"Камераңызды өшіріңіз!": Полиция қызметкерін видеоға түсіруге бола ма?

Бұл – заңды әрекет.

"Камераңызды өшіріңіз!": Полиция қызметкерін видеоға түсіруге бола ма? Фото: kapital.kz

Әлеуметтік желіде қоғамда резонанс тудыратын кейбір оқиғалар кезінде ресми орган қызметкерлерінің камераны өшіруді талап етіп жатқанын жиі кездестіреміз. Қызметтік міндетін орындау кезінде полиция қызметкерін видеоға түсіруге рұқсат етілген бе? Inbusiness.kz сайты осы туралы заңгер Әлімжан Жұбатқаннан сұрап көрді.

Оның сөзінше, кез келген азаматты оның рұқсатынсыз видеоға түсіруге болмайды. Бірақ жол-патрульдік полиция қызметкерін видеоға түсіруге болады екен.

"Жүргізушіні жолда тоқтатып, хаттама толтырған кезде жол-патрульдік полиция қызметкерін видеоға түсіруге болады. Бұл – заңды әрекет. Бұл "Жол жүрісі туралы" Заңның 54-бабында айқындалған", – деді заңгер.

Сонымен 54-бапта былай көрсетілген: жүргізушінің құжаттарын тексеруге құқығы бар лауазымды адамнан көлік құралын тоқтату себебіне түсіндірме алуға, бұл ретте фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар.

Алайда заңгердің сөзінше, "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Заңының 6-бабында полиция қызметкерін видеоға түсіруге қатысты тыйым бар. 

"6-бабына сәйкес, ішкі істер органдарының төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізіліп жатқан аймақта тергеу іс-шараларын жүргізу уақытында ішкі істер органдарының қызметкерлерін өз қызметтік міндеттерін атқаруы кезінде жеке тұлғалардың фотосуретке және бейнежазбаға түсіруіне тыйым салуға, бұл талаптарды орындамаған жағдайда тиісті мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқығы бар", – деді заңгер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу