Әйел адам облыс әкімі лауазымына тағайындалса не болады?

4036

Елімізде бұл сұраққа әзірше ешкім жауап бере алмайды.

Әйел адам облыс әкімі лауазымына тағайындалса не болады?

Ұлттық экономикамыздағы әйел адамдардың үлесі 50%-ды құрап отыр. Бұл шағын және орта бизнесті алға жетелеп жүргендердің тең жартысы қыз-келіншектер деген сөз. Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 44,7%-ға жеткен. Парламентте бұл көрсеткіш 27,4%-дан, мәслихаттарда 30%-дан асқан. Айта кетейік 2030 жылға қарай депутаттық корпустағы әйелдердің үлесі 30%-ға жетуге тиіс.

Қазіргі уақытта саяси және мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 10,1-ды құрайды. Мемлекеттік қызметтегі, оның ішінде "А" корпусындағы нәзік жандылардың көрсеткіші 14,8%-ға, "Б" корпусында 55,9 пайызға пара-пар. Жалпы алғанда барлық педагогтардың 73%-ын, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87%-ын және бюджет саласы қызметкерлерінің 60%-ын  әйелдер құрайды.

Әйелдер билікке араласуда Астанада ғана емес, жергілікті жерлерде де белсенділік танытуда. Атап айтар болсақ, Қостанай облысында 140 әйел жергілікті атқарушы билікте басшы болып жұмыс істейді. Жаны жұмсақ жандардың 28-і – әкім, алтауы – басқарма басшысы және тоғызы – әкімнің орынбасары ретінде танылған. Солтүстік Қазақстан облыстық статистика департаментінің мәліметінше, облыстағы әйелдердің 27,3%-ы білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және сақтандыру салаларында, өнер, ойын-сауық, демалыс сонымен қатар  әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында лауазымды қызмет атқарады.

Әйел тақырыбын сөз етіп отырғандықтан біз еліміздегі гендерлік саясат мәселесіне тоқталуға тиіспіз. Гендерлік саясат гендерлік теңдіктен басталады. Ал гендерлік теңдік дегеніміз – әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ел үкіметі 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуын сонымен қатар мансап жолында ілгерілеуіне тең мүмкіндік беруді айқындады.

Айта кетейік, елімізде 1995 жылы президент жанындағы отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес құрылды. Кейін ол әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып жасақталып, күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Аталмыш комиссия Қазақстан әйелдерінің мүддесін қорғайды және қыз-келіншектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетеді.

Президенттің 2005 жылғы 29 қарашадағы жарлығымен елімізде гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегияға билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңестіру міндеті жүктелді. Осы стратегияны жүзеге асыру мақсатында  2009 жылы 2 заң қабылданды. Оның бірі "Тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алды-алу туралы", екіншісі "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" заң болды.

Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Қазақстан саяси және мемлекеттік қызметкерлердің қатарындағы әйелдердің үлесін көбейтуі керек. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда әйел адамдардың саны ер адамдарға қарағанда едәуір көп, алайда әйелдердің жоғары биліктегі саны аз.

"БҰҰ-Әйелдер" ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Илейн Конкиевичтің мәлімдеуінше, Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаһандану рейтингінде 135 елдің арасында 31 орында тұр. Бір қарағанда бұл жақсы көрсеткіш. Алайда оны әлі де жақсартуға болады.

Атап көрсету керек, осыған дейін Қазақстанда премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі, вице-министр, мемлекеттік хатшы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымдарына әйел адамдар тағайындалған жылдар болды. Ал президент әкімшілігінде еңбек етіп жүрген әйелдер саусақпен санарлық болса, бүгінге дейін бірде бір әйел облыс әкімі лауазымына тағайындалмаған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу