Қаңтар оқиғасы: Рақымшылыққа іліккендер тағдыры не болмақ?

1967

Қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Рақымшылық жасау туралы" Заңға қол қойған болатын. 

Қаңтар оқиғасы: Рақымшылыққа іліккендер тағдыры не болмақ? Фото: Halyq Uni

Құжатқа сәйкес амнистия террористер, экстремистер, азаптау жасаған, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған адамдарға (мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда), мемлекетке опасыздық жасағандарға, жемқорларға, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жасаған адамдарға (мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам жасаған жағдайды қоспағанда), рецидивистерге қолданылмайды.

Амнистияға ілінгендердің күнделікті өмірінде қандай шектеулер болуы мүмкін? Рақымшылық дегеніміз "ақтау" ма? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында inbusiness.kz тілшісі "Аманат" қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспанмен сұхбаттасқан болатын. 

⁃       Рақымшылық жасау дегеніміз ақтау дегенді білдіре ме?

Жоқ. Мына рақымшылық туралы заңға сәйкес бір реттік кешірім беру дегенді білдіреді. Жалпы рақымшылық адам өмірінде бір-ақ рет қолданылады. Кейін тағы бір рет қайталап қылмыс жасағандай жағдай болатын болса, рақымшылық қолданылмайды. Бұл – мемлекеттің кешірімі. Іс екі жағдайда қысқартылады: біріншісі – ақталатын негізбен, екіншісі – ақталмайтын негізбен, бұл сотқа дейінгі тергеуде қолданылады. Рақымшылық сол ақталмайтын негізде қысқартуға жатады. 

⁃       Амнистия процедурасы қалай өтеді?

Ол тергеуде және сотта басқаша өтеді. Тергеу кезінде тергеуші амнистия қолдану туралы шешім қабылдайды, прокурор бекітеді. Бірақ ол жерде мына амнистияға іліккен азаматтың келісімі қажет болады. Ол "рақымшылық заңын қолдануды сұраймын" деген өз еркін білдіру керек. Ал, егер ол келісім бермесе, іс сотқа кетеді. Бұл – тергеу сатысындағы істер. 

Егер іс сотқа түссе, мысалы ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстық істер тергеу кезінде қысқартылмайды, рақымшылыққа ілікпейді. Іс сотқа кеткен жағдайда, оның келісімі қажет емес. Аса ауыр санаттағы қылмыстардың жартысы, ауыр қылмыстық істердің төрттен үш бөлігіне амнистия қолданып, алып тастайды. 

Мысал ретінде қарастыратын болсақ, бүгінде Қаңтар оқиғасына байланысты негізгі тағылған айыптың бірі – Қылмыстық Кодекстің 272-бабының 2 бөлімі. "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" деп аталады. Бұл ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатқызылады. Егер судья осы 272-баптың 2 бөлігімен 4 жыл жаза тағайындайтын болса, соның үш жылын амнистияға сәйкес қысқартып, алып тастайды. Яғни іс жүзінде бір жыл жаза тағайындайды. Әуелі 4 жыл жаза кеседі, сосын рақымшылық заңын қолдана отырып, үш жылын алып тастайды.  Бір жыл тағайындайды да, егер ол қаңтар басынан бастап отырған болса, онда отырған бір күні 1,5 күн болып есептеледі. Былай айтқанда, ол сот залынан босап кете береді. Егер де адам келіспейтін болса, онда әрі қарай соттасып, өзінің кінәсіздігін дәлелдей беруге болады. Оған ешқандай кедергі жоқ.

⁃       Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы бойынша мыңнан астам адамға рақымшылық жасалынатыны жөнінде хабарлады. Амнистияға ілінгендердің күнделікті өмірінде қандай да бір шектеулер болуы мүмкін бе? Мысалы, жұмысқа орналасу кезінде, отбасы мүшелеріне әсері және т.б.

Осы тұста мен түзету енгізе кетейін. Қаңтар оқиғасы бойынша тіркелген қылмыстық істердің саны 5300-ден асады. Соның 1600-ден астамы анықталды – азаматтар қамауға алынып, тергеу жүргізілді. Рақымшылық 1,5 мыңнан астам адамға қолданылуы тиіс. Бірақ олардың бәріне амнистия қолданылды дегенді білдірмейді. Негізі менің есебім бойынша амнистия қолданылып, нақты бостандыққа шыққан адамдар саны жүзге жетпейді. Өйткені енді ғана заң қолданылып бастады. Тергеу бітпей жатыр. Сотқа енді түсіп жатыр дегендей. 

"Аманат" қоғамдық комиссиясының төрағасы ретінде біз бұл заңға алғашқылардың бірі болып бастама көтерген болатынбыз. Барлық жұмыс тобында болдық. Сол кезде мына амнистия қолданылған адамдар бұрын қай жерде жұмыс істеді, сол жерге қайтадан жұмысқа орналасу керек, әлеуметтік жағынан да қорғалуы керек деп атап өткен едік. Сол себепті де әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғалуы керек және әлеуметтік мәселелермен жергілікті атқарушы орган айналысу керек деген тікелей норма енгіздік. 

Нақты бір мысал келтірейін. Бізге жақында Алматы облысындағы бір мектепте мұғалім болып істеген азамат хабарласты. Ол Қаңтар оқиғасына дейін дене шынықтыру пәнінен сабақ берген, кейіннен қамауға алынған. Тергеу жүргізіліп, оны жұмыстан шығарып тастаған. Қайтадан барса, жұмысқа алмай жатыр екен. Әзірге біз осы заңның талаптарын түсіндіріп, аудандық білім бөлімінің басшысына бұл азаматты қайтадан жұмысқа алу туралы хат жаздық. "Аманат" комиссиясының атынан жазып отырмыз ғой. Егер қанағаттандырылмайтын болса, онда әрі қарай сотқа беріп, алдыртатын боламыз. Өйткені заңға осы норманың енгізілуіне тікелей атсалысқанбыз. 

Жамбыл қаласында бір университеттің студенттерін оқудан шығарып тастаған екен. Солардың бәрін қайтадан қалпына келтірдік. Осындай деректер бар. 

Түрмеден немесе пробациялық бақылаудан босатылғандардың құжаттарында "амнистияға ілінгені" туралы жазыла ма? Әлде бұл тек құзырлы орган мекемелері базасында сақталатын, яғни құпиялық деңгейіндегі мәлімет бола ма?

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде есепте тұрады. Бірақ та, амнистия қолданылған азаматтарға қатысты оның қандай да бір болмасын құқықтық салдары болмайды. Осы тұста салалық заңдардағы нормалар ескерілетінін айта кету керек.

Толыққанды түсіндіре кетейін. Мысал үшін Ішкі істер органдары туралы заңда бұрын сотты болған адамдардың жұмысқа алынбайтыны көрсетілген. Мемлекеттік қызмет туралы заңда да дәл сондай. Осындай заңдарға сәйкес шектеулер болса, онда әрине жұмысқа кіре алмайды. Басқа жұмыстарға қайта тұра алады, басқа ешқандай салдары болмайды. Кейін бір қылмыс жасап жатқан жағдайда, қайта қылмыс жасалды деп есептелмейді. 

Бейбіт халыққа оқ жаудырған құқық қорғаушылардың да амнистияға ілігіп, өзінің бұрынғы жұмысына оралуы мүмкін бе? Әлде оларға да қандай да бір шектеулер қарастырылған ба?

Біріншіден, ол азаматтар амнистияға ілікпейді. Бұл туралы рақымшылық туралы заңының 2-бабында нақты көрсетілген. Яғни азаптау фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған күштік құрылым қызметкерлері рақымшылыққа ілікпейді. Қайтадан жұмысқа орналасуы да мүмкін емес. 

Еліміздің тарихында осыған дейін де рақымшылық жасалған кезеңдер болды. Рақымшылыққа іліккен адамдарды әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілді ме? Бұл Қаңтар трагедиясынан кейін амнистияға ілінгендерге қолданыла ма?

Бұған дейін шыққан рақымшылық туралы заңдарда қайтадан жұмысқа орналастыру, жергілікті атқару органдарына тапсыру деген норма болған жоқ. Қоғамға бейімдеу деген жалпылама норма болды. Ешбір органды міндеттемейтін нормалар болатын. Ал мына заңда тікелей көрсетіп отырмыз. Мысалы, егер ол (амнистияға іліккен –  авт.) бұрын зауытта жұмысшы болса, оларды қайтадан жұмысқа алуға тиісті немесе жергілікті атқару органдары басқа жұмыспен қайтадан қамтамасыз ету керек. Рақымшылық туралы басқа заңдардың бәрі жоспарлы түрде қабылданатын. Яғни орташа есеппен 4-5 жылда шығып тұратын. Ал бұл нақты оқиғаға байланысты қабылданған алғашқы заң. Тек қана Қаңтар оқиғасына қатысты қабылданған. Бұның ерекшелігі осында.

Амнистия процедурасы ұзақ уақыт ала ма?

Қылмыстың 4 санаты бар: онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр. Онша ауыр еместер, орташа ауырлықтағы қылмыстық істер егер тергеуде болса тергеуде, сотта болса сотта бірден қысқартылады. Ал, ауыр қылмыстық істердің төрттен үш бөлігі, аса ауыр санаттағы болса – тең жартысы қысқартылады. Амнистия мұнда ішінара қолданылады. Аса ауыр және ауыр қылмыстық істерде соттың істі қарап болуына байланысты. Жан жақтан тергеп тексереді, ол жерде жылдам болмайды. 

Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу