Қала тұрғындары сүт фермасынан шығатын иістен тұншығып отыр

1689

Ал жергілікті билік тексерісті жақында ғана бастады. 

Қала тұрғындары сүт фермасынан шығатын иістен тұншығып отыр

Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында бұрынғы автобазаның орнына тауарлы сүт фермасы салынған. Сол фермадан шығатын жағымсыз иіс жергілікті жұртшылықты әлекке салып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл мәселенің туындағанына бір жылға таяу уақыт боп қалды. Өткен жылдың сәуір айында Ақсу қаласының әкімі қызметін атқарған Нұржан Әшімбетов тұрғындармен кездесу кезінде автобазаның мал базасына айналуы заңсыз екенін айтты.  

"Біз комиссия мүшелері автобазаның пайдалану мақсатына қарсы болған шешімін таптық. Алайда қала әкімдігі бәрібір қаулыны қабылдапты. Оның күшін жою үшін сотқа арыз бердік. Қала аумағында тауарлы сүт фермасының салынуы - нонсенс", – деген еді сол тұста Нұржан Әшімбетов.

Былтыр маусымда сот тауарлы сүт фермасының иесі – "Крон-Агро" шаруашылығының пайдасына шешім шығарып, кәсіпорын мен тұрғын үйлердің арасы талапқа сай деген байламға келді. Мамырда бұл шаруашылыққа арнайы барған қоғамдық кеңестің кейбір өкілдерінің де мұрны иіс сезген жоқ. Олар 1200-ден астам ірі қарасы бар, қаланың дәл шетінде орналасқан фермадан жағымсыз иіс шықпайды деген қорытынды жасады.

Бірақ мүлде олай емес. Қамзин көшесіндегі бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары далаға шығу түгілі терезелерді ашудан қалған. Соңғы уақытта шаһардың шеткі ауданы түгіліні қаланың қақ ортасына да қолқаны қабатын қолаңса иіс жете бастады.

"Кешкі 9-10-нан бастап таң атқанға дейін мұрын жаратын иіс тұрады. Жел ферма жақтан соқса қаланың екінші шетін де жағымсыз иіс "жалмап" алады. Мұндай шаруашылықтың барынан жоғы", – дейді Елена есімді қала тұрғыны.

Ал "Крон-Агро" басшылығы жағымсыз иіс шықпауы үшін шетелдің түрлі препараттарын қолданатынын айтып, ақталып әлек. Директоры Дидар Бейсембаевтің сөзінше, кәсіпорын барлық талаптарға сай жұмыс істеп келеді. Күніне 20 тоннаға дейін сүт жергілікті зауыттарға жөнелтіледі.

Енді мұндағы талаптардың қаншалықты сақталып отырғанын арнайы мамандар тексереді. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Ақсу қаласы тұрғындарының сүт фермасынан шыққан мал қалдықтарының иісіне қатыты шағымы негізінде шаруашылықтың өндірістік қызметін облыстық экология департаменті, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеретінін хабарлады.

Тұрғындар бұл тексеріске қарапайым жұртшылықтың да қатысқанын қалайды. Әйтпегенде, бармақ басты, көз қыстылық болып, ірі кәсіпорын тексерушілердің "аузын алып қоюы" әбден мүмкін.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу