Қаптаған үйсіздерді баспанамен қамтудың жаңа тәсілін Үкімет қолдамады

2901

Қазақтың байырғы баспанасын қазіргі Үкімет адам тұруға жарамсыз деп таныған ба?

Қаптаған үйсіздерді баспанамен қамтудың жаңа тәсілін Үкімет қолдамады Фото: zakon.kz

Ресейден қашқандардың қаптаған легі Қазақстанда баспанасыздық проблемасын ушықтырып жіберді. Еліміздің көптеген қалаларында пәтерді жалға алу құны күрт қымбаттап кетті. Бірқатар арендатор "босқындарға" екі-үш есе қымбатқа тапсыру үшін пәтерлері мен жатақханаларынан жергілікті төлем қабілеттілігі төмен тұғындарды қуып шыққан. Олар далада түнеуге мәжбүр болыпты. Арасында көпбалалы отбасылар мен студенттер көп. Бала-шағасымен көшеге тентіреп кеткендердің видеосы әлеуметтік желіні кернеп тұр. Барлығының басындағы жағдай бір – пәтер иелері жалдау құнын аспандатып жіберген.

"500 мың теңге төлемесеңдер пәтерді босатыңдар деді. Содан міне, мына арықтың жағасына жайғасып, түнедік. Не істейміз енді?! Көнеміз", – деді журналистерге далада қалған тұрғынның бірі.

Сонымен бірге жыл басынан бері Қазақстанға ауған 1 млн 722 мың ресейліктің көбі кедей екені, тіпті қонақүй жалдауға қаражаты жетіспейтіні белгілі болуда. Оралда CinemaPark кинотеатрының директоры баспанасыз қаңғыған ресейліктерді кинотеатрдың жұмсақ креслоларында түнеуге шақырды.

"Ресейліктердің қаптап келуі салдарынан Оралда тұрғын үй жалдау құны шарықтап кетті. Түнейтін жер таппай, қала көшелерінде сандалып жүрген ресейліктер көп ұшырасады. Мен қаланы аралап, өзім куә болдым. Далада қарасуық, ал олар балаларымен қаңғырып жүр. Оларға таяп келіп, көмек керек пе деп сұрастырдым, бірақ олар алаяқ екен деп күмәнданып, бас тартты. Түнгі 22:30-да шешім қабылдап, сауда орталығы басшылығының келісімін алып, көше кезген РФ азаматтарын кіргізе бастадым. Кейбірі тіпті сәбилерімен келді. Абдырағаны, үрейленгендері жүздерінен көрініп тұр", – деген кинотеатр басшысы Дилара Мұхамбетованың сөзін жергілікті "Мой ГОРОД" порталы келтірді.

Бұл гуманитарлық шара бірнеше күнге ғана созылуы мүмкін. Кинотеатр басшылығы босқындар жалдайтын үй тапқан соң кетеді деген сенімде. Волонтерлар оларға ыстық тамақ, шай әкеліпті.

Ресейден мобилизациядан қашқандарды Моңғолия да қабылдауда. Оларға киіз үйлер бөлінген.

Кремль соғысының ұзауы Қазақстанда миграциялық дағдарыс туғызуы, баспанасыздық проблемасын өршітуі ғажап емес. Қазіргі кезде республикада 614,7 мың қазақстандық үй кезегінде тұр. Жетімбұрыш жағалап жүргенімен, ешбір санатқа жатпағандықтан, ол кезекке тұра алмағандары қанша екені белгісіз, олардың статистикасы жүргізілмейді.

Сондықтан біраз бизнесмен тұрғын үй мәселесін шешудің стандартты емес жолын ұсынуда. Ол – киіз үйлер қалашығын жылдам салу.

Кәсіпкер Руслан Ғабитұлы қазіргі заманғы киіз үйлер бұрынғыдан өзгерек екенін айтады.

"Қазақтың байырғы баспанасының артықшылықтары көп: ол мобильді, қалаған жеріңізге жылдам көшіруге болады. Тез құрылады. Жер сілікінісінен оған еш қауіп келмейді, қабырғалары кез келген зілзалаға шыдайды. Дөңгелек пішіні арқасында кез келген желге төтеп береді. Керегелер секцияларын қосу немесе алып тастау арқылы бөлмелер санын оңай көбейтуге немесе азайтуға мүмкіндік бар. Клиент қаласа, тіпті екі қабатты киіз үй салуға да болады", – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі киіз үйлерде жыл он екі ай тұруға болады. Оларды біріншіден, іргетастың үстіне орнатуға, еденіне ламинат төсеуге болады. Екіншіден, оның ішіне пеш-буржуйка, немесе өзге де жылытқыш құрылғыларды, мысалы, шаңырақ жанына бекітілетін инфрақызыл жылытқыштарды орнатуға болады. Мұндай үй ауылдағы кірпіш пен саманнан жасалған үйлерден жылы. Киіз сыртқа жылу шығармайтындықтан, лезде іші қыз-қыз қайнап шыға келеді, тиісінше онда кез келген үскірік аяз бен ақырған боранда жайлы өмір сүруге болады.

Ал киіз үйдің сыртынан арнайы су өткізбейтін қосарлама жабынғы жабылады, демек, кез келген нөсер жауын қорқынышты болмайды. 

Жалпы алғанда, заманауи киіз үй қабырғасы үш қабаттан тұрады: ішкі қабаты, жылу изоляциясы, жаңбырдан қорғаушы жабынғысы. Кейбір өндірушілер жылу сақтау үшін киізбен шектелмей, целлюлоза, шынывата, торсылдақ пленка, пенополистирол сияқты материалдарды да қолданады.

Маманның мәліметінше, егер дұрыс эксплуатацияласа, күтіп ұстаса, киіз үй ондаған жылдар бойы қызмет етеді.

Бағасы да қымбат емес. Шамамен 1 миллион теңгеден басталады екен.

Бірақ Қазақстанда бұл индустрия дамымады.

"Мен "Yurtalux" компаниясымен бірлесіп, елде осы өндірісті жолға қоймақ болдым. Кәсіпорнымда столярлық, тігін станоктары, қажетті құралдар бар. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз, өркен жаю қиын. Банктер бұл іске тек аса жоғары ставкамен несие береді. Бизнесмендерге "Даму" қорынан көмек шамалы. Декоративті емес, адамдар тұрақты тұратын киіз үйлер өндірісін дамыту үшін ағаш шеберлерінен, құрылысшылардан, тігіншілерден, көркемдеуші, дизайнерлерден құралған үлкен ұжымды ұстап тұру керек. Бүгінде дәстүрлі киіздер жарамайды, 100% табиғи, бірақ күлімсі иісі, басқа қоспалары жоқ, тазартылған, ГОСТ16221-79-ға сәйкес келетін киіз керек. Оны елде табу қиын. Дегенмен, ең үлкен проблема әкімдіктерден киіз үйлер қалашығын тұрғызу үшін жер алу болып тұр. Әкімдіктер мұндай үйлерді уақытша баспана санап, оған қолдау көрсеткісі келмейді", – деді Р.Ғабитұлы.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл бизнес дамуы мүмкін. Кілең киіз үйлерден тұратын қалашықтар әр өңірде жыл он екі ай бойы туристер үшін тартылыс ошақтарына айналуы ықтимал. Мысалы, Батыс елдерінің саяхатшылары өздерін номад сезіну үшін Моңғолиядағы киіз үйлерде тұруға аттанады. Ресейлік Алтай да заманауи киіз үйлер өндірісін мықты жолға қойған.

Кәсіпкер Нұркен Губашев қазақтың дәстүрлі баспанасын жеке тұрғын үйге теңестіруді сұрап, Үкіметке жүгінген екен.

Оған жауабында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин бұл сала 1994 жылы қабылданған "Жеке тұрғын үй құрылысы туралы" заңымен реттелетінін жеткізді.

Бірақ ол заңда жеке тұрғын үйге – "қоныс учаскесiне орналасқан және шаруашылық пен басқа құрылыстармен, жасыл желектi екпелерiмен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке, не отбасымен тұруға арналған үй" деген анықтама берілген. Яғни киіз үйге қарсы ештеңе айтылмаған. Қазақстанда тіпті адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін саман үйлер мен ағаш үйлерге рұқсат етілген.

Онда неге Үкімет киіз үйді жеке тұрғын үйлер санатына қосудан бас тартып отыр?

"Баршаға белгілі, киіз үй дегеніміз – түркі және моңғол көшпенділері қолданған, киізбен жабылған ағаш каркасты, тасымалды баспана ғана. Сәйкесінше, киіз үй жеке тұрғын үйге тән нышандарға ие емес. Сондықтан жеке тұрғын үй құрылысына жатпайды", – деп шорт кесті Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Т.Қарағойшин.

Айтпақшы, аталған заңда "Жеке тұрғын үй құрылысы – белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген жер учаскелерiнде азаматтардың өз күшiмен, мердiгерлiк немесе заңдарда тыйым салынбаған басқа да әдiспен жеке тұрғын үйлердiң салынуы" деп айқындалған.

Ендеше Үкіметке киіз үйді тек "түркі мен моңғолдың баспанасы" деген қасаң стереотиптермен шектемейтін, жасампаз ойлайтын тұлғалар келсе ғана, жағдай өзгеруі мүмкін. Оған дейін адамдар өміріне қауіпті апатты үйлерде тұра береді, ал баспанасыздар далаға түнеуге мәжбүр болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу