Қайтыс болған туысыңыздың несиесін кім өтейді?

4503

Мұраны алу не алмау – әр адамның құқығы.

Қайтыс болған туысыңыздың несиесін кім өтейді? Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда коммуналдық төлемдер мен несиелер бойынша берешек мұра болып саналады. Қайтыс болған адамның төленбеген несиесі қалса, оларды кім және қалай өтейді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қайтыс болған адамның мұрагері туысының несиесін алудан бас тартуға құқылы. Мұндайда ол мұраның қалған бөлігінен (бар болса) бас тартуы тиіс. Себебі мұраның бір бөлігінен бас тартуға, ескертулермен немесе шартпен мұрадан бас тартуға заң бойынша жол берілмейді. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, пәтерді мұраға алып, бірақ оның бұрынғы иесінің қарызын төлеуден бас тартуға болмайды.

Егер адам мұрагерліктен бас тартса, бұл жағдайда ол өз құқықтары туралы мәлімдемеуіне болады. 

"Сонымен қатар ол мұра қалдырушының мүлкін пайдалану, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді әрекетті жасамауы тиіс. Білместіктен мұраға кіру туралы өтініш беріп, кейін ойын өзгертіп жатса, онда тиісті мұраға құқық туралы куәлік алғанға дейін нотариусқа мұрадан бас тарту туралы өтініш беруі тиіс. Ал куәлікті алғатын болса, онда мұрадан тек сот арқылы бас тартуға болады", - деп жауап берді агенттік Tengrinews сауалына.

Егер адам мұраны қабылдайтын болса, онда нотариус арқылы қайтыс болған мұра қалдырушының қарызы туралы анықтап алуы керек.

Агенттіктің дерегінше, мұрагер осы ақпаратты білгеннен кейін несие берушілерге адамның қайтыс болуы туралы куәлікті ұсынып, айыппұлдарды есептемеуді және ол мұрагерлік құқығына енгенге дейін қарызды тоқтата тұруды талап еткені жөн. 

Егер несие беруші мұра қалдырушы қайтыс болған соң өсімпұлды есептесе, онда мұрагер берешекті қайта есептеуді талап ете алады.

"Мұраны қабылдаған адам қайтыс болған туысының несиесін қарыз шартында жазылған кесте бойынша өтейтін болады.  Егер берешекті өтеу кестесі оған ыңғайсыз болса немесе  қарызды мерзімінен бұрын жапқысы келсе, мұның бәрін несие берушімен шешіп алуы тиіс", - делінген хабарламада.

Егер мұра қалдырушы мерзімі өтіп кеткен болса және одан берешекті өндіріп алу туралы заңды күшіне енген сот шешімі болса, онда мұрагер де бұл мәселені кредитормен жеке реттеуі қажет.

Мұраны пайдаланбас бұрын мүліктің нарықтық құнын бағалаған жөн. Бұл қарыздың алынған мұраға сәйкестігін анықтауға, мемлекеттік бажды есептеуге қажет болады.

Егер қайтыс болған адамның мұрагерлері болмаса немесе олар мұраны пайдаланудан бас тартса, онда ол иесіз мүлік деп танылады және ол коммуналдық меншікке өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу