Қайта қаржыландыру кімге тиімді?

8032

Банк қажет емес клиенттердің тізімін жасақтап қойған. Қарыз жарнасын өтеуге дәрменсіз, табысы аз азаматтарға қызмет көрсетпейді.

Қайта қаржыландыру кімге тиімді?

Қазір екінші деңгейлі банктерге бара қалсаңыз, "Қандай да бір несиеңіз бар ма, мүмкін бізге ауыстыруға өтініш жазарсыз..." дейтін менеджерлер көп. Әңгіме өткен жылы бекітілген қайта қаржыландыру бағдарламасы жайында. Сонымен, қайта қаржыландырудың борышкерлерге қандай пайдасы бар? Бағдарламаға қалай қатысуға болады? Борышкерлерді іріктеу қалай жүргізіледі? Банктің негізгі талаптары қандай?

Нақты айтсақ, бағдарламаның қабылданғанына көп бола қойған жоқ. Ауқымды жоба халыққа, әсіресе несиесін өтей алмай жүрген жандарға үміт сыйлады. Олай дейтін себебіміз, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бойынша еліміздің банктеріне 24 мыңнан астам өтініш түскен. Ал бағдарламаға тек 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алған борышкерлер қатысуға мүмкіндік алды.

"Президент халыққа көмек ретінде 130 млрд теңге бөлуді тапсырғанда қатты қуандым. Өйткені, мен дәл сол жылдары "БТА" банктен 42 мың долларға ипотекалық несие рәсімдеген едім. Қазір менің өтінішім қаралып жатыр. Президент айтқаннан кейін, оны орындау керек. Тікелей халықтың пайдасына жұмсап, бәріне бөліп берген жөн", – дейді елорда тұрғыны Күміс Жәнібекқызы.

Дәл Күміс апай сияқты борышкерлер бөлінген қаражат өздеріне тікелей беріледі деп ойлайды. Анығы олай емес. Ұлттық банк әу баста ипотеканы қайта қаржыландыруға бөлінген қаражат тұтынушыларға тікелей бағытталмайтынын қадап айтқан. Яғни, бұл жерде ипотекалық несиелер бойынша қызмет көрсету шарттарын жеңілдетуге бағытталады.

"Қайта қаржыландыру – бірінші ал­ған несиеңізге қарағанда тиімді шартпен берілетін несие. Қазір нарықтық жағдай өзгерді. Девальвация болды. Банктер несие шарттарын өзгертіп, сыйақы мөлшерін төмендетудің түрлі жолын қарастырып отыр. Алайда, борышкерлер әлі күнге дейін кезінде алған шарттармен төлем жасап келеді. Жобаның ең пайдалы тұсы осы жерде білінеді. Қайта қаржыландыру арқылы тиімді шарттармен қайта рәсімдеуге мүмкіндік мол", – дейді білікті заңгер Нұрбек Исаханұлы.

Оның айтуынша, қазір банктер өздерін жарнамалауға мүдделі. Қайта қаржыландыру бойынша борышкер пайыздық мөлшерлемені төмендете, несиелеу мерзімін азайта, бірнеше несиесін біріктіре алады. Маман банктің қояр талаптары да осал емес екенін айтады.

Борышкер қалай таңдалады?

Банкке қайта қаржыландыруға өтінім түскен сәттен азаматтың бұрын-соңды несиесі бар-жоғы тексеріледі.

"Бұл жерде төлем қабілеті бағаланады, кепілге жылжымайтын мүлік немесе басқа да мүліктердің құқығы тексеріледі. Яғни, мүлік қайта бағаланады деген сөз. Әрине, алғашқы несие берген банктің де өз мүддесі болады. Олар несиені мерзімінен бұрын жапқаны үшін белгілі бір соманы талап етуі мүмкін. Бұл ретте банк несиені қайта қаржы­лан­дыруға борышкер тарапынан қосым­ша ақша төлеуді талап етеді. Не өз жаныңыздан ақша шығарып, қайта қаржыландырасыз, не бұрынғы шартпен қалдырасыз. Мұның бәрін есептеп, бір шешім қабылдау қажет. Сондықтан, банктің шарттары мен ұсыныстарын мұқият қараған артық етпейді", – дейді банк қызметкері Әсел Бимурзина.

Сондай-ақ, банк саласының маманы қайта қаржыландыру үшін міндетті түрде басқа банкке жүгінбей-ақ, өзіңіз несие алған банкпен де жасасуға болатынын алға тартады.

"Бұл бағдарлама маған арналмаған екен. Банк қарызымды қайта рәсімдеу кезінде несие тарихымды тексерген. Кезінде уақтылы төлей алмай, "қара тізімге" кіргендердің қатарындамын. Осы себепті, менде мүмкіндік болмады", – дейді қала тұрғыны Алмас Орынбасаров.

Ия, банк қажет емес клиенттердің тізімін жасақтап қойған десе де болады. Несие тарихынан бөлек, несие төлеу мерзімі аяқталып қалғандарға, қарыз жарналарын өтеуге дәрменсіз, табысы аз азаматтарға қызмет көрсетілмейді.

Қаржыландыру механизмі қандай?

Әрине, коммерциялық банктер халыққа несие беріп, содан пайыздық табыс табуды көздейді. Несие қаншалықты көп берілсе, үстеме пайызы да мол болады.

"Осыдан 3-5 жыл бұрын көптеген банк жоғары пайызбен, яғни 15-20%-дық үстемемен халыққа несие беріп келді. Ол кездері елдегі экономикалық ахуал тұрақты болатын. Бұл несиелер негізінен ипотекаға, жер алуға, үй құрылысына, көлік алуға және бизнес пен кәсіпкерлікке жұмсалған. Банктер несиелерді беру кезінде несие алушылардың жылжымайтын мүлкін – үйлерін, жерін кепілдікке алды. Ал бүгінгі күрделі экономикалық жағдайда несиені уақтылы қайтарып беру немесе пайызын төлеу көпшіліктің қолынан келмей тұр.

Сондықтан мемлекет тарапынан халыққа, соның ішінде кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға көмек ретінде көп қаржылық жоба қабылданды. Егер азамат тұрғын үйге коммерциялық банктен 20%-бен несие алған болса, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұл несиені 11%дық несиеге қайта қаржыландыруы мүмкін. Егер тұлға жеңіл көлік алған болса, ол несиесін бағдарлама аясында төмен пайызды несиеге басқа банктің несиесіне қайта қаржыландырады", – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Сарапшының айтуынша, бұл жерде мынадай механизм қолданылады. Коммерциялық банк жаңа бағдарлама негізінде мемлекеттен қосымша қаржы алуы үшін несие алған тұлғалардың несиесін алдыңғы коммерциялық банкке орнатылған тәртіппен мерзіміне сай пайыз бөлігін және негізігі қарызын қоса төлейді. Кейінгі несие мерзіміне төмен несие пайызын есептейді, бірақ негізгі қарыз мөлшері өзгермейді.

Нәтижесінде, тұлға несиені жеңіл төлеу мүмкінігіне ие болады. Халыққа несие төлеу мезгілін ұзартуға, пайызын азайтуға және кепілдікке қойылған жылжымайтын мүлкін өзгерту сияқты жеңілдіктерді пайдалануға болады. Әсіресе, несие төлеу мезгілін кейінге қалдыру халыққа өте пайдалы.

"Бұл шараны мемлекет қаржысын пайдаланатын банктер ғана емес, сонымен бірге нарыққа жаңа кірген және несие портфелін ұлғайтуды мақсат тұтқан коммерциялық банктер де қолданады", – деп қорытындылады Сапарбай Жобаев.

Екінші деңгейлі банктерге бөлінген қаржы

Қаржы ұйымдары

Салым шегі млрд

1

"Қазкомерцбанк" АҚ

34,6

2

"Қазақстанның Халық банкі" АҚ

28,6

3

"ForteBank" АҚ

20,3

4

"Центр кредит банкі" АҚ

15,6

5

"АТФ банкі" АҚ

9,5

6

"Астана банкі" АҚ ("Investment Astana Group" АҚ, "АФ Ипотека" АҚ)

5,61

7

"Kaspi Bank" АҚ

5,3

8

"Цеснабанк" АҚ

3,6

9

"Еуразиялық банк" АҚ

1,8

10

"Нұрбанк" АҚ

1,6

11

"Altyn Bank" АҚ

0,1

12

"Эксимбанк Қазақстан" АҚ

0,06

13

"Ресей жинақтаушы банкі" АҚ еншілес банкі

0,05

14

"Казинвестбанк" АҚ

0,03

15

"Қазақстан "Punjab National Bank" еншілес банкі" АҚ

0,02

16

"Delta Bank" АҚ

0,01

17

"Казахстан – Зираат Интернешнл Банк" АҚ

0,01

18

"AsiaCredit Вank" АҚ

0,01

19

"Қазақстанның ипотекалық компаниясы" ипотекалық ұйымы АҚ

3,2

 

Барлығы

130,0

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу