Карантинде әйелдер басқаратын кәсіпорындардың табысы қысқарған

2562

Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 43 пайызын әйелдер кәсіпкерлігі құрап отыр.

Карантинде әйелдер басқаратын кәсіпорындардың табысы қысқарған

MsKinsey зерттеулеріне сүйенсек, нәзік жандардың экономикаға қосар үлесі алдағы уақытта еселеп өспек. Әйелдердің экономикаға қосар үлесі 2025 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 трлн долларын құрауы мүмкін. Бұл – 11-26 пайыз. Яғни ішкі жалпы өнімдегі әйелдердің үлесі Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда 9 пайызға, ал Қиыр Шығыс пен Солтүстік Африкада 11 пайызға өседі деген болжам бар. Десе де, әйелдер құрған һәм басқаратын компаниялар жұмыс барысында көптеген қиындықтарға кезігетіні қазірден айтылып жүр. Бұл ретте Еуропа қайта құру және даму банкінің "Бизнестегі әйелдер" бағдарламасы бизнестегі бикештерді қаржылай, қаржылай емес тәсілдермен қолдауға бағытталған.

Статистикаға назар аударсақ, Қазақстандағы әйелдер ерлермен салыстырғанда несиелік төлемдерге жауапкершілікпен қарайды. Бұл ретте мерзімі 90 күннен асып кеткен төлемдердің дені ерлердің мойнында екенін де ресми статистика растап отыр. Сондықтан Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырудағы дефицитті жергілікті банктер мен микроқаржы ұйымдарына әйелдер кәсіпкерлігіне арналған несие желілерін ашу арқылы шешіп келеді. Бүгінде қазақстандық серіктес қаржы институттарына 86,5 млн доллар бөлінген.

"Гендерлік инклюзивтілік стратегиясына сәйкес, біз қазақстандық кәсіпкер әйелдерді "Бизнестегі әйелдер" бағдарламасы арқылы қолдаймыз. Бүгінге дейін әйелдер басқаратын компаниялармен бірге 300-ден астам жобаны жүзеге асырдық. Бұдан бөлек, жыл сайын бизнесте жүрген 1 мыңнан астам қыз-келіншекті түрлі тренинг, бағдарламалар көмегімен оқытып келеміз", – дейді Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының менеджері Алма Қасымова.

Банк қаржылай емес қолдау құралдары арқылы кәсіпкер әйелдердің кәсіби сараптамаларға, бизнес-коучингке, оқуға, тәлімгерлікке қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мұндай шаралар өз жемісін беруде. COVID-19 пандемиясына қарамастан, тәлімгерлік бағдарламасына қатысқан 50 адам франшизаларын сатуға, жаңа нарықтарды игеруге, жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік алған. Дегенмен пандемияның жағымсыз экономикалық әсері де жоқ емес. Мәселен, Қазақстанның түрлі аймақтарындағы 800 микро, шағын және орта бизнес кәсіпорындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына сүйенсек, карантин кезінде әйелдердің иелігіндегі кәсіпорындардың 75 пайызының табысы қысқарған. Ал ерлер басқаратын компанияларда бұл көрсеткіш 60 пайызға тең. Әйелдер бизнесінде орташа есеппен жұмыс орындарының саны 12 адамнан 9 адамға дейін қысқарған. Сондай-ақ банк кәсіпкер әйелдер басқаратын отбасылық бизнесті қолдауда.

"Зерттеулер бүгінгі отбасылық бизнес жетекшілерінің 70 пайызының ұрпаққа мұра ету жоспары жоқ екенін анықтады. Отбасылық кәсіпорындардың 30 пайызы ғана келесі ұрпақтың басқаруына өту кезеңін аман-есен өткереді екен. Бұл ретте басты мәселелердің бірі – отбасылық компанияларды инновациямен, цифрландырумен, қажетті біліммен қамтамасыз ету. "ReStart" бағдарламасы аясында біз Қазақстандағы отбасылық компанияларға жарқын болашақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін пайдалы білім беруге тырысамыз", – дейді Алма Қасымова.

Қазіргі кезеңге дейін Еуропа қайта құру және даму банкі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін 1,5 млрд еуро қаржы құйған. Банктің құрылған кезінен бастап гендерлік теңдік пен инклюзияны қолдау бағытында 350-ден астам жоба жұмыс істеуде.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу