Қант импортына квота енгізілуі мүмкін

3178

ЕАЭО елдері 1 млн тонна қантты бажсыз кіргізуге рұқсат сұрап отыр. 

Қант импортына квота енгізілуі мүмкін

Сәуірдің басында ғана Еуразиялық экономикалық комиссияның отырысында бажсыз қант импортына квота енгізу мәселесі қаралған болатын. Одан ешқандай нәтиже шықпағаны белгілі болды. 22-23 сәуірде комиссия мүшелері тағы осы мәселені талқыламақшы, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Тұтынатын қанттың басым бөлігін Ресейден алып отырған Қазақстан үшін бұл өте маңызды мәселе. Оның үстіне былтырдан бері одақтасымыз бағаны көтеру үшін өздеріндегі қант қызылшасының алқаптарын азайтқанын жар салып айтып жүр.

Qaztrade.org.kz сайтының жазуына қарағанда, кейінгі 10 жыл бойы Қазақстан өз ішіндегі қантқа деген сұранысты Бразилиядан қант құрағын сатып алу арқылы реттеп келген. Еуразиялық экономикалық одақтың пәрмені артып, ережелері күшіне енген сайын қазақстандық қант өндіруші кәсіпорындар Бразилиядан келетін шикізаттан алшақтай берді. Баж жеңілдігінен Украина да қағылып, ол жақтан келетін қант қызылшасының импорты да пышақ кескендей тыйылған. Осылайша қысқамерзімнің ішінде Қазақстан Ресей мен Беларусь қантына тәуелді елге айналып шыға келді. 2019 жылы Қазақстанның қант өндірушілері 400 мың тонна қант өндірген. Бұл ішкі сұраныстың 45%-ы болатын. Ал 2020 жылдың қаңтарында одаққа сырттан кіретін шикі қанттың тоннасына 240 доллар баж енгізілді. Салдарынан Бразилиядан келетін қант құрағының тасымалы сап тыйылды. 2020 жылы Қазақстанға Бразилиядан бір келі де қант қызылшасы импортталған жоқ.  Ал 2019 жылдың 5 айында ғана  осы елден 18,7 млн доллардың 56,9 мың тонна өнімі  әкелінген болатын. Оның орнын Ресей мен Беларусь елінің өнімдері жауып жатыр. 2020 жылдың алғашқы 5 айында Қазақстан нарығына одақтас елдерден 70,5 млн доллардың  206,7 мың тонна қанты кірген. Бразилиялық шикізат болмағандықтан, Қазақстан дайын қанттың импортын жылына 2,7 есе арттыруға мәжбүр болды. Таза қант импортына жұмасалатын ақшалай шығынның мәні 1,8 есе өсті. Оның  14,4 млн доллары Беларуське кетсе, 55,9 млн доллары Ресейге кеткен.

Бір жақсысы, былтыр әлем бойынша қант бағасы құлдырап, бұл қазақстандықтардың қалтасына да әсерін тигізді. 2019 жылы бір келі қант әлемдік нарықта  45 цент болса, 2020 жылы 29 центке дейін түсті. Ресей қантының бағасы одақ ішінде бұдан жоғары болғанымен, жалпы тенденция оған да әсер етті. 2019 жылы ресейлік қанттың одақ ішіндегі бағасы келісіне 51 цент болса, 2020 жылы 35,8 центке түсті.

Бірақ биыл ондай арзан баға арман болатын түрі бар. Еуразиялық экономикалық одақтың бажсыз қант импортына тыйым салуынан үміттенген ресейлік қызылша өсірушілер оның алқабын таласа ұлғайтқан болатын. Бірақ әлемде бағаның арзандауы салдарынан олар күткен табысын ала алмады. Түсіп кеткен бағаны қайта көтеру үшін ресейлік фермерлер қайтадан алқап көлемін азайтпақшы. Былтырдың өзінде оның көлемі 18%-ға төмендеген болатын. Оның басты себебі 2020 жылдың соңына қарай ресейлік қанттың бағасы одақ ішінде әлемдік бағадан да төмендеп кетті. ЕАЭО-ның реттеуші тетігіне сенген фермерлер ашкөздікке салынып, ішкі нарықта ұсынысты сұраныстан бірнеше есе арттырып орындаған болатын. Биыл Ресей одақ аясында экспортталатын қант көлемін былтырғыдан 3 есе азайтатындарын мәлімдеген. ЕЭК  отырыстарында бұл мәселенің жиі талқыланып жатуы осыған байланысты болса керек.

Ресейдің бұл шешімін отандық қант өндірушілер мен қант қызылшасын егушілер неге пайдаланып қалмайды деген заңды сауал туындайды. Көзден бұлбұл ұшқан бразилиялық қант құрағының орнын отандық қызылшамен жабу үшін қазақстан фермерлеріне жылына 4 млн тонна өнім алу керек. Сонда ішкі сұраныстың 45 пайызын немесе 450-500 мың тонна қант өзіміздегі қант зауыттарында өндірілген болар еді. 2019 жылы Қазақстан бойынша  485,5 мың тонна қант қызылшасы алынды. Яғни қазір жұмыс істеп тұрған 3 зауытты толық шикізатпен қамту үшін алқаптардың көлемі 10 есе арттыру керек. Шикізаттың жоқтығынан Қазақстан бойынша тағы 4 зауыттың тоқтап тұрғанын ескерсек, бізде негізгі мәселе шикізатқа келіп тіреледі деген сөз. Қазір жұмыс істеп тұрған 3 зауыт бір жылдың ішінде 317 күн бойы үздіксіз жұмыс істесе, 4 млн тонна қызылшаны өңдей алатын еді. Бірақ қызылшаны мұнша ұзақ мерзімде сақтау мүмкін емес. Сондықтан, әзірге ЕАЭО-дан тыс келетін келетін шикізаттың көлемін көбейтпей, Ресейге тәуелділіктен құтылу мүмкін емес.

Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян одақтан тыс келетін қанттың импортын көбейтсе, іштегі қант өндірушілер қатты зардап шегеді дегенді айтып жүр. Яғни, қазір одақ елдерінің бажсыз импорт квотасын 1 млн тоннаға жеткізу өтініші ішінара ғана қанағаттандырылуы мүмкін.

"Еуразиялық экономикалық комиссияда қантты сырттан бажсыз әкелу және квоталау мәселесі қаралып жатыр. 5 сәуірдегі комиссияда да қаралып, нақты шешім шыққан жоқ болатын. Енді 22-23 сәуірде тағы талқыланады. Қандай шешім қабылданатынын мен әзірге айта алмаймын. Мен тек қандай ұсыныстар түскенін айта аламын. Ресей қазіргі 35 мың тонна қантты бажсыз кіргізу туралы шешімнің күшін жойып, квота енгізуді ұсынды. Қазақстан, Армения және Қырығызстан да  осы квота аясында бажсыз әкелсек деген қант пен қант құрағының көлемін атады. Барлық өтінімдерді қосса, жалпы көлем  1 миллион тоннадай болады. Бұл аз емес. Еуразиялық экономикалық одақтың тұтыну көлемінен  15 пайыз деген сөз", – дейді ЕЭК өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, бұл көлемді ЕЭК мақұлдап жіберсе, Ресейдің қант қызылшасын егіп отырған фермерлері ауыр зардап шегуі мүмкін.  

"Бұл көлем қабылданса, ішкі нарыққа айтарлықтай қауіп төнеді. Таяқтың екі ұшы болады ғой. Негізі қант қызылшасын өсірудің шығыны көп. Бір гектар алқапқа 115-120 мың рубль шығын кетеді. Бұл бидайға, сояға қарағанда бірнеше есе көп.  Қант қызылшасы табысы өте аз дақыл деуге болады. Сондықтан, шешімді абайлап қабылдау керек. Таяқтың бір ұшында одақ ішінде қант бағасын күрт өсірмеу мәселесі тұрса, екінші ұшында ЕАЭО агроөнеркәсіп кешенінің қант қызылшасы саласына қатты зиян шектірмеу мәселесі тұр", – дейді Артак Камалян.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты  Qaztrade мекемесі 2020 жылдың өзінде республика бойынша қанттың қымбаттайтынын болжаған болатын. Биыл да сол болжамның орындалатын түрі бар. Ал қаншалықты қымбаттайтыны 22-23 сәуірде өтетін ЕЭК отырысында қабылданатын шешімге байланысты.

Есжан Ботарақа


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу