Қаңтар оқиғаларынан бері халықтың көңіл-күйі қалай өзгергені белгілі болды

2221

Дүниежүзілік банк республикада өз өміріне қанағаттанатын азаматтардың үлесі 70%-ға жетті деп отыр. 

Қаңтар оқиғаларынан бері халықтың көңіл-күйі қалай өзгергені белгілі болды Фото: canva.com

"Қазақстанды тыңдағанда - Слушая Казахстан" деген қызғылықты атауы бар зерттеуді БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қоры, NAC Analytica сияқты серіктестерімен бірге, Дүниежүзілік банктің Кедейшілік пен теңдік мәселелері жөніндегі жаһандық тәжірибе орталығы 2020 жылғы қазаннан бері жүргізіп келеді.

Бастапқыда оның өкілдері көшеде сауалнама жүргізген. Алайда араға пандемия кірігіп, әлеуметтік зерттеу, сауалнама – ай сайынғы телефон арқылы сұхбаттасу форматына ауыстырылды. Оның аясында зерттеу жүргізушілер кездейсоқ таңдап, 2000-ға жуық қазақстандыққа қоңырау шалады, өзінің және отбасы мүшелерінің хәл-жағдайын сұрайды.

Азаматтарымыздың өз өміріне, қоғамға, билікке, оның жүргізіп отырған саяси реформаларына, басқасына деген жеке көзқарас-пікірін біледі. Әлеуметтік-экономикалық жағдайына, табысына, қайда жұмыс істейтініне, тұрмысына қаншалықты көңілі толатынына, тіпті электр қуаты, жылу мен судың қаншалықты тұрақты берілетініне қатысты сауалдар қойылады.

Дүниежүзілік банк орталығы сарапшыларының түсіндіруінше, стандартты сұрақтар жиынтығы ай сайын қайталанып қойылады. Дегенмен, "өзгерген ахуалға қарай немесе қандай да бір ақпаратқа қажеттілік болғанда", қосымша сұрақтармен толықтырылады.

Екі жылда халық көңілі қалай өзгерді?

Бұл жерде 2022 жылғы 29 қыркүйекте ұсынылған "Қазақстанды тыңдағанда" зерттеуінің қорытындылары назар аудартады. Онда халықтың қаумалаған ауыр ойлар қамауында қалғаны, билікке, әлде кімге сенерін білмей дағдарғаны, көбісінің тағдырға налығаны тіркелді.

"Әлеуметтік сауалнама нәтижелері куәландырғандай, Қазақстан салмақты экономикалық, әлеуметтік сын-қатерлерге тап болды. Мұны жаһандық және өңірлік факторлардың сын-қатерлері ушықтыра түсті. Респонденттер қымбатшылықтың, инфляцияның қатты қысып, қиналтқанына шағымданды. Үкіметтің 2022 жылғы жүргізген экономикалық саясатына қатысты халықтың көзқарасы нашарлады", – делінген еді сол зерттеуде.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының айтуынша, сұрақтарға жауап берген қазақстандықтардың шамамен 23%-ы ғана өз отбасын "кедей" деп атаған. Соған қарамастан, тұрғындардың үштен екі бөлігі ғана болашаққа оптимизммен қарайтынын жеткізген. Осынша қазақстандық елдің реформалардың дұрыс жолын таңдағанын мәлімдеген. Қалғандары шүбәланған.

Ол кезде қазақстандықтардың көңілінің күпті болуына қаңтар оқиғалары, Украинадағы соғыс, Ресейге қатысты халықаралық санкциялардың енгізілуі, COVID-19 салдарлары, бағалардың қарқынды өсуі, экономикалық өсімнің баялауы теріс әсер етіпті.

Енді ше?

Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы ақпанда жарияланған "Қазақстанды тыңдағанда" атты жаңа зерттеуі қазақстандықтардың 70 пайызының өз өміріне қанағаттанатынын көрсеткен екен. Бұл 2021 жылғы көрсеткішке ұқсас көрінеді.

Сауалнамаға 1 400 отбасыдан респондент қатысты. Олар мегаполистерде ғана емес, өзге қалаларда және ауылдарда тұрады.

"Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, республикада 2023 жылы қоғамның экономикалық ахуалды бағалауы айтарлықтай жақсарды. Бұған қоса, 2023 жылы елдегі ағымдағы жағдайды бизнес жүргізу үшін қолайлы деп санайтын азаматтардың үлесі 2021, 2022 жылдармен салыстырғанда, ең жоғарғы межеге жетті. Дегенмен, 2023 жылдың соңында олардың қатары қайта сиреді", – деп хабарлады Дүниежүзілік банк.

Бұған Үкіметтің мобильді аударылымдарды тексеру ісін қатайтуы, кәсіпкерлердің қолма-қол ақшаға ауысуы, жеке кәсіпкерлерге қатысты түрлі шектеулерді енгізуі, шағын және орта бизнесті тексеруге қойылған мораторийді жоюы, сондай-ақ табысты декларациялаудың күш алуы әсер етсе керек.

Қазіргі кезде Қазақстан халқының төрттен үш бөлігі ел болашағы мен экономикалық дамуға сеніммен қарайтын көрінеді. Әсіресе, 18-24 жастағы жас азаматтар, сонымен қатар бай отбасының өкілдері арасында оптимистер үлесі көп болып шықты.

Зерттеу мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларын халықтың қолдау деңгейі 59%-дан 67%-ға дейін өскенін анықтады. Президенттік жаңғыру бағдарламаларына жастар, орта жастағы қазақстандықтар және ауыл тұрғындары көбірек қолдау білдірген. Бұл көрсеткіштің өсуінде негізінен жас респонденттер (79%), ауыл тұрғындары (74%), табысы жоғары үй шаруашылықтары (69%) жетекші рөл атқарды.

Дүниежүзілік банк мамандарының байламынша, жалпы алғанда, Қазақстан халқы ел болашағынан жақсы үміт күтеді, негізінен, өз өміріне қанағаттанады. Қоғамның "экономикалық жағдайды ризашылықпен қабылдауында және мемлекеттік реформаларды қолдауында оң динамика байқалады".

"Қазақстан тұрғындарының жалпы жағдайының жақсарғаны бізді сүйсінтті. Азаматтардың ел дамуының ұзақ мерзімді перспективаларына және мемлекет қызметінің тиімділігіне қатысты сауалдарға жауаптары не өзгеріссіз қалды, не жақсы жаққа өзгерді. Нашарлағаны аз", – деді журналистерге Дүниежүзілік банктің Кедейшілік пен теңдік мәселелері жөніндегі жаһандық тәжірибе орталығының экономисі Метин Небилер.

Бірақ қазақстандықтардың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселелер де әшкереленді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы инфляция 9,8%-ды құрады. Бұл 2022 жылғы 16,1%-дан әлдеқайда аз.

Алайда респонденттердің 94%-ы мұның да тым жоғары екеніне, қымбатшылық жалғасып жатқанына, салмақты проблемаға айналғанына назар аудартқан. Алда жаңаруы мүмкін Үкімет инфляциямен және баға "көтерілісімен" күреске баса көңіл бөлгені жөн.

Зерттеу барысында анықталғандай, қазақстандықтардың 92%-ы ел байлығын тең бөлуге (олигархиямен күрес), табыстардың теңсіздігіне қатысты проблемалар сол бұрынғыдай сақталуда деп санайды.

Адамдардың 50%-дан астамы жұмысын жоғалтудан қорқады. Өйткені экономикалық дағдарыстан мемлекет арыла қоймаған.

Респонденттер мемлекеттің ашықтығы онша көп жақсармағанын айтқан. Мемлекеттің азаматтармен диалогқа ашықтығын тек 47%-ы ғана оң бағалады.

Сондай-ақ жұрт "мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтіп, тиімділігін арттыруы қажет" деп есептейді.

Экономист Метин Небилер бұл мәселелердің бәрі Үкімет тарапынан мән беруді, халықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарту шараларын қабылдауды талап ететінін нықтады.

Әлеуметтанудың банкирлерге қандай қатысы бар?

Неге Дүниежүзілік банк, яғни қаржылық институт ел пікірін тыңдаумен айналысады? Саясаттанушы Зейін Сабырқұловтың түсіндіруінше, Қазақстан Үкіметі халықаралық қаржы институттарын жалдап, солардың консультациялық қызметтеріне мол ақы төлейді. Олар түрлі есептер түзеді, маңызды реформалардың бағыттарын айқындауға көмектеседі.

Мұның бәрінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен көзқарасы ескерілуге тиіс. Онсыз жаңғырулар елге залалды болып шығуы, халық қабылдамай, қоғамның наразылығын ушықтыруы мүмкін. Сондықтан халықаралық ұйымдардың әлеуметтік зерттеулерінің қорытындылары тың бетбұрыстар мен маңызды реформаларды әзірлеп, жүзеге асыруда аса пайдалы болады әрі ұйымға пайда әкеледі.

Мұндай зерттеулер отбасылардағы, "кухнялардағы" пікірлерге құлақ түруге, сөйтіп, азаматтардың шынайы пікіріне, олардың ұстанымының қалай өзгергеніне қатысты барынша өзекті, егжей-тегжейлі ақпарат алуға мүмкіндік беретін санаулы, сирек дереккөздерінің бірі болып табылады.

Өйткені қазақстандық билікке жақын әлеуметтік зерттеу институттары тек елде әлдебір ірі саяси оқиға болғанда, сайлаулар кезінде "тіріледі", артынан қалың ұйқыға кетеді. Оның өзінде олар билікке жағу үшін халық пікірін "қолдан көркемдеуі" мүмкін.

Қысқасы, халықаралық ұйымдардың осындай өзекті деректері негізінде ел басшылығы, Үкімет қоғамға қайтарым бермеген, жұртқа жақпаған бастамасын, бағдарламасын дереу доғарып, орнына өзге бір өзектісін енгізе алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу