Қарағандының электриктері бір жарым жылдан бері жалақы алмаған

1950

Жұмысшылардың жалақысын Жаңаарқа  ауданы  әкімдігі кәсіпкерлерден ақша жинап қайтаруда.  

Қарағандының электриктері бір жарым жылдан бері жалақы алмаған

Жаңаарқа ауданында электр энергия тасымалдайтын "Сакен и К" компаниясы 20 ай бойы жұмысшыларына жалақы төлемеген.  Компаниядағы  көптеген мамандар жұмыстан кеткен. Ал ауылда басқа жұмыс таппай қалған мамандар екі жылға жуық ақша алмасада күнде жұмысқа барып жүреді. "Сакен и К" компаниясының 34 жұмыскері  алдындағы қарызы 40 млн теңгеден асып кеткен. Компания басшылығы электр энергиямен қамтамсыз ететін "Казэнерго орталық" ЖШС мен арада болып жатқан сот талқылауларының жағдайды ушықтырып тұрғанын мәлімдейді. Екі жылға жуық жалақы алмаған жұмыскерлер шілде айында президентке хат жазып, көмек сұраған болатын. Жақында Жаңаарқа ауданы әкімшілігі жұмыскерлердің алғашқы легіне ақша төлепті.

"Маған компания 700 мың теңге берешек,  дегенмен әкімшілік бес жүз мың теңге берді. Әкімшіліктегілер қағазға қол қойғызды, сосын "Нұр Отан" кеңсесіне апарып дәлел болсын деп фотаға түсірді. Ақшамызға әзер жетсекте қуанып қалдық, ең құрыса қарыздарымызды өтейміз", – дейді компания жұмыскері Оразғали Сакенов.

Жаңаарқа ауданының әкімі екі жылдан бері "бас ауруына" айналған электр энергиясын тасымалдаушы компания жұмыскерлерінің жалақысын шешуде демеушілердің көмегіне жүгінген. Шенеуніктердің ақпарынша, бүгінде 8 млн теңге көлеміндегі қаражатты жұмыскерлерге жалақы ретінде төлеген.

"Ұзақ уақыт бойы жалақы алмаған азаматтардың бүгінгі жағдайына бейжай қарамаған аудан әкімдігі демеушілерді тарту арқылы мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Осыған дейін "Сакен и К" мекемесінің бірқатар жұмыскерлері көмек алудан бас тартқан болатын. Бүгінде олар ұсынылған көмекті алуға ниет білдіріп отыр. Енді осы бағыттағы игі істер жалғасын табады", – деп хабарлады Жаңаарқа ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, екі жылға жуық жалақы алмаған жұмыскерлер заңды білмегендіктен,  еңбек инспекциясына хабарласып өз құқықтарын қорғай алмаған.

"Бізге еңбек инспекциясына барып керек жоқ, олар керісінше өзімізге айыппұл салады деді, сосын біз оған бармадық. Компанияның бұрынғы  бастығы еңбек инспекциясы келіп, айыппұл салып өзіміздің ақшамызды алып кетті деген соң, біз баруға қорқақтадық", – дейді  компания жұмыскері.

Жаңаарқа ауданындағы ауылдардың тоғын жөндеп, қарап жүретін электрик мамандар көп. Бүгінде осы шалғай ауылда жүрген мамандар көмек сұрауда. Айтуларынша, оларға "жалақы береді" деген әңгіменің шеті де шықпапты. Ауылда 20 ай бойы жалақысыз жүрген жұмысшылар карантин кезінде 42500 теңгені де алмаған. Бірнеше рет өтініш тастаған мамандарға бұл қаражат түспепті. Жұмыскерлер "карантин кезінде нақты көмекке зәру адамға көмек көрсете алмаған бұл үкіметтен не қайыр" деп налиды.

"20 ай болды жалақы жоқ, ал жұмысымызды орындап жүрміз. Тоқ сөнсе болды кез келген жерге барамыз.Тіпті басқа құралдарды айтпаған күннің өзінде үзілгенде жалғайтын сымда жоқ. Кеше ауылда тоқ сөніп қалып, сымды әркімнен бір сұрап жүріп әзер жөндедім. Сонда енді біздің еңбегіміздің өтеуі болу керек қой, қарызға белшесінен баттық, ең құрығанда жалақы аласыңдар деп айтпайтын болды ғой", – деп пікірін білдірді Ақтайлақ ауылының электрик маманы Аманғали Қызылбаев.

Билік ауылдағы жұмыскерлерді назардан тыс қалдырмас деген үміт бар. Ал "Сакен и К" мекемесіне ҚР қылмыстық кодексінің 152 бабы 1-ші бөлімі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қаражат алған мамандар компаниядан жалақыларын өндіріп алған жағдайда, әкімшілік төлеген қаражатты пайызсыз қайтарады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу