"Бай мен кедей арасындағы алшақтық шеру мен наразылықтың негізгі детонаторына айналды"

3272

Саяси реформа жүзеге асырылмаса, экономика дамудың жаңа кезеңіне өтпейді. 

"Бай мен кедей арасындағы алшақтық шеру мен наразылықтың негізгі детонаторына айналды"

Бұл туралы Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің консультативтік комитетінің мүшесі, экономикалық саясат институтының директоры, экономист Қайырбек Арыстанбеков inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында баяндады.

– Қалай ойлайсыз, қоғам үлкен өзгерістің алдында тұр ма?

– Кез-келген саяси биліктің тиімділігі күн тәртібіне дер кезінде өзекті мәселені қоя білуімен және оны шешуімен бағаланады. Билік бастамашыл болуға тиіс. Елдегі ішкі саяси ахуалды талдау нәтижесі қаңтар оқиғасынан кейін біздегі жағдай күрт әрі жоғары жылдамдықпен өзгеріп жатқанын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысының наурыз айында халыққа үндеу жасауына Президент әкімшілігіне жан-жақтан түсіп жатқан мәліметтер мен деректер негіз болды деп ойлаймын. Ұсынылатын реформалар экономиканы жеделдету мен дамытуға және осыған дейін қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатыны сөзсіз.

– Сіздіңше, әлеуметтік-экономикалық блок қалай реформаланады?

– Реформалардың әлеуметтік-экономикалық блогы елдегі экономикалық парадигманың ауысуына қатысты болады деп ойлаймын. Үкіметтің экономикалық саясаты түбегейлі өзгереді. Бүгінгі күнге дейін үкіметтің экономикалық саясаты қаржы-өнеркәсіптік топтардың, олигархтардың, латифундистердің және басқалардың мүддесіне жұмыс істеді. Жаңа саясат жалпыұлттық бағытқа басымдық беріп, халық үшін маңызды мәселелерді қамтитынына сенімдімін. Бізге тиімді әрі жауапты экономикалық саясатты іске асыру үшін неғұрлым қолайлы саяси жағдай қажет. Дамудың экспорттық-шикізаттық моделі өзінің әлеуетін сарқып болды. Әлеуметтік-экономикалық теңгерімсіздікті өтейтін Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджет жыл сайын әлсіреп барады. Ең кедей адамдардың 10%-ы мен ең бай адамдардың 10%-ы арасындағы алшақтық 8 еседен аспауға тиіс. Бұл – қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының маңызды критерийі. Біздің бағалауымыз бойынша мұндай алшақтық 16 есеге жетті. Қазақстанда бай мен кедей арасындағы алшақтық рұқсат етілген және қауіпсіз деңгейден 2 есе асып кетті. Басқаша айтқанда, дәл осы алшақтық шеру мен наразылықтың негізгі детонаторына айналды.

Бізге экономикалық өсуді жеделдететін және ынталандыратын орта мерзімді бағдарлама әзірлеу қажет. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қазіргі құрылымында мұндай мақсат, құрал, шара қарастырылмаған. Осындай бағдарлама есебінен Қазақстан экономикалық өсудің неғұрлым жоғары қарқынына қол жеткізеді. Нәтижесінде, бірқатар әлеуметтік сын-қатерлер мен өткір мәселелер шешімін табады.

– Елдің жалпы ішкі өнімін қалай арттыруға болады?

– Біздің ел жыл сайын 14 компонент бойынша жалпы ішкі өнімнің қосымша тармақтарын ала алмай отыр. Жалпы ішкі өнімнің жеделдетілуін қамтамасыз ету үшін экономикалық саясаттың барлық компоненттерін бір бағытта жылжыту қажет. Қазақстан үшін жалпы ішкі өнімнің 7,2%-дан кем емес көрсеткішіне қол жеткізу маңызды. Бұл – жалақыны, зейнетақыны, шәкіртақы мен жәрдемақыны 2-3 есе арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибені ескере отырып ақша-кредит, бюджет, салық саясатын қоса алғанда, макроэкономикалық саясат түйінді параметрлері тиісті дәліз бен шеңберден шықпауға тиіс.

Біздің экономикамыз 6 құрылым құраушы секторға бөлініп кетті. Олардың арасында құрылымдық сәйкессіздік пайда болды. Секторлар арасындағы теңгерім жалақының төмендігі, теңгенің айырбас бағамы, субсидиялау және әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын ұстап тұру есебінен сақталды. Жалпы ішкі өнімді өсірудің 2 әдісі бар: Инвестиция және тұтыну. Экономикалық өсу халықтың кедей бөлігі мен табысы төмен топтарының кірісі көбейген кезде ғана қарқын алады.

– Инфляцияны қалай тежеуге болады?

– Орта мерзімді кезеңде инфляцияны тежеу және жалпы ішкі өнімнің өсуіне қол жеткізу үшін пайыздық мөлшерлемелер мен экономиканың нақты секторындағы рентабельділіктің орташа нормасы арасындағы алшақтықты қысқарту керек. Қазір Қазақстанның шикізаттық емес секторындағы өндірістің пайда мен шығыс коэффициентінің көрсеткіші төмен, ал несие мөлшерлемесі жоғары. Экономиканың дамуы туралы айтқанда стратегиялық жоспарлау тәсілі мен Ұлттық инвестицияның тапшылығын болдырмау және елден капиталдың заңсыз жылыстауына тосқауыл қою мәселесіне ерекше назар аудару қажет.

– Жақын арада экономикалық өсімді жеделдету бойынша бағдарлама әзірлеп, қолданысқа енгізуге бола ма?

– Экономикалық саясат институты экономикалық өсуді ынталандыру және жеделдету жөніндегі үкіметтік бағдарламаның жобасын әзірледі. Кезек мемлекеттік органдардың еншісінде.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу