, заңсыз өндірілген 742 мыңнан астам бөтелке, сондай-ақ шамамен 100 мың литр спирт пен құрамында спирті бар сұйықтық айналымнан алынған.
Заңсыз өнім өндіретіндерді анықтауда есепке алуды бақылау құралдарының пайдасы мол көрінеді. Мәди Тәкиев баяндағандай, мұндай құралдар орнатылғаннан кейін алкоголь өнімдерін өндіру көлемі ұлғайып, соның нәтижесінде 1 млрд 477 млн теңге қосымша акциз түскен. Сондай-ақ аталған құрал орнатылған соң 3 ірі мұнай өңдеу зауыты мен 4 шағын мұнай өңдеу зауытында өндірілетін бензин көлемі өткен жылмен салыстырғанда 141 мың тоннаға артқан.
Еске сала кетейік, елімізде этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің және мұнай өнімдерінің заңсыз өндірісі мен айналымына қарсы есепке алуды бақылау құралдары енгізілген болатын. Ол заңсыз айналымды төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, салықтардың жиналуын көбейтеді. Бүгінде мұндай құралдар 18 мұнай өңдеу зауытына және 48 алкоголь өнімдерін өндіретін зауытқа орнатылған. Алкоголь және мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымы бойынша деректер нақты уақыт режимінде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның операторына жіберіліп отырады.
Комитет төрағасы орынбасарының сөзінше, 2018 жылдың І тоқсанында бюджеттің орындалуы 114,5%-ды құраған. Бұл ретте, қаңтар-наурыз айларында бюджетке 2 трлн 244 млрд теңге түскен. Жоспар 293,5 млрд теңгеге артығымен орындалған.
Бұл ретте, 2017 жылы шоғырландырылған бюджетке түскен салықтық түсімдердің жоспары 106,3%-ды құрағанын атап өткен жөн. Дәлірек айтсақ, былтыр қазынаға 8 трлн 13 млрд теңге түсім түскен.
Мәди Тәкиев бизнеске салықтық тұрғыдан қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасатынын мәлімдеді. Бұл ретте, Бас прокуратурамен және "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлескен жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде.
Мәселен өткен жылы ел президенті салықтық тексерулер санын 37,5%-ға төмендетуді тапсырған болатын. 2017 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 45%-ды құрады. Яғни тексерулер саны 76 794-тен 42 018-ге дейін қысқарды.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі енгізілгені мәлім. Осыған байланысты тексерулер санын 25%-ға төмендету жоспарланған. Жаңа Салық кодексі аясында жоспардан тыс тексерулердің негіздемелері қайта қаралды. Соның нәтижесінде бұл көрсеткіш 32-ден 12-ге қысқарған.
Фархат Әміренов