Бұған дейін Павлодар қаласы тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қатысты тариф бойынша елдегі арзан шаһарлардың бірі болса, енді керісінше қымбат қалалардың көшіне қосылды. Мұндағы тариф бірден 52%-ға артты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Арзаннан – қымбатқа
Статистикалық дерекке зер салсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша бір қазақстандық тұрмыстық қалдықты сыртқа шығарғаны үшін орта есеппен 322 теңге төледі. Ал өңірлердегі баға 94 теңгеден басталып, 553 теңгеге дейін жетеді. Ең қымбат аймақтар қатарына Алматы қаласы (бір адам үшін тариф – 553 теңге), Семей қаласы (тариф – 470 теңге) және Қостанай (401 теңге) кіреді. Бар болғаны 94 теңгені құрайтын ең арзан коммуналдық төлем Таразда тіркелді.
Павлодарда осы уақытқа дейін дәл сол орташа баға – 322 теңге сақталып келді. 2020 жылы тұрмыстық қалдықтың "бағасы" жан басына 159 теңге болса, осыдан үш жыл бұрын ол шамамен екі есеге өскен-ді. Енді бұл баға тағы 168 теңгеге қымбаттамақ.
Бүкіл қаланы қоқыстан тазартатын "Спецмашин" ЖШС бұдан былай көпқабатты тұрғын үйдің әр тұрғыны қалдықты шығарғаны үшін олардан 490 теңге алады. Жеке үйлердің тұрғындары 554 теңге төлейді. Ал заңды тұлғаларға баға 2132 теңге көлемінде белгіленіп отыр. Айта кетейік, бұған дейін жер үйлердің иелері тұрмыстық қалдықты контейнерге салғаны үшін 295 теңге, заңды тұлғалар 1773 теңге төлеп келді.
Павлодар қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайынов мұны сапаны арттыруға бағытталған жұмыстармен байланыстырды.
"Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі ақысының көтерілуіне бірнеше себеп бар. Сол арқылы қызметтің төлеміне сай сапаны жақсарту көзделіп отыр. Бұл ретте қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және сақтаумен айналысатын нарық қатысушыларының нақты және нормативті шығындары көрсетілетін өзіндік құны есепке алынады. 490 теңгелік тарифті де нормативтік-құқықтық құжаттардың негізінде есептедік", - деді Арман Құсайынов.
Тарифті көтеру мәселесін Павлодар қалалық мәслихаты шешеді. Бұл тақырып алдымен тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды. Кейін сессияға шығарылып, жақында жасақталған жаңа құрам коммуналдық қызмет ақысын көтеруге қатысты ұсынысты құптады. Депутат Нұр-Сәуле Байболатова облыс орталығында евроконтейнерлер қойып, арнайы алаңдар қарастыру қажет екенін атап өтті. Қалдықты жеке-жеке жинау үшін де техника керек. Ал мұндай шығындарды жаңа тариф есебінен жабуға болады, дейді ол.
Тұрғындар не дейді?
Тарифті көтеруге қатысты жаңалықтың әлеуметтік желілерде қылт еткені сол еді, тұрғындар бірден пікірін қарша бората босатады. Кейбірі қаланың тазалығы үшін коммуналдық қызмет ақысын көтерген дұрыс деген пікірде. "Аулалардағы контейнелер қалдықтан бір күн тазартылмай қалса, қолқаны қабатын иіс тұншықтырып жібереді. Сондықтан тарифті де, соған орай қызмет ақысын да көбейткен дұрыс" деген ойға саятын тұрғындар бар. Десе де, байқағанымыздай, басым бөлігі қызмет ақысының қымбаттауына наразы.
Павлодар қаласының Айнұр есімді тұрғыны коммуналдық қызметтердің тарифі қанап бара жатқанын айтады.
"Екі бөлмелі үйде ата-енеммен, бала-шағаммен тұрамыз. Ай сайын коммуналдық қызметке кемінде 20 мың теңге төлеймін. Соған қарай сапасы болса, жақсы ғой. Ыстық судың ажыратылғанына 1 айдан асты. 1 шілдеден бастап тағы бірнеше қызметтің бағасын көтергелі жатыр. Ол аздай қалдықтың өзі қымбаттады. Қазір "Спецмашин" кәсіпорны ай сайын біздің отбасынан 2254 теңгені сыпырып алады. Енді 3430 теңге төлеуім керек екен. Облыс орталығында 400 мыңға таяу адам тұратын болса, пайданы есептей беріңіз. Егер тұрғындардан түскен қаражат қарапайым қызметкерлердің жалақысын арттыруға, жұмыс жағдайын жасауға жұмсалса, сөз жоқ. Бірақ қоқыс жинаушылардың көбі каскасыз, көзілдіріксіз жүреді. Тым құрығанда оларды осындай қажеттіліктермен қамтамасыз етсе", - дейді ол.
Бұл ретте жеке сектор тұрғындарының да айтар өз уәжі бар. Белгілі болғандай, жер үйлердің көшелеріне бар болғаны бір-екі контейнер қойылады. Ал төлемді үйдің барлығы бірдей жасайды.
"Біздің көшедегі 20 үйге ортақ бір контейнер бар. Оның өзін контейнердің жанындағы үй иесі меншіктеп алған. "Мынаны тастама, ананы әкелме" деп аңдып отырады. 20 үйден шыққан азды-көпті қалдықты әкелгеннің өзінде ол лезде толып қалады. Сондықтан қыста қоқысты үйдегі пешке, жазда моншаға жағуға тырысамыз. Сөйте тұра, әр адам үшін 295 теңге алады. Енді бұл баға екі есе өспек. Олай болса, әр жер үйге жеке контейнер қойылсын", - дейді тұрғын Аслан Баймұханов.
Бұл қандай кәсіпорын?
"Спецмашин" ЖШС Павлодар қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысатын монополист компания десек те болады. Сондықтан да болар, ара-тұра тұтынушыларға үстемдігін көрсетіп қояды. Айталық, 2018 жылдың шілдесінде демалыс күндері тұрмыстық қалдықтарды жинамай, соның салдарынан қала қоқыс құрсауында қалды. Сол сияқты жағдай 2020 жылдың ақпанында қайталанды. Сол тұста кәсіпорын "Компания техникаларын қалалық полигонға белгісіз себептерге байланысты кіргізбей жатыр" деген желеумен құтылды. Ал қала әкімдігі нарықта басымдығы зор ойыншы тарифті 159 теңгегеден екі есеге, яғни 322 теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр дегенді ашық айтты. Ақыры, кәсіпорын дегеніне жетті. 2020 жылдың күзінде тариф 322 теңге болып бекітілді.
Алайда содан кейін көрген игілік аз. Қоқыстарды сұрыптау тастауға арналған түрлі-түсті контейнерлер некен-саяқ. Пластикалық құтыларға арналған сары жәшікті ғана аракідік көріп қалуыңыз мүмкін. Евроконтейнерлер де әзірше көрінбейді. Содан соң тарифтің бұл жолғы өсімінен де жағдай жақсарып кетеді дегенге сену қиын.
Айта кет керек, тариф көтерілген соң кәсіпорынның бюджетке беретін салығы да артты. Мәселен, kompra.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2020 жылы ел қазынасына 176 млн 456 мың теңгеден астам міндетті төлем аударылды. 2021 жылы ол 209 млн 817 мың теңгені құрады. Биыл жыл басынан бері 131 млн 157 мың теңге төленді.
Одан бөлек, тұрақты түрде мемлекеттік сатып алулар конкурсына қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Мәселен, осы жылдың мамыр айында алты мекемемен жалпы сомасы 1 млн 342 мың теңге болатын негізгі және қосымша шарттар жасасты.