Қарағандыдағы сауықтыру лагерінен шу шықты

2455

"Солнечный" балаларды сауықтыру лагеріне барған қарағандылық қоғам белсендісі Нияз Сүндеталиев  мұнда балалар үшін ешқандай жағдай жасалмаған деп сынады.  

Қарағандыдағы сауықтыру лагерінен шу шықты

Қоғам белсендісі Нияз Сүндеталиев еріктілермен бірге Бұқар жырау ауданындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің сауықтыру лагеріне барған. Лагерьдегі жағдайды көзімен көрген Нияз Сүндеталиев "бұл сауықтыру лагері емес, концлагерьге ұқсайды" деген пікірін білдіріп, фотосуреттерін әлеуметтік желіге салып жіберген. Ол  жазғы сауықтыру лагеріндегі балғындарға сырқаттың айтарлықтай кедергі емес, кез келген жағдайда дамып жетілуге болатын мүмкіндіктің бар екендігін айтып жеткізбек болған.

Айта кету керек, 30 жастағы Нияз Сундеталиев 2012 жылы төртінші қабаттағы терезені жабуға әрекет етпек болғанда, құлап кетіп, мертіккен. Содан бері Нияз мүгедек арбасына таңылса да мойымай, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласып келеді.

Нияздың пайымдауынша, лагерь аймағындағы алаңда жарықтың жоқтығы, спорттық алаңқайға тас жол төселгенімен, ғимарат ішіндегі сантехникалық құралдардың тозығы жеткендігі көзге ұрып тұр.

"Балалар алаңы, спорттық корттар жоқ, ғимараттың ішкі жағындағы қабырғалары қақырап, ұсқынсыз күйде тұр. Кір терезе, асханада жүрген шыбындар, тіпті су ағып жатқан сантехникалық құралдар көп. Қирап жатқан актзалын көрдім. Мұны көрген соң үйге келіп, ұйықтай алмадым",- дейді Нияз Сүндеталиев.

Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лагерьге 8 жыл бұрын 80 млн теңгеге күрделі жөндеу жасалыпты. Одан кейін 2017 жылы 15 млн теңгеге жөндеуден өткен. Балалар үйі директорының айтуынша, лагерьді жыл сайын көктемде су басып кетеді. Биылғы жылы көктемгі қар суынан кейінгі жөндеу жұмыстарын демеушілердің көмегімен жасапты.

"Біз бұл жерде жазда тек екі ай ғана боламыз, қыста лагерь болмайды. Шама келгенше балаларға жағдай жасадық, кейбір корпустарда дәретхана, су жылытқыш бар. Жазда жыл сайын балаларымыз жақсы демалып, бір серпіліп қалады. Балалардан аянып жатқан жоқпыз. Жиһазды барлығын санэпидемстанция тексереді,егер бізде жағдай мұншалықты нашар болса, қоғам өкілдерін мұнда жібермес едік", – деп мәлімдеді даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің директоры Жанар Сыздықова.

Биылғы жылы жазда мұндағы балғындарды басқа лагерьге жібермек болған, алайда қызмет ұсынушылардың ешқайсысы бұл тендерді алуға ықылас білдірмепті. Сондықтан балалар осы лагерьде қалған. Жақында осы жерге 65 ерікті келіпті. Басшылық оларды жұмыс істемейтін жабық корпусқа түстену үшін кіргізіпті. Лагерь директоры қоғам белсенділері сұрықсыз суретті сол жерде түсірген болу керек деп есептейді. Дегенмен бүгінде облыстық білім басқармасының мәліметінше, балалар үйінің директорын жұмыстан шығарып жіберіпті.

"Бұл лагерьді дайындағанда біз балалардың мұнда екі ай ғана болатынын білеміз. Сауықтыру лагері үшін тиісті орындардан арнайы рұқсатын аламыз. Енді бұл үлкен қаражатты кетіретіндей жеке бір мекеме емес қой", – деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының бастығы Есенғазы Иманғалиев.

Айта кету керек, дау туғызған лагерьге тексеріс жүргізу үшін Білім министрлігінен комиссия барыпты. Алайда комиссия бұл лагерьден айтарлықтай келеңсіздікті аңғармапты.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу