Қант бағасы тағы қымбаттауы мүмкін бе?

1714

Қазақстан қант импортына тәуелді екені белгілі. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстанға қантты негізгі жеткізуші елдерге Ресей мен Беларусь жатады. Бұдан бөлек еліміз шикі құрақ қантты Бразилиядан импорттайды. 

Қант бағасы тағы қымбаттауы мүмкін бе? Фото: inbusiness.kz

Жақында Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үкімет кулуарында елімізде қант тапшылығы жоқ екенін, алайда бағаны қымбаттату мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

Осыған байланысты Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева қант нарығындағы жағдай туралы айтып берді.

  • Бір қазақстандық жылына қанша келі қант тұтынады?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биылғы 1 тоқсанда елімізде қантты, оның ішінде джем, кондитерлік өнімдерді тұтыну 10,5 келіні құрады. Егер қант тұтыну көлемінен есептеу жүргізілсе (өнеркәсіптік өңдеушілерді қоспағанда), онда бағалау деректері бойынша жылына шамамен 19 келі деген сөз.

  • Еліміздегі төрт қант өңдейтін зауыттың жылдық қуаттылығы қандай?

Олардың жиынтық өндірістік қуаты 500 мың тонна ақ қант өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты 100% қамтамасыз етуге көмектесер еді. Бірақ та, шикізаттың қатты тапшылығы проблемасы бар.

  • Былтырғы жағдайдан сабақ алмаған билік қант қымбаттауына жол бергелі отыр ма?

Қазіргі таңда қант бағасына қатысты қандай да бір болжам айту қиын. Біріншіден, бүгінде қант зауыттары сұр импорт мәселесіне тап болды. Бағалау бойынша елімізге Ресейден қанттың көп мөлшері әкелінді. Бұған қоса, автокөлікпен әкелінген. Бұл ресейлік қант бағасының қазақстандық қантпен салыстырғанда өте төмен болуына байланысты. Ресей Федерациясынан ақ қанттың бақылаусыз келуі оның ішкі нарықтағы ұсынысын отандық қант зауыттары өндіретін шикі қанттан алынған ақ қанттың өзіндік құнынан төмен бағада болуына жағдай жасайды. Өз кезегінде бүгінде қант зауыттарының қоймасы 100%-ға толды. Тиісінше баға айырмашылығынан сұраныстың болмауына байланысты зауыттар қоймалардағы қантты ішкі нарықта сата алмай отыр.

Бұл жағдайда қант зауыттары ӘКК қаражатына сатып алынған шикізаттан өндірілген қантты оның өзіндік құнына барабар бағамен сата алмайды. Бұл қант зауыттарының шартта көрсетілген мерзімде қаражатты қайтара алмауына әкелуі мүмкін. Бұдан басқа күзде қызылша шикізатын өңдеуге арналған зауыттарды іске қосу да үлкен мәселе болып отыр. Қаржы жетіспеушілігі фермерлерден қызылшаны сатып алу мүмкіндігінің болуына күмән келтіреді.

  • Тығырықтан шығудың қандай жолы бар? Қауымдастық ұсыныстарын айта кетсеңіз.

Бұл жағдайдан шығу үшін қант зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету керек. Яғни суармалы егіс алқаптарын ұлғайтып, қант қызылшасын өндіруді инфрақұрылымдық, яғни сумен қамтамасыз ету арқылы мәселені шешу керек. Сонымен қатар қант зауыттарының инвестициялық салымдары кезінде шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының № 29 паспортына өзгеріс енгізу қажет.

Қазіргі жағдайды шешу үшін бірқатар ұсыныстарымыз бар. Оның ішінде автомобиль көлігімен қант әкелу үшін бір шекаралық өткелді айқындау арқылы Ресей және Беларусьтен ақ қантты әкелуді шектеу жөнінде шұғыл шаралар қабылдау, автокөлікпен қантты әкелуді қатаң бақылау және мониторингілеу, ең төменгі көтерме баға енгізу, қанттың, оның ішінде ел аумағына әкелінетін қанттың биржалық саудасын ұйымдастыру, ӘКК-мен шарттарды ұзарту және т.б.

  • Қант бағасы қанша теңгеге өсуі мүмкін?

Егер Ресей мен Беларусьтен әкелінетін қантты бақыламасақ, зауыттардың тоқтап қалу қаупі бар. Тиісінше Ресей және Беларусьтен әкелінетін қант бағасы айтарлықтай өсіп, оның бағасы 375-390 теңге деңгейінде болатынына ешкім кепіл бере алмайды. Керісінше баға көтерілуі мүмкін.

  • Биыл қанттың қанша тоннасы жиналады деп болжанып отыр?

Оптимистік бағалау деректері бойынша 500 мың тонна қызылша күтілуде. Одан 60 мың тонна қант алынады деп күтеміз.

  • 2022 жылғы қантқа қатысты ажиотаж қайталануы мүмкін бе?

Бұл нақты жауабы жоқ күрделі сауал. Барлығы да мемлекеттік органдардың біздің дабылымызға қаншалықты құлақ түретініне байланысты.

Қазақстандықтар былтыр 555 мың тонна қант тұтынған

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл қант қызылшасының егіс алқаптары 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, 19 мың гектарды құрады. Орта мерзімді перспективада қант өндірісін 283 мың тоннадан 490 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр дейді ведомство.

"Былтыр республикада қантты жылдық тұтыну көлемі 555 мың тоннаны құрады. Отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен ішкі нарықтың қантпен қамтамасыз етілуі 6% (33 мың тонна), шикі құрақ қантты және дайын қантты импорттау есебінен 45% (250 мың тонна) болды. 2023 жылы қант зауыттары 400-450 мың тонна қант құрағы мен 50 мың тонна қант қызылшасын өндіреді деген жоспар бар. Қант зауыттарының мәліметінше, осы жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша шикі құрақ қант қоры 40 мың тоннаны, қант қоры 48,2 мың тоннаны құрайды", - делінген министрліктің редакция сауалына берген ресми ақпаратында.

Бұдан басқа облыс әкімдіктерінің хабарлауынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірлердегі қант қоры 45,1 мың тоннаны, оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 9,3 мың тонна, сауда нысандарында – 25,6 мың тонна, қойма үй-жайларында 10,2 мың тоннаны құрап отыр, деп жалғастырды ведомство.

"Орта мерзімді перспективада қанттың ішкі қажеттілігін жергілікті қант қызылшасынан 43%-ға қамтамасыз ету үшін оңтүстік өңірлерде егіс алқаптары 2026 жылға қарай 38 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Қант қызылшасының жалпы түсімін арттыру, отандық шикізаттан қант өндірісін 250 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлары бар, сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендетілетін болады", - деді АШМ. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу