Қаңтар сабағы: Назарбаевтың тағы бір мұрасынан бас тартылады

1995

Өйткені ол полиция басшысын тікелей ІІМ-нің тағайындауында проблема тудырып, құқық қорғау органдарындағы дара басшылық қағидатының тоқырауына соқтырған. Оның соңы "қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде бүлікті шұғыл тыюға кедергі келтіріпті.

Қаңтар сабағы: Назарбаевтың тағы бір мұрасынан бас тартылады

2015 жылы сол кездегі билік құқық қорғау органдарында түбегейлі реформаларға кірісті. Онда Жаңаөзен оқиғасының сабақтары ескерілгені айтылды. Нәтижесінде, 2016 қаңтарда Қазақстанның барлық өңірінде бұрын-соңды болмаған құрылым – жаңа Жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ, орысша нұсқасы МПС) құрылды. Ашығын айтқанда, бұл реформаға құқық қорғау органдарының ардагерлері де, сарапшылар да қарсы шықты. Ұсынылып отырған жаңа қызметті "әкімнің күзетшісі" деп атады. Себебі Жергілікті полиция қызметі Ішкі істер министрлігіне бағынбайды, тек жергілікті әкімге қарайды, соған есеп береді.

"Жергілікті полиция қызметі жергілікті қоғамдық тәртіпті күзету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, тұрмыстық қылмыстармен күресу міндеттерін жүзеге асырады. Оның құрылымына жол-патруль қызметі, полицияның учаскелік инспекторлары мен көмекшілері, жасөспірімдердің ювеналды полициясы, мектеп инспекторлары, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері, табиғат қорғау полициясы, сондай-ақ ІІМ-нің әкімшілік қамалғандарға арналған арнайы қабылдағыштары, тұрақты мекен-жайы, құжаттары жоқ адамдарға арналған қабылдау-бөлу орындары кіреді", – деп түсіндірді ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің сол кездегі төрағасы Игорь Лепёха.

Реформаның тағы бір жаңалығына сәйкес, Жергілікті полиция қызметінің басшыларын, яғни бастығы мен орынбасарларын тағайындау құзыры ІІМ-нен тартып алынып, облыс әкіміне берілді.

Жергілікті полиция қызметінің құқықтық негіздерін қалаған құжат – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы 2015 жылғы 2 қарашада қабылданды. Ал желтоқсанда Ақмола облысында пилоттық режимде іске қосылды. Келесі жылы барлық өңір жедел түрде жаңа жүйеге көшірілді.

Сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаны сынады, ол жергілікті полиция басшыларын тағайындау жүйесінің ашықтығына күмән келтірді. Бірақ реформаны Назарбаев өзі ілгерілетіп отырғандықтан, Парламент үнсіз келісті. Жергілікті полиция қызметін құру "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының міндеті болатын.

Оның үстіне реформаны әзірлеушілердің байлам, дәйектері сенімді көрінді. Олардың түсіндіруінше, ЖПҚ жергілікті жерлерде полицияны халыққа мейлінше жақын етеді. Соның арқасында полицияға деген қоғамдық сенім артады. Полицейлер ІІМ-ге жағыну үшін емес, жергілікті тұрғындардың көңілінен шығу үшін жұмыс істейтін болады.

Алайда сарапшылар полицияны халықпен етене жақын ету үшін оның басшысын халық сайлауы қажет дегенді айтты. Дамыған елдерде мысалы, төмен деңгейлердегі полиция бастықтарын жергілікті тұрғындар сайлайды. Ал бізде жергілікті полиция қызметі басшыларының жылына ең кемі 2 рет жергілікті тұрғындар алдында емес, мәслихат алдында есеп беруі ғана енгізілді.

Салдарынан, ЖПҚ-лардың басшылары біраз жерде өзін сайлайтын жергілікті биліктің қолшоқпарына айналып шыға келді.

Мысалы, 2019 жылы, бұрынғы билік тұсында құрметтелген 6 шілдеде көзбояу емес, нағыз билік транзитін өткізуді қалаған, әрі Астананың атын өзгертуге қарсы адамдар Қазақстанның бірнеше қаласында санкцияланбаған митингтерге шықты. Құқық қорғау органдары оған қатысушыларды жаппай ұстап, қолын қайырып, әкетіп жатты. Зардап шеккендер арасында ақпарат құралдарының өкілдері де болды. Бетперде таққан әлдебір еркектер олардың жұмыс істеуіне кедергі жасап баққан. Алайда оқиға орнында болған ЖПҚ бастықтары куә болған нәрсені көрмедім деп өтірік айтып, басы дауға қалды.

Ақыр соңында, 2022 жылғы қаңтарда бас сауғалап қашып, тығылып қалған әкімдерден нұсқау ала алмай дағдарған Жергілікті полиция қызметтерінің әрқайсысы өз бетінше шешім қабылдап, бірқатары әрекетсіз қалып, бейбіт шерулердің тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласуына жол ашты.

Мұны ІІМ қазір ашық ескертіп отыр.

"Өңірлердегі Полиция департаменттерінің бастығын жедел тағайындау мүмкіндігінің жоқтығы проблемаға айналды. Біріншіден, бұл әсіресе қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді оқшаулауға, локализациялауға кедергі болды. Екіншіден, "Құқық қорғау қызметі туралы" заңының 31-бабына сәйкес, полиция департаменттерінің бастықтары 5 жыл сайын ротацияланып тұруы қажет. Бұл ретте басшы кандидатурасын облыс әкімімен келісу рәсімі бұр процесті созбалаңға салады, ал кейбір жағдайларда заң талаптарын сақтауға мүлдем мүмкіндік бермейді. Үшіншіден, жауапты лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде облыс әкімдері көбінесе кандидаттың кәсіби қасиеттерін басшылыққа алмайды. Оның орнына аталған өңірдің өзі жақси танитын және жергілікті қоғамдастық алдында беделге ие тұрғындары арасынан таңдайды. Бірақ мұндай критерийлер көбінесе осы деңгейдегі басшылардың біліктілігі мен кәсіби қасиеттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келмейді", – деді түсініктеме жазбасында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Яғни ЖПҚ басқасы сыртында жершілдік-трайбализмнің одан әрі тамыр жаюына құнар болған көрінеді.

Осыған байланысты, министр бұрын қолданылып келген рәсімге қайта оралуды ұсынды. Яғни енді облыстардың және үш мегаполистің әкімдерінің пікірін мүлдем есепке алмастан, Президент Әкімшілігінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі комиссиямен келісе отырып, Ішкі істер министрі полиция департаменттерінің бастықтарын өзі тағайындайтын болады. Өйткені құқық қорғау арнайы және күштік құрылымдарға жататын облыстық прокурорларды, судьяларды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Антикор департаменттерінің бастықтарын тағайындағанда, ол мекемелер облыс не қала басшысымен ақылдаспайды.

Министрлік бұл бастама Президент Әкімшілігінің басшысымен келісілгенін қоса хабарлады. Яғни енді осы түбегейлі өзгеріс те ел басшылығының қолдауымен жүзеге асырылатын сыңайлы.

Осы орайда "Мемлекеттiк билiк органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбiр мәселелерi туралы" ҚР Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы №828 жарлығына өзгеріс енгізу туралы" ел Президенті жарлығының жобасы әзірленіп отыр.

Бастаманың бастапқы іргетасы да дайын. Биылғы 11 шілдеде өте ұзын аты бар, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын заң өмірге жолдама алды.

Бұл құжат қолданыстағы "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ішкі істер органдары туралы" заңдарына түзетулер енгізді. Ол заңнамалық өзгерістер әкімдіктерді Полиция департаменттері басшыларының лауазымдарына кандидаттарға келісім беру құзыретінен айырады.

Осылайша, салада полицияны жергілікті және ұлттық деңгейлерге ажыратып, тоз-тоз еткен дәуір аяқталуға таяу.

Қынжылтатыны сол, Үкімет немесе министр ауысса, бұрынғы басшы мен оның командасының қызметіне, мұрасына баға берілмейді, жетістіктері мен кемшіліктері салмақталмайды. Бар іс олар жүзеге асырған бағдарлама-бастамаларды доғарумен бітеді.

Мысалы, жеті жыл жүрген ЖПҚ экспериментінің қорытындысы шығарылмады, оның барлық олқылықтары ашылмады. Уәделердің, дәйектемелердің көлгір сөз болғаны мойындалмады. Мысалы, ЖПҚ полицияны неге халыққа жақындата алмады? Жүйені осылай деңгейлерге бөлу "билік монополиясына жол бермеудің күшті кепілі" болатыны алға тартылған, енді ескі жүйе қайтарылса, билік монополиясы орала ма? ЖПҚ құру бюрократиялық аппаратты қысқартады, бюджет қаржысын үнемдейді, шешім қабылдауды жылдамдатады деген дәлелдер келтірілген. Нәтиже қайда? Ол да беймәлім қалды.

Ахметжанов командасы бұрынғы министрлерден қалған былықты тазартуға, жүйені қайта құруға, сөйтіп, оны халық сұранысы мен сеніміне жақындатуға күш салуда. Біраз жыл өткен соң оның да қорытындысы шығарылмай қалуы мүмкін. Өткеннен сабақ алмаған өткеннің қателігін тоқтаусыз қайталауға мәжбүр.

Жанат Ардақ   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу