Қала қолқаны қабатын қолаңса иістің құрсауында қалмақ

3078

Павлодарда бірнеше күннен бері қалдық су төгілген жоқ. 

Қала қолқаны қабатын қолаңса иістің құрсауында қалмақ

Облыс орталығындағы жер үйлердің иелері зар қақсап отыр. Соңғы бірнеше күн бойы олар кір жуу түгілі тамақ әзірлей алмай әлек. Себебі ыдыс жуған суды төгетін жер жоқ. Ауладағы шұңқырлардың бәрі суға толып, қатып қалған. Ал бұған дейін оларды ақылы түрде тазартқан ассенизатор көліктерінің жүргізушілері тапсырыстарды қабылдаудан бас тартты.

Иса Байзақов көшесіндегі жер үйде тұратын Бақытжамал Ертаева бір апта бойы суды үнемдеп пайдалануға мәжбүр.

"Аулада қалдық суға арнап қазылған шұңқыр толып тұр. Бұрын айына екі рет арнайы көліктерді шақыртып, оны тазалап алатын едік. Бір шақыртудың бағасы - 3 мың теңге. Күні кеше 8 бірдей ассенизаторға хабарластым. Біреуі де келмеді. Біреуі көлік от алмайды, бірі істен шықты дейді. Кейбіреулері телефон тұтқасын да көтермейді. Содан мен ғана емес, осы көшедегі тұрғындардың барлығы да қалдық суды қайда жіберерін білмей дал болып отыр", – дейді Бақытжамал Ертаева.

Шын мәнінде ассенизатор көліктері жүріп тұр. Тек олардың иелерінің тапсырыстарды орындар құлқы жоқ. Себебі "Павлодар-Водоканал" ЖШС кәсіпкерлерден су төккені үшін алатын ақыны бірнеше есеге қымбаттатып жіберді. Сондықтан жүргізушілер байкот жариялап, шақыртуларға шығудан бас тартты.

"Кейбіреулер бізді миллиондап ақша табады деп ойлайтын болса керек. Бір шұңқырды тазалағанымыз үшін 3 мың теңге аламыз. Көлікті жөндеуге, жанар-жағармай алуға, тағы да басқа қажеттіліктерге жұмсайтын шығындарымыз бар. Монополист компанияға ай сайын 10 мың теңге төлейміз. Сонда түптеп келгенде айына ел қатарлы 100-120 мың теңге көлемінде табыс табамыз. Енді мұның өзін көп көріп отыр. Су төгу тарифін еселеп қымбаттатты. Су арнасы мекемесі әр көлік қалдық суды шығарғаны үшін 1000 теңге төлеуі тиіс деген талап қойып отыр. Күніне 10 рейс жасасақ, 10 мың теңге беруіміз керек екен. Сонда айына бұрынғыдай 10 мың теңге емес 300 мың теңге төлеуіміз қажет. Мұндай қомақты ақша бізде қайдан болсын?! Онда табыс таппақ түгілі жыртығымыз жамалмайды",– дейді кәсіпкер Қайрат Әбдірахманов.

Оның сөзін әріптесі Самат Нұрғалиев қостады.

"Монополист компания бір текше метр қалдық суды қабылдағаны үшін 163 теңге сұрайды. Алматының өзінде бір текше метрдің бағасы - 53 теңге. Су арнасы мекемесінің өкілдері "Сендер тұрғындардан алатын ақыны көтеріп, содан төлеңдер. Сол да мәселе болып па?" деп бет бақтырмайды. Бір шақыртуға алатын 3 мың теңгені біз де бірнеше есеге өсірсек, жұртқа қалай қараймыз? Қымбат бағаны қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермесі анық. Бұл мәселені құзырлы органдар қарауына алып, біржақты қылып реттеуі керек. Әйтпегенде, біз бен тұрғындар ұтылып, монополист қана ұтады", – дейді Самат Нұрғалиев.

"Павлодар-Водоканал" ЖШС өкілі Дмитрий Башкировтің айтуына қарағанда, тарифтің көтерілуі тегін емес.

"Бұған дейін ассенизатор иелері 60 текше метр су үшін ғана ақы төлеп келген. Есептеп қарасақ, бір көлік тәулігіне 200-400 текше метр су төгеді екен. Сондықтан бір тазартқыш көліктен алынатын жалпы ақыны іс жүзінде шығарылған су көлеміне байланысты алу бойынша шешім қабылданып, кәсіпкерлерге қосымша келісімшарт жасау ұсынылды", – дейді Дмитрий Башкиров.

Бірақ қаланы қалдық судан тазартатын 20 ассенизатордың иелері бұл талаппен келіспей отыр. Монополист пен жеке кәсіпкерлер арасында туындаған дау кезінде қаланы қалдықтың құрсауында қалдырмас үшін іске жергілікті билік араласты. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Игорь Рыбастың хабарлауынша, қалдық суды тазартуға "Коммунсервис" кәсіпорнының көліктері шықты. Бір тәулік ішінде олар 60-тан астам шұңқырды тазалады. Бірақ бірлі-жарым техниканың бүкіл қаланың суын сарқып алар мүмкіндігі жоқ.

Енді бұл мәселеге табиғи монополияларды реттеу департаменті араласып, тарифті өсіру қаншалықты негізді екенін тексермек. Екі тарап арасындағы текетірес шешілгенге дейін тұрғындардың пайдаланған суды төге алмай, әуре-сарсаңға түсер түрі бар.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу