Калачидің қаржысы қайда?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2377

Ұйқы ауруына шалдыққан ауыл тұрғындары баспанасыз жүр. 

Калачидің қаржысы қайда?

Осыдан 7 жыл бұрын Ақмола облысының Калачи ауылында ұйқы ауруы тіркелді. Салдарынан ауылдың 14-70 жас аралығындағы 10 тұрғыны үздіксіз бірнеше тәулік ұйықтады.

2014 жылы жоғарыдағы оқиға тағы қайталанды. Бұл жолы 9 оқушы "ұзақ ұйқыға" кетті. Ал 2015 жылы Ресейден Калачиге қонаққа келген әйел бірнеше күн тұяқ серіппей ұйықтады.

Дәрігерлер терең ұйқыға кеткен адамдарға "этиологиясы беймәлім энцефалопатия" деген диагноз қойса, үкімет мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Іс барысында отандық, шетелдік ғалымдар сынамалық зерттеу жүргізді. Ауаның, судың, топырақтың құрамында радиацияның бар, жоқ екені анықталды. Ауыл тұрғындары вирустық, бактериялық тексеруден өтті. Осының барлығына үкімет республикалық бюджеттен 379 млн теңге бөлді.

Айтып, айтпай не керек, қыруар қаржы желге ұшты. Өйткені ұйқы ауруының нақты себебі табылған жоқ.

Біле жүріңіз, Красногор ауылдық округіне қарайтын Калачи ауылында ұйқы ауруы анықталғанға дейін 680 адам өмір сүрді. 1960-1990 жылдар аралығында ауыл маңынан уран өндірілді.1992 жылы уран өндірісі тоқтап, шахталар жабылды. Алдын ала жасалған болжамдардың бірінде "ұйқы ауруын уран шахталарының радияциясы туғызуы мүмкін" екені айтылды. Мұны үкіметтік комиссия мүшелері жоққа шығарды. Кейін өздері диагнозы қойылмаған ауруға жертөлелер мен желдетілмейтін тұрғын үйлерде жиналып қалатын буланудың жоғары концентрациясы себеп болды деген түсініксіз әрі күлкілі қорытынды шығарды. Осының ізінше үкімет ауыл тұрғындарын басқа жаққа көшіру туралы қаулы қабылдады.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд 800 млн теңге қарастырылды. Ауыл тұрғындарын баспанамен қамту үшін тұрғын үй салу немесе олардың келісімі бойынша пәтер сатып әперу көзделді.

2015 жылғы 19 маусымдағы дерек бойынша, Калачиден 65 отбасы көшірілген, бірақ оларды баспанамен қамту мәселесі шешілмеген.

"Ауыл тұрғындары баспана салуға және халықты көшіруге жұмсалған шығындар бойынша тексеру жүргізуді талап етуде. Олар бюджет қаражаты ұрланды және ысырап етілді деп санайды. Калачи ауылы тұрғындарының баспана мәселесі шешілмеген. Тұрғындар бұл мәселе бойынша түрлі мемлекеттік органдарға жүгінген, бірақ тиісті шара қабылданбаған. Қазір Калачиде 30-дан астам отбасы тұрып жатыр. Олар Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексеру, тергеу амалдарын жүргізуге  тиіс екенін алға тартып отыр. Ауыл тұрғындары 1 млрд 800 млн теңге талан-таражға түсті деп күдіктеніп отыр", – деді депутат  Владислав Косарев.

Халық қалаулысының мәлімдеуінше, ауыл тұрғындарының сөзін қаржы министрлігі ішкі аудит департаментінің қорытындысы да растап отыр. Ревизорлардың пікірінше, мақсатты трансферт бөлінгенмен, "міндеттер, мақсаттар және түпкілікті нәтижелер толық жүзеге асырылмаған".

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу