Қар барысының терісі академиктің кабинетінде қайдан жүр?

3534

Боксшы Жанқош Тұраров Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың қабылдауында болғанын айтып, бірге түскен суретін әлеуметтік желіге жариялаған еді. 

Қар барысының терісі академиктің кабинетінде қайдан жүр?

Сол-ақ екен, академиктің кабинетіндегі қаптаған аң-құстың терісі мен тұлыбы бірден жұртшылықтың сынына ілікті. 

Кабинетте түскен суретке зер салсақ, академиктің атпаған аңы қалмағандай әсер қалдырады. Онда ненің терісі жоқ дейсіз? Ішінде қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан түз тағылары да жүр. Арыстан, сілеусін, қасқыр, қар барысы, ілбіс...Тіпті атылған аққудың да терісін көрдік. Мұның өзін көп деп тұрсақ, Қайрат Қайруллаұлы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында өзі атып алған аңдардың мумиясы сақталған тағы екі музейі барын айтыпты.

Әлеуметтік желіде шу болып, тіпті Экология министрлігіне дейін жеткен мәселені Қайрат Закирьяновтың өзі былай түсіндірген: бұған дейін ол әлемнің 100-ден астам елінде болыпты. Сапары барысында үнемі аңға шығатын әдеті бар екен. Кабинеттегі аң терісі мен тұлыбының бәрі сол аңшылықтан түскен олжа көрінеді. Академик атып алған трофейін қатырып мумияға айналдырады да, кабинеті мен музейіне экспонат етіп қояды.

"Аңға шығуды алғаш рет 1991 жылы Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы университетінің ректоры болып жүргенде бастадым. "Сайга" мылтығын сатып алып, содан бастап аю, қасқыр, елік сынды аңдарды аттық. Аңшылыққа рұқсатым бар. Аң-құсты көзсіз ата бермеймін, браконьер емеспін. Аңшылықты шетелге барғанда да жалғастырдым.  Бұл – менің хоббиім, атып алған аң-құсты академияның спорт базасына қойғызамын", - деді профессор Қайрат Закирьянов сұхбатында.

Ол Оңтүстік Африканың арыстанын үш жыл бұрын атып алыпты. 7 жасар арыстанды екі оқпен құлатқан.

"Аңшылыққа академияның ақшасымен бардым, бұл аңдар менің меншігім емес. Осы оқу орнының мүлкі. Мына арыстанды атып әкелуге отыз мың доллардай кетті, негізі 70-80 мың доллар тұрады, өзара қарым-қатынасқа байлансты құнын арзандатты. Атуға, әкелуге қанша ақша кеткені туралы құжаттардың бәрі бухгалтерияда бар", - дейді аңшы академик.

Жыл сайын шекара асып кететін Закирьянов былтыр Канадаға барып, теңізден морж ұстауды жоспарлаған екен. Алайда карантинге байланысты бұл ойы жүзеге аспаған. Есесіне Алтай тауларына барып, сондағы аңдарды ермек қылыпты. Ал кабинетіндегі сілеусін, қасқыр мен аққудың мумиясын достары 50 жылдық мерейтойында сыйлаған. Жұрттың ашуын тудырған қар барысының терісін де танысы 20 жыл бұрын сыйға берген екен. Алайда, ол шынайы емес, қолдан жасалған жасанды тері дейді профессор.

Бұл фотосуретке байланысты Экология министрлігі ресми мәлімдеме де жасап үлгерді. Баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның айтуынша, министрліктің Алматы облысы бойынша инспекциясы Полиция департаментіне хат жолдап, істі тексеруді сұраған.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу