banner

Карантин электронды сауданы еселей алды ма?

3399

Онлайн тапсырыстан базар жағалауды оңтайлы көреміз. 

Карантин электронды сауданы еселей алды ма?

Коронавирустің алғашқы деректері бұрқ етіп, елде төтенше жағдай режимі жарияланған тұста халықтың дүкендерді жылан жалағандай етіп босатқаны есімізде. Бірі бұл құбылысқа мәдениетсіздік деп біржақты қараса, бірі жиырмасыншы ғасырдың басындағы қос бірдей ашаршылықтың қанда қалған сарқыншағы ретінде бағалап жатты. Ал шындығын айтсақ, бұл бізде электронды сауданың етек жайып кетпегенін көрсетіп берді. Халқының басым бөлігін жастар құрайтын Орта Азияның мемлекеті болсақ та, онлайн-саудаға келгенде "кәрі құрлықша" ойлайтынымыз көрініп қалды. Әрине, инфрақұрылым тұрғысынан сол Еуропаға жету біз үшін арман екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне 18 млн халықпен ұланғайыр аумақты электронды сауданың ұшпағына айналдыру оңай-оспақ шаруа болмаса керек. 

Даяшылар курьерге айналды

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ақпан айындағы Үкімет отырысында электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесі 3,7 пайыз ғана екенін айтқан болатын. Ал QazTrade сыртқы сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров карантин кезеңінде электронды  сауданың даму қарқыны 15-20 пайыз ғана жеткенін айтып отыр. 

"Жалпы алғанда электронды сауда нарығы карантин кезеңіне дайын болған жоқ. Көптеген сарапшылар электронды сауданың күрт өсуі болатынын болжаған еді. Ондай керемет дүмпу болған жоқ. Елімізде электронды сауданың қарқыны 15-20 пайызға өсті", – дейді ол.

Сарапшының ойынша, бұған бірнеше жағдай әсер еткен. 

"Карантиннің бірінші аптасы бейімделу кезеңі болды. Біздегі Chocofood, Яндекс.Еда, Glovo сияқты тапсырыс жеткізумен айналысатын ұйымдардың қызмет құнын сауда ұйымдары қымбатсынады деуге болады. Әр тапсырыстан түсетін ақшаның 25-30 пайызын осы тасымалдаушылар алады. Сондықтан көптеген дәмханалар мен сауда ойын-сауық орталықтары өздерінде жұмыссыз қалған даяшыларды круьер етіп қайта даярлауға көшті. Оның өзі де сауда нысандары үшін әжептәуір шығын болған сыңайлы. Көбінің айтуынша, бір адамды курьер ретінде ұстау үшін бір реттік киім-кешек, маскалар, қолғаптар мен санитайзерлерді қамтитын қорғаныш құралдарымен жабдықтаудың өзіне орта есеппен 2 мың теңгеге дейін шығын кеткен", – дейді Нұрлан Құлбатыров.

Жеткізу сервистері карантин енгізілген қалалар мен өңірлердің бәрінде бірдей дамымаған. "Яндекс.Еда" және Wold тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Glovo – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бар, Chocofood негізінен Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Өскемен қалаларын қамтиды. 

"Қалалардың ішінде көптеген шектеу қойылды. Мысалы, Нұр-Сұлтанда онлайн жеткізумен айналысатын көліктердің қозғалысы қиындап, тапсырыс кешігін жатты. Жаяу жүретін курьерлер ғана кедергісіз қозғалды. Кейбір кәсіпорындар кешкі сағат 18.00-ден кейін тапсырыс қабылдаған жоқ. Өйткені карантин шарты бойынша кешкі сағат 20.00-де жабылуы керек. Осындай ұсақ-түйек болып көрінетін кедергілер сарапшылар күткен дүмпуді болдырмады", – дейді маман.

Өңірлер бұл проблеманы түрлі тәсілмен шешуге тырысып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы көшедегі қозғалысты тақ және жұп күндерге бөліп шектесе, Қарағандыда барлық онлайн қызметтер арнайы сайтқа шоғырландырылды. Ол сайтта тіпті курьер ретінде жұмыс істегіңіз келсе, өтінім қалдыруға болады. Ал Павлодар әкімдігі жаңадан велосипед ойлап таппай-ақ, бұрыннан бар "Onay Bazar" электронды платформасын жергілікті өндірушілер мен тұтынушылардың делдалсыз байланысына пайдаланып отыр.

Дәріханалар дәрмек жеткізуге құлықсыз

Осы кезеңде бұған дейін офлайн жұмысқа басымдық беріп келген компаниялар өз сайттарын онлайн-саудаға бейімдеген. 

"Бұған дейін тамақты сайттан таңдатып, онлайн-төлем қабылдайтын мейрамханалар аз болатын. Қазір солардың қарасы молайды. Сөз басында электронды сауданың даму қарқыны 20 пайыз шамасында дедік қой. Бұл қарқын карантин біткеннен кейін сақталуы керек. Дегенмен, қоғамдық тамақтану объектілерінен тапсырыс жеткізуге сұраныстың өсуі қысқа мерзімді сипатта болатынын ескеру қажет. Мысалы, Қытайда, Италияда солай болды. Бастапқыда індеттің таралуы күрт өсуінен кейін дайын тамақты жеткізуге сұраныс төмендеді. Көптеген тұтынушылар үйде тамақ дайындауды таңдады", – деген сарапшы  карантиннің енгізілуіне байланысты онлайн-сауда антисептикалық және дезинфекциялық препараттарға, медициналық маска мен респираторларға деген сұранысты арттырғанын айтады.  Дей тұрғанмен, интернет-дүкендер платформасы бар дәріханалар әлі де санаулы.

"Алматы, Нұр-Cұлтан және Қарағанды қалалары бойынша интернет-сауда нарығына қатысушылардың негізгі дәріханаларында тегін курьерлік жеткізудің құнын да кез келген адамның қалтасы көтермеуі мүмкін. Biosfera.kz интернет-дәріханасында – 5000 теңге болса, Europharma интернет дәріхансында – 7000  теңге", – дейді Нұрлан Құлбатыров.

Мемлекет ұсынған мүмкіндік

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысқан Президет Қасым-Жомтарт Тоқаев COVID-19 цифрлық инфрақұрылымның сапасын қайта қарау керектігіне көзімізді жеткізді деген пікір айтты. Бұл шаруа шалғай елдімекендерге кең жолақты интернет пен сапалы ұялы байланыс тартумен шектелмесе керек. Сауда және интеграция министрлігі электронды сауданы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған жол картасын іске асырып жатыр. Оның негізгі мақсаты – елдегі электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесін 2025 жылы 3,7 пайыздан 10 пайызға көтеру. 

Министрлік Alibaba халықаралық платформасына "Алтын жеткізуші" ретінде тіркеу үшін 50 компания іріктеп алған екен. Ал Алматыдағы "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің арнайы экономикалық аймағында 14,8 млрд теңгеге логистикалық орталықты салу көзделген. Соның арқасында 2 500 жаңа жұмыс орнын құрып, отандық өндірушілердің тауарларын сақтау және жеткізу шығындарын қысқарту жоспарланған болатын. Әлемді ықпалдастықтан айнытып кеткен коронавирус бұл жоспарларды қанша уақытқа шегергенін уақыт көрсетер. 

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында күн сайын 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдерін өңдейтін 3 фулфилмент-орталық жұмыс істеп тұр. Жалпақ тілмен айтқанда, электронды сауданың дамуына осындай сенімді қоймалардың көп болғаны өте маңызды.

Қазақстан әлемдік  онлайн сауда нарығында да Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізіндей маңызды орынға ие болуды көздейді. Қазірдің өзінде Қытай – Ресей – Еуропалық одақ елдеріне 102 млрд доллардың өнімін жеткізуге мүмкіндік бар. "Қазпошта" базасында 19 өңірдің әрқайсына фулфилмент-орталық салу арқылы осы әлуетті  2025 жылға қарай 280 млрд долларға жеткізуге болады. Бұл пошта жөнелтімдері көлемін 82,8 млн данаға дейін ұлғайтуға және мыңнан астам интернет-дүкендердің  ашылуына мүмкіндік береді. Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін "Agro Labs" платформасы әзірленіп жатыр.
Тауар брендін электронды сауда алаңдарында тіркеуге кеткен шығынның бір бөлігін мемлекет өз есебінен төлемекші. Ірі бизнес өкілдері үшін 40 пайыз, орта бизнес үшін 50 пайыз, шағын бизнес нысандары үшін 60 пайыз өтем қарастырылған. 

"Сауда сақал сипағанша" деген мәтелдің электронды алыс-беріске де қатысы бар. Қоғамдық сауданы электрондық форматқа ауыстыру, азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында министрліктің қолдауымен "BTS Digital" компаниясы "PRICE SCANNER" қосымшасын әзірлеуде. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа Заң жобасы шеңберінде "бір терезе" қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Бұл жүйе тұтынушыға интернет арқылы шағым беруге және өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сенсек, онлайн-саудаға шектеу қойылып жатыр деген шағым көп түскен.

"Кәсіпкерлерден түскен шағымның көбі онлайн саудаға рұқсат беру, сауда орталықтарының онлайн-ритейл саласын дамытпауы, қоймалардың жеткіліксіздігі, қоймалардың жұмысына шектеу қою, қызметтік такси мен курьерлік компаниялардың бірыңғай тізбесі жоқтығы бойынша шағым түсірген", – деп жазады палатаның бапсасөз қызметі.

Есжан Ботақара

Фото: EPA/Vostock-phot

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу