Акциздық алым арақ-шарап өндірісін тежей алмады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6939

Есесіне қазына қаржысы 2 трлн 244 млрд теңгеге көбейді.

Акциздық алым арақ-шарап өндірісін тежей алмады

Ел азаматтарының алкоголь өнімдерін тұтыну деңгейін төмендету мен нарықтағы спирттік сусындардың заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында үкімет қолға алған шара нақты нәтиже бере бастады. Осының айқын айғағы 2018 жылдың алғашқы екі айында алкоголь акцизінен түскен табыс қазына қаржысын 11 млрд теңгеге арттырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көп көрсеткіш.

Салықтың негізгі бөлігі отандық өндірушілерден алынған. Олар бюджетке 7,9 млрд теңге аударған. Қалған 2 млрд теңге ЕАЭО елдерінен түссе, 983 млн теңге одаққа мүше емес мемлекеттердің импорттық тауарының акцизынан алынған.

Биыл сырттан келетін арақ-шарап өнімдеріне салынатын фискалдық баж салығы 34,1%-ға, ал отандық өндірушілерге 54,6%-ға көбейген. Нәтижесінде 1 литр таза спиртке 2 275 теңге салық салынатын болған.

Акциздік алымның өскеніне  қарамастан, арақ, коньяк өндірісі-19%-ға, сыра-16%-ға, ликер-8%-ға, шарап-5%-ға ұлғайған. Мұның сыртында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы да жүрісінен жаңылмауға тырысқан. Абырой болғанда мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері 44 жасырын цехтың қызметін әшкерелеп, 11 млн бөтелке алкоголь өнімін тәркілеген.

Өткен жылы комитет қызметкерлері этиль спирті мен арақ өндіретін 13 зауыт пен арақ-шарапты көтерме бағамен сататын 84 тауар өткізушіні тексерген. Нәтижесінде 203 қылмыстық іс қозғалған.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тәкиевтің мәлімдеуінше, 123 млн теңгенің акцизі өндіріліп, заңға қарсы әрекет еткендерге 82 млн теңге айыппұл салынған.

"2018 жылдың І тоқсанында алкоголь өнімдерін шығаратын екі зауыттың лицензиясы кері қайтарылды. Алкоголь өнімі құйылып, заңсыз өндірілген 742 мыңнан астам бөтелке, сонымен қатар 100 мың литр спирт пен құрамында спирті бар сұйықтықтың нарыққа жіберілуіне тыйым салынды", – деді Мәди Тәкиев.

Оның сөзінше биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бюджетке түсуі тиіс сома 293,5 млрд теңгеге асыра орындалған. Сәйкесінше қаңтар-наурыз айларында қазына қаржысы 2 трлн 244 млрд теңгеге көбейген.

Айта кетейік, жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі спирттік ішімдік тұтынады. Бұл 6 миллиардтан астам халықтың 2 миллиарды ащы су ішеді деген сөз. Өкініштісі Қазақстан тұрғындары ішімдік құмарлардың қатарына жатады. 

2017 жылы статистикалық мәлімет ел азаматтарының 35,5%-ы ішімдік ішетінін көрсетті. Жағымсыз жаңалықты аймақ бойынша нақтылайтын болсақ, Ақмола облысы бірінші орынға шығады. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Үштікті Қарағанды облысының тұрғындары түйіндейді. Қуантарлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ең аз ішетіндердің қатарында.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу