Іс теңдігі тең, үстемдігі кем

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4841

Қазақстанда ерлермен салыстырғанда әйелдерге аз ақша төленеді.

Іс теңдігі тең, үстемдігі кем

Ұлттық экономикамыздағы әйел адамдардың үлесі 50%-ды құрап отыр. Бұл шағын және орта бизнесті алға жетелеп жүргендердің тең жартысы қыз-келіншектер деген сөз.

Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сәйкес, былтыр мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,5%-ға жеткен. Мәжілісте бұл көрсеткіш 27%-дан, ал мәслихаттарда 30%-дан асып жығылған.

Жарияланып отырған деректі мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова ресми растады.  

"Мен әйелдер ісі жөніндегі комиссияға да басшылық жасаймын. Бұл бағытта жақсы жетістіктеріміз бар. Бізде парламенттің төменгі палатасындағы әйелдердің үлесі 27%-ды құрайды. Қазіргі уақытта ұлттық компаниялармен, жеке сектормен олардың директорлар кеңесі құрамының белгілі бір бөлігін әйелдер иеленуі үшін жұмыс істеудеміз...", – деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Әйелдер билікке араласуда Астанада ғана емес, жергілікті жерлерде де белсенділік танытуда. Атап айтар болсақ, Қостанай облысында 140 әйел жергілікті атқарушы билікте басшы болып жұмыс істейді. Жаны жұмсақ жандардың 28-і - әкім, 6-ы - басқарма басшысы және 9-ы - әкімнің орынбасары ретінде танылған.

Солтүстік Қазақстан облыстық статистика департаментінің мәліметінше, облыстағы әйелдердің 27,3%-ы білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және сақтандыру салаларында, өнер, ойын-сауық, демалыс сонымен қатар  әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында лауазымды қызмет атқарады.

Қыз-келіншектер қауіпті әрі қиын салаларда да тер төгіп жүр. Министр Қалмұханбет Қасымовтың сөзінше, еліміздің ішкі істер органдарында 12 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Олардың 700-ге жуығы басшылық қызметте.

"Әйелдер арнайы мақсаттағы жасақта, өрт сөндіру қызметінде, қылмыстық атқару жүйесінде, криминалдық, патрульдік полицияда ерлермен қатар жұмыс істеп жүр. Әйелдер бар жерде тәртіп те, заңды бұлжытпай орындау да бар", – деп мәлімдеді осыдан бір күн бұрын Қалмұханбет Қасымов.

Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы 31 кран машинисінің тең жартысы әйел адамдар. Олар салмағы 20 тонна, биіктігі 12 метр кран машинасын ер адамдармен бірдей басқарады.

"2012 жылы жұмыспен қамту орталығының көмегімен краншылар дайындайтын курсты бітіріп шықтым. Ізінше Ақтөбе ферроқорытпа зауытының дайын өнім цехына қызметке қабылдандым. Алғашқы күні жұмысым жүрмеді. Себебі кранның астындағы адамдардың өміріне қатты алаңдадым. Кейін барлығына үйренім кеттім. Шынымды айтсам, жұмысым өзіме қатты ұнайды, осы жерден құрметті еңбек демалысына шығуды армандаймын", – дейді Гүлдана Дүйсенғалиева есімді краншы қыз.

Қай салада еңбек етсе де әйелдер өздерінің басты міндеті – дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға тәрбие беру екенін ұмытқан емес. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысының әйелдері көш бастап тұр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың мәлімдеуінше, қазір облыста  98 600 көпбалалы ана бар. Олардың 3998-і "Батыр ана", 16361-і "Алтын алқа", 42 724-і "Күміс алқа" иегері. Ал 6906 ана І, ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған.

Айтпақшы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерегінше, бүгінгі таңда елімізде 236 мыңнан астам көпбалалы ана бар.

Орайы келіп тұрғанда сәл шегініс жасап, тарихқа үңілейік. 1910 жылы Копенгагендегі социалист әйелдердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері Клара Цеткинаның ұсынысымен 8 наурызды халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. Төрт жылдан соң бұл күн әлемнің көптеген елдерінде әйелдердің құрметіне аталып өтілетін болды. Ал БҰҰ 1975 жылды халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздан бастап әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін ұйымдастыруды қолға алды.

Біздің елде бұл мерекеге айрықша көңіл бөлінеді. Осы күні мемлекет басшысы әйелдер қауымын арнайы құттықтайды.

"Гендерлік саясат пен феминизм дәстүрі қазақ мәдениеті үшін ешқашан жаңалық болған емес. Дала өркениетінің негізін қалаған бабаларымыз қыздарды қадірлеуді әу баста өмір салтына айналдырған. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Қазіргі жаһандану заманында қазақ қыздарына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Интернет дәуірінде сырттан ағылған ақпарат тасқынына біржола шектеу қойып жату мүмкін емес. Оның арасында жан дүниесіне жат сан түрлі мағлұматтар бар. Әрбір қазақтың қызында дәуірдің жақсысын бойына сіңіріп, жаманына ішкі сүзгі болуы керек", – деді президент биылғы жүрекжарды лебізінде.

Әйел тақырыбын сөз етіп отырғандықтан біз еліміздегі гендерлік саясат мәселесіне тоқталуға тиіспіз. Гендерлік саясат гендерлік теңдіктен басталады. Ал гендерлік теңдік дегеніміз – әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ел үкіметі 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуын сонымен қатар мансап жолында ілгерілеуіне тең мүмкіндік беруді айқындады.
Айта кетейік, елімізде 1995 жылы президент жанындағы отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес құрылды. Кейін ол әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып жасақталып, күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Аталмыш комиссия Қазақстан әйелдерінің мүддесін қорғайды және қыз-келіншектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетеді.

Президенттің 2005 жылғы 29 қарашадағы жарлығымен елімізде гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегияға билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңестіру міндеті жүктелді. Осы стратегияны жүзеге асыру мақсатында  2009 жылы 2 заң қабылданды. Оның бірі "Тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алды-алу туралы", екіншісі "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" заң болды. Алғашқы заң адамдар мен азаматтардың отбасылық, тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық  құқықтарын қорғауға бағытталса, кейінгі заң мемлекеттік орган басшыларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелеріне, қабілеттеріне  және кәсіптік даярлықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең мүмкіндік берілуін, олардың жергілікті басқару органдарында, сондай ақ мемлекеттік биліктің заңнамалық, атқарушылық  және сот тармақтарында тең серіктестік қатынастарының сақталуын міндеттеді. Осылай бола тұра елімізде ер адам мен әйел адам алаланады. Бізде күні бүгінге дейін ерлерге көп, әйелдерге аз айлық төленеді. Тап қазіргі уақытта ерлер мен әйелдердің жалақысында 30% айырмашылық бар.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, биліктің кез келген тармағындағы жұмсақ орындықтың 64,1%-ы ер адамдарға тиесілі болған. Ал әйелдердің 72,5%-на есеп жүргізуге, құжат рәсімдеуге, қызмет көрсетуге қатысты жұмыстар жүктелген.

2016 жылы лауазымды қызметте отырған әйелдерге ер адамдармен салыстырғанда 36,2%-ға кем жалақы төленген. Ал 2017 жылы мал шаруашылығында ерлермен бірдей қызмет атқарған әйелдер әріптестерінен  45% аз айлық алған. Былтыр еліміздегі қыз-келіншектердің 52,5%-ы шамамен 90 мың теңгеге жетер-жетпес жалақыға күн көрген. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 38,9%-ды құраған.

2017 жылы 210 мың теңгеден артық жалақы алған әйелдердің үлесі 9,4%-ды, ерлердің үлесі 17,7%-ды құраған.

Мамандардың мәлімдеуінше, Қазақстанда ер адам мен әйел адам жұмысқа қатар келсе, алғашқысы бірінші қабылданады. Алайда білім бәсекесінде әйелдер ерлерге қарағанда көш ілгері тұрады. 2017 жылдың соңғы тоқсанындағы көрсеткіш бойынша, жұмыс істеп жүрген әйелдердің 42,7%-ы, ерлердің 33,9%-ы жоғары білімді болған.

"БҰҰ-Әйелдер" ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Илейн Конкиевичтің мәлімдеуінше, Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаһандану рейтингінде 135 елдің арасында 31 орында тұр. Бір қарағанда көңіл көншітерлік көрсеткіш. Бірақ іс жүзінде олай емес. Себебі Қазақстанның қыз-келіншектері саясатқа, бизнеске, ғылымға және басқа да салаларға сара соқпақ салып, қайраткерлігімен танылып жатса да, олар өз биігінде бағаланбай жүр. Бұған біз өмір сүріп отырған патриархалды қоғамдағы "әйел еркектен бір саты төмен тұруы керек" деген қате түсінік себеп болып отыр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу