Қаңтар оқиғасы сақтандыру нарығына қалай әсер етті

2705

2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша сақтандыру ұйымдары өз клиенттеріне 144,7 млн теңге аударған.

Қаңтар оқиғасы сақтандыру нарығына қалай әсер етті

Қасіретті қаңтарда біршама дүние-мүлік қирады, тоңалды, жарамсыз болып қалды. Өкінішке қарай олардың иелері қыруар шығынға батты. Дүрбелеңнен ұпай жоғалтпай шыққандар да бар. Олар дүние-мүлкін ерікті түрде сақтандырғандар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша сақтандыру ұйымдары өз клиенттеріне жыл басынан бері 144,7 млн теңге аударған. Әлбетте, бұл соманың көп бөлігі қаңтар бүлігінің есебінен қалыптасып отыр.

"Қазақстанда мүлікті ерікті сақтандыру толық бағаланбаған. Қаңтардағы оқиғалар террористік актілер жағдайында мүлкі сақтандырылған кәсіпкерлердің сақтандыру төлемін алғанын, тиісінше сақтандыру оларды туындаған тәуекелдерден қорғағанын көрсетті", – дейді агенттіктің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті жалпы сақтандыру жөніндегі компанияларды қадағалау және инспекциялау басқармасының басшысы Марина Матюгина.

Сақтандыру ел азаматтары мен бизнесті күнделікті өмірдегі тәуекелдерден тиімді қорғайтын құралдардың бірі. Соның ішінде мүлікті сақтандырудың маңызы зор. Ол оқыс оқиғалар кезінде сақтанушылардың шығынын мейлінше азайтуға әсер етеді, оларды жоспарда жоқ қаржылық шығындардан қорғайды. Қазіргі уақытта мүлікті сақтандыру жалпы сақтандыру портфелінің 30 пайыздай үлесін иеленіп отыр. Көрсеткіш бір жыл бұрынғымен салыстырғанда өскен. 2021 жылы 28 пайызды құраған еді. Бұл ретте мүлікті зияннан сақтандыру кең таралған. Ол мүлікті сақтандырудың 53 пайызын құрап отыр.

Рас, қазір бәрін сақтандыруға болады. Пәтер, өндірістік цех, автомобиль, тұрмыстық техника, кеңсе жабдығы, қоймадағы немесе сауда орнындағы өнім, жиһаз... Осылай тізбектей беруге болады.

"Сақтандырудың шарттары көп. Клиенттің талап-тілегін ескеріп арнайы сақтандыру өнімін ұсынуға да болады. Бұл ретте клиенттің зияннан сақтандырғысы келетін тәуекелдері неғұрлым көп болса, сақтандыру шартының құны соғұрлым қымбат болатынын ескеру қажет. Сақтандыру шартының құнына сақтандыру объектiсiнiң орналасқан жерi, пайдалану жағдайлары, өрт, техникалық, күзет жүйелерiнiң болуы мен жай-күйi және басқа да факторлар әсер етеді. Бұлардың бәрі сақтандыру шартында көрсетіледі. Мүлікті сақтандыру сақтандырудың ерікті түрі болғандықтан, сақтандыру шарттары, тәртібі және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мерзімдері шартта айқындалады", – дейді Марина Матюгина.

Сақтандыру шарты негізінен бір жылға жасалады. Бірақ ол демалыс немесе іс-сапар уақытында қысқа мерзімді кезеңге де жасалуы мүмкін. Мысалы, жөндеу жұмыстары кезінде көршілердің мүлкі бүлінген жағдайда жөндеу жүргізу кезеңіне сақтандыру шартын жасау кең тараған.

"Сақтандыру жағдайы басталған кезде клиент сақтандыру төлемін алу үшін сақтандырушыға жүгінеді. Мүлікті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемі нақты шығын мөлшерінен аспауға тиіс. Бұдан басқа, сақтандыру төлемінің мөлшеріне сақтандыру шартында көзделген франшиза әсер етуі мүмкін. Бұл – сақтандырушыны белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату. Бұл – сақтандырушы үшін кейіннен сақтанушы сақтандыру шартын жасасып, өз мүлкін абайлап ұстайтынына кепілдік", – дейді агенттік өкілі.

Шартты жасасу кезінде сақтанушы, егер сақтандыру жағдайы ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивті зақымданудың, соғыс қимылдарының, азаматтық соғыстың, әртүрлі түрдегі халық толқуларының, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ереуілдердің әсері салдарынан туындаған болса, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатудың негіздері қамтылғанын ескеруі қажет. Егер тараптардың келісімі бойынша көрсетілген оқиғалар сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылса және бұл шартта тікелей көрсетілсе, сақтанушы төлемді кез келген жағдайда алады.

Сақтандыру шартында нақты тәуекелдер, мерзімдер мен талаптар, оның ішінде болжанбаған оқиғалар мен еңсерілмейтін күш жағдайлары туындаған кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру талаптары туралы ақпарат болуға тиіс.

Халықаралық практикада мүлікті сақтандыру айтарлықтай дамыған. Мысалы, Германияда ұлттық сақтандыру нарығының жартысынан көбін мүліктік сақтандыру құрайды, ал АҚШ-та тұрғын үйді сақтандыру жиналатын сақтандыру сыйлықақысының көлемі бойынша алдыңғы позициялардың бірінде тұр. Дания, Голландия, Франция, Бельгия, Швейцария, Норвегия және Испания секілді Еуропаның кейбір елдерінде жылжымайтын мүлікті сақтандыру міндетті болып саналады.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу