Әйелдер басқаратын кәсіпорындар саны жарты миллионнан асты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3667

Қазақстанда өз орнын бизнестен тапқан нәзік болмыс иелерінің саны барған сайын көбейіп келеді.

Әйелдер басқаратын кәсіпорындар саны жарты миллионнан асты

"Неге әйелдер кез келген шаруаны білікті басқарып кете алады?" – деп сұрапты бірде журналистер адамзат тарихында тұңғыш рет үкімет басшысы болған бірінші саясаткер әйел Маргарет Тэтчерден.

"Кім өз үйіндегі шаруашылықты білікті басқара алса, ол мемлекеттің де шаруасын, шашасын шығармай, жүргізе алады" деген екен "темір ханым".

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда басқарушысы әйел болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны биыл, өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артқан.

Осылайша, 2019 жылдың қаңтар айының қорытындысында олардың саны жарты миллионнан, дәлірек айтқанда 581,2 мыңнан асты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 560,9 мың болған. Яғни, 20 мың 300 әйел жаңадан бизнес тізгінін өз қолына алған.

Бұл ретте қазір 650,8 мың жеке кәсіпкерлік нысанын ерлер басқарады. 2018 жылы бұл сан да сәл аздау, 632,2 мың болатын. 

Сонымен бірге, адамзаттың ең көркем бөлігінің бизнесінің жалпы сандағы үлесі де былтырғы 47%-дан 47,2%-ға дейін ұлғайыпты.

Бірақ бұлардың барлығы тек "ресми тіркелгендері" ғана. Демек, тіркелгенімен, ісін әлі бастамаған, немесе іс-қимылға кіріскенімен, табысқа жетпей, тоқыраған бизнестер жеткілікті. Сондықтан "ер кіндікті немесе нәзік болмысты басқарушылардың қайсысы білікті әрі мықты?" деген сауалға жауап алу үшін "нақты жұмыс жасап тұрған бизнес субъектілері" деген статистикаға жүгінген абзал. Бірден айталық, оның нәтижесінде де қос жыныстың ешқайсысы жеңбей, қазақша айтқанда, "итжығыс" түседі. Немесе, тағы да достық жеңді.

Дәлірек тоқталсақ, бүгінде әйелдер басқаратын 485,2 мың бизнес нысаны нақты жұмыс жасап, өнімдер өндіруде, қызмет көрсетуде. Былтырғы жылы ол сан 438,5 мың болатын.

Ал ерлер басқаратын бизнес субъектілерінің ішінен 2019 жылдың басында 552,3 мыңы нақты өндіріспен айналысуда. Өткен жылғы көрсеткіш 504 мың болатын. Сөйтіп, ерлердің де, әйелдердің де басшылығындағы нақты қызмет атқаратын кәсіпорындарының саны елу мыңдайға өсіп отыр. 

Рас, егер ашық бақталаспай, сыпайылық сақтаса, бұл жерде әйелдерді алға оздыруға болады. Себебі, олардың нақты жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлігінің жалпы сандағы үлесі шамалы болса да, 46,5%-дан 46,8%-ға артты.

Айта кету керек, әйелдерге бизнес басшылығын сеніп тапсыруға бейім өңірлер де анықталуда. Осы орайда сөзсіз лидер – Ресеймен шектесетін Қостанай облысы болып отыр: онда 30,4 мың шағын және орта бизнес субъектісі немесе 46,6%-ы әйел басқарушылар еншісінде. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш.

Екінші орынды ел ортасындағы Қарағанды облсы иеленеді. Оның көрсеткіші 46,3% немесе 46,6 мың кәсіпкерлік нысаны.

"Үштікті" Қытаймен шекара жақтағы Шығыс Қазақстан облысы тұйықтайды: көрсеткіші – 45,5% немесе 50,6 мың. Өзге өңірлерде нәзік жандылар уысында ұстаған бизнес саны бұлардан көп болғанымен, жалпы сандағы үлесі мардымсыздау.

Егер үлес емес, сан қуаласақ, 2018 жыл көрсеткіші бойынша Алматы қаласы көшбасшы болып табылады, онда 111,1 мың кәсіпорынның билік иерархиясының шыңында әйел азаматшалар тұр. Екінші тұғырды 74 мың көрсеткішімен Түркістан облысы иеленеді. "Үштікке" 62,7 мың көрсеткішімен Астана кіреді.

Өзге өңірлердің әйелдерді бизнес басшылығына жіберуі бойынша рейтингі келесідей: Алматы облысы – 58,7 мың, Маңғыстау облысы – 53 мың, Жамбыл облысы – 30,6 мың, Ақтөбе облысы – 27,7 мың, Ақмола облысы – 25 мың, Атырау облысы – 24,1 мың, Павлодар облысы – 23,5 мың, Қызылорда облысы – 22,2 мың, БҚО – 21,6 мың, СҚО – 15,3 мың кәсіпкерлік нысаны.

"Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев әйелдердің бизнеске келуі келер ұрпақтың бизнеске жақсы бейімделуіне ықпал ететінін айтады. Бұл ойын ол Іскер әйелдер кеңесінің ІІІ конгресінде айтқан болатын.

"Әйелдер қызметкер ретінде де, бизнес басшысы ретінде де ерлерден ерекшеленеді. Егер қандай да бір сарабдал деректер, есептемелер, айталық, бухгалтерия немесе қаржылық дирекция қажет бола қалса, оны да нәзік болмыс иелері мұқият жасап береді. Әйелдер шынында да өз жұмысына бар білімін салып, істі үлкен кәсібилікпен, сенімділікпен атқарады. Өз кезегінде бұл оларға деген сенім тудырады, ал сенім деген бизнестегі ең басты нәрсе. Менің ойымша, отбасын жылылық пен мейірімділік шуағына бөлеумен, бала тәрбиелеумен қоса, бизнеспен айналысатын әйелдер өз балалары үшін үлгі-өнегеге, ең басты "университетке" айналады. Балалар сол арқылы бизнестің не екенін көрнекті түрде біледі, бағамдайды. Кәсіпкерліктің адамға әл-ауқатты арттыруға, өз балаларыңа лайықты тәрбие мен білім беруге, еңсе тіктеуге мүмкіндік беретін ұстын екенін түсінеді. Демек бұл – кәсіпкерліктің өмірлік мектебі саналады", – дейді Тимур Құлыбаев.

Павлодар өңіріндегі іскер әйелдердің жетекшісі Лилия Бызова әйелдер кәсіпкерлігінің кейінгі жылдары аса өзекті бола түскенін айтады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары кеңес одағы күйреп, ел экономикасы дағдарған, салаларды күйзеліс жайлаған шақта дәл осы әйелдер ала дорба арқалап, пойыздарға тең-тең жүк артып, коммерцияны түлеткен болатын. Қазір де қоғамда сол жылдардағыдай нәзік жандылардың іскерлік белсенділігі қайтадан көтеріліп келеді.

"Жалпы, барлық өңірде әйелдер басқаратын кәсіпорындар санының өсу үрдісі байқалуда. Әйел кәсіпкерлер елдің экономикалық дамуына елеулі үлес қоса алады және олар мұны дәлелдеді де. Қазіргі кәсіпкер әйелдер орнықты іскерлік стратегияларға арқа сүйейді, өз бизнесін ерлерге қарағанда анағұрлым жауапты әрі сақтықпен жүргізеді", – дейді Лилия Бызова.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу