Алматы кәсіпкерлерінің жартысына жуығы – әйелдер

4991

Әйелдердің басым бөлігі шағын және орта бизнесте.

Алматы кәсіпкерлерінің жартысына жуығы – әйелдер

Алматыда Women in Business әйелдер кәсіпкерлігінің екінші форумы өтті. Биылғы форумға  300-ден аса іскер ханым, сарапшылар және кәсіпкерлікке қатысты  басқа да сала өкілдері қатысты. Форумда әйелдер кәсіпкерлігі және бизнестің түйіткілдері, сондай-ақ жалпы әлеуметтік мәселелер талқыланды.

Форум қала әкімі Бақытжан Сағынтавтың алғы сөзімен ашылды. Әкім әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында сөз қозғады.

 "Атамекен" ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова өз баяндамасында Қазақстан халқының 52 % нәзік жандылар құрап отырғанын назарға салды. Қыз-келіншектердің басым бөлігінің бизнеске бет бұру қарқыны оң екенін, оны статистиканың өзі көрсетіп отырғанын атады.

 "Алматы бизнесінің 45%-ын іскер ханымдар басқаруда. Оның ішінде 174,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектінің 78 мыңға жуығы іскер ханымдардың басшылығында. Ел бойынша бұл көрсеткіш 43%-ы құрап отыр, яғни 1,2 млн бизнес-субъектінің 536 мыңы деген сөз. 2017-2019 жылдар аралығында "Атамекен" ҚР ҰКП-нің "Бастау-Бизнес" жобасына қатысқандардың  55% қыз-келіншектер (30,5 мың), ал "Еңбек" бағдарламасы бойынша  - 51% (40,7 мың). Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер екі есеге өскен. Еліміздің 17 өңірінде әйелдерге арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырдық. Жалпы байқағанымыз,  бизнеске деген құлшыныс қарқынды, қыз-келіншектер жеке кәсіпті кішігірім істен бастағанды жөн санайды", – деді Лаззат Рамазанова.

Жылжымайтын мүлік

Форумға қатысқан "Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әйел еркіндігі экономикадан бастау алатынын атап өтті. Білімді, жеке баспанасы мен жиналған қоры бар әйел өзіне ешқашан да немқұрайлы қарауға, тіпті тұрмыстық қысымның жасалуына, сондай-ақ басқа да әлеуметтік түйіткілдерге жол бермейтінін атады.   

"Қазіргі уақытта білім беру саласында, медицина, сауда және қаржы салаларында әйелдер саны басым. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің барлығы өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Сондықтан да әйелдердің өнеркәсіп және құрылыс сынды салаларға тартылуы өте маңызды.  Осылайша қыз-келіншектерге экономикалық тұрғыдан қолдау болары сөзсіз деп ойлаймын", – деді Ләззат Ибрагимова.

Басқарма төрайымының айтуынша,  баспаналы болумен қатар, әйелдердің бизнес иесі болуы шарт. Өткен жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша 320 мың мәміле жасалған. Бұл ретте Алматы қаласының үлесі Нұр-Сұлтан қаласына қарағанда басым. Ал бұл Алматының инвестициялық тартымдылығын танытатын көрсеткіштің бірі.

"Мұндай қарқын тұрғын үйге сұранысты арттыра түседі. Егер гендерлік дамудағы нарықтық несие беруге зер салар болсақ, барлық банктің айтары бір – несие алушылар арасында әйелдер борышты тез өтейді. Біздің банк баспанаға қаражат жинауға үйретеді. Қазір банкте 1,5 млн салымшы бар. Олардың орташа жасы шамамен 34 жастағылар. Бұл жаста әйелдер балалары мен өз болашағына аса мән беретін жас. Банк салымшысының портретіне қарар болсақ, әйелдердің жасы шектелмейді. 30% - 30 жасқа дейінгі, ал 30% -   50 жастан асқан әйелдер. Онымен қоса  әйелдер ең бейілді клиенттер қатарында", – деп сөзін аяқтады Ләззат Ибрагимова.

Несие беру

"Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова шағын және орта бизнеске арналған Halyk Bank портфелін тұтынушылардың басым бөлігі әйелдер еншісінде екенін айтты.

"Алматы қаласы бойынша  тұтынушылардың 53% әйелдер, ал Алматы облысында 60%. Жеке кәсіпкерлердің несие портфелінің құрылымындағы шағын бизнесте де әйелдер саны басым. Ал орта бизнесте көбіне  ер адамдар. Бұл қыз-келіншектердің қомақты сомадан гөрі аз қаражатқа көңіл аударатынын айқындатады. Егер қарыз алу сомасына қарар болсақ, орта бизнесте бұл сома қомақты. Несие алушылар арасында әйелдерде жауапкершілік басым екеніне менде қосыламын. Бәлкім бұл осы салалардың үлесі мен оған жұмсалар соманың аз болуына да байланысты шығар", - деп түсіндірді Үміт Шаяхметова.

Басқарма төрайымының айтуынша, ер кісілер көп жағдайда капитал салымы қомақты салаларды қалайды. Мысалы, өңдеу өнеркәсібі мен химия өнеркәсібі, машина жасау саласы және т.б. Ал әйелдер  - бөлшек сауда, білім беру, жеңіл өнеркәсіп және креативті экономика салаларын таңдайды.

"Банк  әйелдер кәсіпкерлігін қолдауда, қазір 5% мөлшерлемеде 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл бастаманы осыдан бір жыл бұрын іске қостық. Сондай-ақ 30 жасқа дейінгі жастарға бизнес ашуға жеті жылдық мерзімге бір миллиард теңге бөлдік.  Аңғарғанымыз, жастар арасында жігіттер басым. Олар көбіне IT-саласына көңіл бөлуде. Ал бұл банк ретінде бізге  өте тартымды болып отыр", - деп Үміт Шаяхметова  мәліметпен бөлісті.

Сондай-ақ Әйелдер кәсіпкерлігінің екінші форумында бизнес-ортаны дамыту, әйелдер бизнесі мен оқытуды қолдайтын қолжетімді қаржы бағдарламалары, жеңіл өнеркәсіпті дамыту және қаланың креативті индустриясы, экономикалық саясат және т.б. тақырыптар талқыланды. 

Шұға Наурызбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу