"Қаптаған АО, ТОО-дан пайда бар ма?"

2427

Депутат Берік Дүйсенбинов квазимемлекеттік компаниялардың жабықтығын сынады. 

"Қаптаған АО, ТОО-дан пайда бар ма?"

Оның айтуынша, квазимемлекеттік сектор ел экономикасының 60 пайызын құрайды. Онда 6,5 мың заңды тұлға бар. Демек экономиканың жартысынан астамының табысын "көріп, біле алмай отырмыз".

"Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда олардың жұмсалуы, яғни офистер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустар қалай бөлінеді – барлығы қоғамға да, парламентке де жұмбақ. Олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. Дәл осы жерде жүйелі бұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда және мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. Шығынға белшесінен батып жатса да, менеджерлер өздеріне миллиондаған сыайқы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастыруда. Сондықтан квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам мен парламенттің қадағалауына қайтару – өте маңызды шара", – дейді депутат.

Ол әңгіме елдің аузындағы "Самұрық-Қазынада" ғана емес дегенді айтады. 

"Жұт – жеті ағайынды" демекші, бұлар – Бәйтерек қоры және министрліктер мен әкімшіліктердің маңайына үймелеген "СК-Фармация" қоры, "Парасат" холдингі, СПК сияқты қаптаған РГП, АО және ТОО-дан  аяқ алып жүру мүмкін емес. Негізінде, СПК дегеніміз – аймақтар деңгейінде құрылған  сол "Самұрық-Қазына". Олар шағын орта бизнесті қолдау үшін, әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін құрылған болатын және оларға бизнес пен мемлекет қанша қаржы шығындады. Бірақ бұл құрылымнан пайда бар ма, осыны сараптайтын кез келген сияқты. Олардың бюджеттері, шығыстары мен кірістері толығымен ашық болып, республикалық және жергілікті бюджеттерге кіргізіп, ал олардың басшылығы шығыстар мен жеткен жетістіктері туралы қоғам алдында есеп беруі тиіс", – деп есептейді депутат.

Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардан түскен барлық таза пайда бюджетке түсуі тиіс. Қаржы қажеттілігі туындаған жағдайда мекеме басшылары Парламентке келіп, шығындардың әрбір теңгесінің шығынын дәлелдеуі керек.

"Егер құрылғанына 5-10 жыл болған мемлекеттік компания мемлекеттен әлі де қаржы сұрайтын болса, онда ол мемлекетке емес, өз қалтасына жұмыс істегені. Мұндай компанияларды жою қажет, олардың орнына өз қаражаты есебінен жұмыс істейтін және бюджетке салық төлейтін жеке кәсіпкерлікке жол беру керек", – дейді Дүйсенбинов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу