Қазақстан әйелдерінің 15%-ы күйеулерінен "таяқ жейді"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3017

Үкімет жанынан арнайы орган құру қажет. 

Қазақстан әйелдерінің 15%-ы күйеулерінен "таяқ жейді"

Ел  халқының 52% -ын  әйел адамдар құрайды. Олар ер адамдармен қатар еңбек етіп, ұлттық экономиканың дамуы мен елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосып отыр. Алайда қыз-келіншектер мен әйел-аналардың еңбегі тиісінше бағаланбайды. Бұған Қазақстан әйелдерінің ерлерден 30% кем жалақы алатыны дәлел.

Өткен айда құрылған "Қазақстан әйелдері күштері" альянсының төрағасы Раушан Сәрсембаеваның сөзінше, былтыр гендерлік дамудың жаһандық рейтингінде Қазақстан әйел адамдардың саясатқа араласу индексінде 94- орынды иеленген.

"Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Қазақстанның облысын немесе қаласын басқарып отырған бірде-бір әйел әкім жоқ", – деді Раушан Сәрсембаева.

Белгілі болғандай, альянс құрамына 20-ға жуық республикалық әйелдер ұйымы біріккен. Бұдан былай олар әйелдер мен балалар құқығын қорғау, гендерлік теңсіздікті жою бағытындағы іс-шараларды бірлесіп атқарады.

Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, әйелдердің саясатта, қоғамдық қызметте сатылап өсуіне жағдай жасау керек. Бұл үшін қоғамды "әйелдер еркектерден төмен" деген ойдан арылту қажет.

"Біз әйел адамдардың шешім қабылдау деңгейін биліктің атқарушы және мемлекеттік құрылымдарында 30%-ға дейін арттыруды, әйелдерді партиялық тізімге ер адамдармен тең құқылы жағдайда "Зебра" қағидаты бойынша енгізуді, облыстық маслихаттардың 50%-ын - ер, 50%-ын - әйел адамдардан жасақтауды, корпоративтік сектордың директорлар кеңесінде әйел адамдар үшін 20%-ға дейін квота тағайындауды, 45 жастан асқан әйелдерді жұмысқа қабылдамау керек деген ұстанымнан бас тартуды, әйелдерге бағытталған тұрмыстық, сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді, көпбалалы және жалғызбасты аналарға ерекше жағдай жасауды, сондай-ақ үкімет жанынан әйелдер мен балалар, отбасы мәселелері жөнінде арнайы орган құруды ұсынамыз және қолдаймыз", – деді "Қазақстан әйелдері күштері" альянсының төрағасы.

Статистика бойынша, Қазақстан әйелдерінің 15%-ы ер адамдардың жұбайларына қол көтеруін заңдылық деп біледі. Ал ауылдық жерлердегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жүр.

Бұл туралы BIGNAME репутациялық менеджмент агенттігінің жетекшісі Азиза Шөжеева: "Әйелдерді кемсітушілік пен қорлаудан қорғамасақ, олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көш ашпайды. Бұл адам құқығын, әйел құқығын таптау. Құқықтық мемлекет мұндайға қарап отыруға тиісті емес. Әйелдерге күш қолданатындарға қарсы шаралар мен заң талаптарын қатаңдату қажет",– деді. Ал "Қазақстан әйелдері күштері" альянсы төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан гендерлік теңдік деген ұғымды әйелдердің еркектермен бәсекелесуі деп емес, өз мүмкіндіктерін көрсетуге талпынуы деп қабылдау қажет екенін айтты. 

"Қазақ қоғамы ежелден қызын құрметтеп, келінін қастерлеп, анасын ардақтай білген. Қыз баланы бетінен қақпай, әлпештеп, еркелетіп өсірген. Осылайша әйел затының бойына мейірім мен махаббаттың дәнін еккен. Дана халқымыз: "Қыздың жолы жіңішке" деген түсінік пен келіннің міндеті деген ұстанымға берік болған. Ал ана қадірі мен ене институты және әже академиясы арқылы жас ұрпаққа үлгі, өнеге көрсеткен. Әлемде гендерлік саясат әу баста батыстағы феминистік қозғалыстан бастау алса, дәстүрлі қазақ қоғамында ер мен әйел арасындағы теңдік пен сыйластық ежелден қалыптасқан. Содан болса керек халқымыз қыз-келіншектер мен аналардың қоғамдағы рөлін "әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді" деген бір ауыз сөзбен сипаттаған. Бабаларымыз "әйел бір қолымен бесікті тербетеді" деген қанатты қағиданы тілге тиек еткенде аналардың дүниеге ұрпақ әкелу және оны тәрбиелеу міндетін меңзеген, ал "бір қолымен әлемді тербетеді" деген ойына әйелдердің күнделікті өмірдегі, саясаттағы, экономикадағы, өнер мен мәдениеттегі және кәсіпкерліктегі белсенділігі мен бастамашылдығын, іскерлігі мен жаңашылдығын сыйғызған", – деді Назгүл Мақжан.

Өз кезегінде "Шығармашылық бастамалар" әйелдер лигасының жетекшісі Әсия Хайруллина гендерлік саясат гендерлік теңдіктен басталатынына тоқталды.

"Гендерлік теңдік дегеніміз – әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан, әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі", – деді Әсия Хайруллина. Ал экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қорғанбаева әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Қазақстан саяси және мемлекеттік қызметкерлердің қатарындағы әйелдердің үлесін көбейтуі керек екенін тілге тиек етіп: "Қазақстанда әйел адамдардың саны ер адамдарға қарағанда көп, бірақ әйелдердің жоғары биліктегі саны аз", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу