Карантин кезінде автокөлік сатып алудың жолдары

20777

Онлайн тіркелген көлік саны екі есе артқан. 

Карантин кезінде автокөлік сатып алудың жолдары

Карантин кезінде автокөліктерді онлайн тіркеу қызметінің танымалдығы арта түскен. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов төтенше жағдай уақытында көліктерді онлайн тіркеу өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқанын статистикалық мәліметтермен нақтылап көрсетті.

"Биылғы жылы онлайн тіркелген көлік саны 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Төтенше жағдай жарияланған күн, яғни 16 наурыздан 22 сәуірге дейін 4306 көлік онлайн тіркелді. Өткен жылы осы уақыт аралығында 2023 көлік тіркелген еді. Осы ретте айта кететін жайт  төтенше жағдай кезінде электронды үкімет порталында тіркелген көлік саны бұдан да көп болуы мүмкін, себебі карантин кезінде бірнеше жұмыс процесінің тоқтатылуы өз әсерін тигізді", – деді вице-министр. Электрондық үкімет порталында көліктерді онлайн тіркеу қызметі іске қосылған сәттен, яғни 2018 жылдың 17 маусымнан бері жалпы 64271 көлік құралы тіркелген.

Автокөлікті eGov көмегімен бір адамның атынан екіншісіне аудару үшін алдымен "Электрондық үкімет" порталына кіріп, электронды цифрлы қолтаңба арқылы (ЭЦҚ) тіркелу керек. Қолыңызда ЭЦҚ болмаса, осы портал қызметін пайдаланып, оны қашықтан алуға да болады.

Порталға кіргеннен кейін, "көлік және коммуникациялар" бөліміне өтіп, "Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктер мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру" қызметін ашасыз немесе мына сілтеме арқылы өтуге болады.

eGov қызметкерінің түсіндіруінше, көлігін сататын адам осы сайт бетіндегі "Онлайн сұрау" батырмасын басқан кезде көлік туралы мәліметтер беті ашылады. "Әрі қарай" батырмасын басып, сатуға келісімін береді де, электронды цифрлы қолтаңбамен қол қояды. Айта кетерлігі, көлік салығы төленген әрі айыппұлы болмауы керек. Содан кейін, сатып алушының ЖСН-і арқылы хабарлама жіберіледі. Электронды цифрлы қол қойылғаннан кейін, кезек сатып алушыға өтеді.

Сатып алушы электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіне ЭЦҚ арқылы кіріп, көлік сатқан адамнан келген хабарламаны көреді. Барлық мәлімет дұрыс болса, "Әрі қарай" батырмасын басу қажет. Одан кейін,  тиісті мәліметтерді толтырады. Автомобильге арналған мемлекеттік нөмірлік белгіні таңдап, оны техникалық паспортпен бірге үйге жеткізуге тапсырыс беруге болады. Әрине, үйге жеткізу – ақылы қызмет. Көлікті сатып алуға келісім бергеннен кейін, мемлекеттік баж салығын және нөмір үшін ақы төлеу керек болады. Төлемдер осы порталда онлайн жасалады. ЭЦҚ арқылы қол қойып, өтінімді растау қажет. Барлығы дайын болған кезде, көлік құралын тіркеу актісі қолыңызға тиеді. Актіні принтерден басып шығарып,  техникалық паспорт пен нөмірді әкелгенін күтесіз. Үйге әкелуге тапсырыс бермесеңіз, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып өзіңіз аласыз.

Сондай-ақ, карантин кезінде автосалондардың онлайн режимде жұмыс істегеніне қарап, автокөлік саудасы өзектілігін жоғалта қоймағанын байқауға болады. Автомобиль сатумен айналысатын Aster компаниясының маркетинг бөлімінің басшысы Юлия Кравчук көлікті онлайн сатып алу жолын айтты.

"Жаңа немесе жүрілген көлік сатып алғысы келген адамға таңдаған автокөлігі түсірілген бейнежазба жібереміз, барлығын түсіндіріп айтамыз. Егер ұнатса, онлайн броньдап қояды. Ол үшін алдын ала аздаған төлем жасап, бағасын бекітеді. Рұқсат берілген кезде, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, көлігін жеткізіп береміз немесе өзі келіп алып кетеді", – деп түсіндірді маркетинг бөлімінің басшысы.

Дегенмен, күні кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сайтында автосалоннан сатып алынған көлікті онлайн тіркеуге болатыны жарияланды.

"Автомобиль сатып алу жөнінде келісім жасалғаннан кейін, автосалон өкілі VIN-кодты, сондай-ақ клиенттің ЖСН-і көрсетілген қажетті құжаттарын бекітіп, eGov порталы арқылы  автокөлік құралын тіркеуге өтінім береді", – деп көрсетілген ресми ақпарат көзінде. Ал ары қарай жоғарыда айтып өткеніміздей, сатып алушы көлікті eGov порталында өз атына аударып алады.

Айта кетсек, автосалондар 20 сәуірден бастап келушілерге есігін айқара ашты. Дегенмен төтенше жағдай кезіндегі сақтық шараларын ескере отырып, алдын ала жазылу қажет.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу