Кіріс кіргізуде гендерлік теңсіздік әлі де бар

5301

Отбасы шығыстарының үштен екісін жаратып жүрген әйелдер кірістің тек оныншы бөлігін қалыптастырады екен.

Кіріс кіргізуде гендерлік теңсіздік әлі де бар

Гендерлік кемсітушілік пен стереотиптер әйелдерге қатысты кірістер теңсіздігін тудырған. Халықтың жалпы санындағы әйелдер үлесінің үстемдігіне қарамастан, олар кірістің азғантай ғана бөлігін қалыптастыра алуы әлі де жалғасып келеді. Мұндай мәліметті 8-9 қарашада өткен "Қазақстанның ауыл аумақтарын тұрақты дамытудағы әйелдердің үлесі" атты алғашқы ауыл әйелдерінің форумында Астанадағы ОБСЕ бағдарламалары кеңсесі басшысының орынбасары Диана Дигол келтірілді.

"Әйелдер халықтың тең жартысын, ал кей елдерде тіпті халықтың жартысынан көбін құрайды. Әлбетте, кірістердің жартысы әйелдерге тиесілі болу керек деп ойлау қисынды. Алайда әйелдерге шығыстардың үштен екісі тиесілі бола тұра, олар кірістің бар болғаны 10 пайызын ғана кіргізеді. Бұл гендерлік теңсіздік пен гендерлік стереотиптердің белгісі", – деп санайды Дигол.

Оның айтуынша, әйелдер өз өмірінде ерлерден аз табыс табатындықтан, зейнетақыны да аз жинақтайды, үй шаруасындағы атқарған жұмысы зейнетақыға қосылмайды. Әсіресе бұл тұрғыдан бәрінен де ауыл әйелдеріне қиын. ОБСЕ өкілі әйелдерді экономика мен саясатқа жұмылдырған қоғам тұрақты, қуатты әрі қауіпсіз екенін атап өтті.

Әйелдер мен ерлер үшін тең құқық пен тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге ұмтылу Қазақстанның тәуелсіздік алған күннен бергі ерекше саяси қыры болды, дейді ол. Қазақстан сонау 2009 жылы "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілі туралы" Заң қабылдаған, сондай-ақ 2010-2020 жылдар аралығына арналған ҚР құқықтық саясатының тұжырымдамасы қолданыста бар.

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанда гендерлік әділетсіздікті жою үшін ел экономикасында әйелдердің орнын күшейтуге бағытталған жобаны іске асырумен келеді. ЕҚДБ вице-президенті Бетси Нельсонның айтуынша, осы уақыт ішінде әйелдер бастама еткен 2 мыңнан астам микронесиелік жобаға шамамен 26 млрд теңгедей инвестиция құйылыпты. Жалпы алғанда ЕҚДБ алдағы төрт жылда осындай жобаларды іске асыруға 1 млрд доллар жұмсамақшы. Ал оның 320 млн-ы қазірдің өзінде инвестицияланған.

Қаржылай қолдаудан бөлек, ЕҚДБ өкілдері тренингтер өткізуге ден қойып, министрліктермен ынтымақтастық орнатуда. Мәселен, халықаралық ұйымдар әйелдер үшін тыйым салынған кәсіптер тізімін қайта қарауды қолға алуда. Бүгінгі күні ол тізім 287 жұмыс түрін қамтыған.

Бетси Нельсонның сөзінше, еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынған 75 кәсіп бойынша тыйымды алып тастау туралы меморандумға қол қойған. Қазір тыйым әйелдер қарасы бірлі-жарым ғана кездесетін металлургия, энергетика, табиғи ресурстар, мұнай және газ өндіру салаларында қалып отыр.

Ал саясаттағы әйелдердің саны біртіндеп өсіп келеді. Парламент мәжілісінің алтыншы шақырылымындағы әйелдердің саны 29 адамды – 27%-ды құрайды. Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің саны 726 адам, немесе 22%. 512 әйел аудандық мәслихаттардың депутаты боп жүрсе, бесеуі аудандардың әкімдері, 348 – ауылдық және кент округтердің әкімдері.

Ел халқының 52%-дан астамы нәзік жандылар, ал олардың экономикалық белсенділігі 49%-ды құрайды.

ҚР мемлекеттік хатшысы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, 200-ге жуық шаруа қожалығының 40-тан астамын әйелдер басқарып, онда 30 мыңнан астам ауылдықтар еңбек етіп жүр.
Бүгінгі таңда өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 1,5 мың әйел өз бизнесін дамытуда. Бағдарлама аясында 6210 әйел бизнес жүргізуде сауат ашып, оларға 725 млн теңгенің 174 несиесі берілген.
Бұл орайда ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев әйелдер белсенді қарыз алушылардың үштен бірін құрайтынын тілге тиек етті. Аграрлық саланы дамыту үшін соңғы бес жылда 940 млрд теңгенің 68 мың несиесі беріліпті. Оның ішінде 137 мың теңгеден асатын 21 мың несие әйелдерге берілген. Ауыл әйелдерін қаржылай қолдау өз бизнес-идеяларын, инфрақұрылымды дамытуға, ауыл халқына қызмет көрсетуге көмектеседі, деп мәлім етті вице-министр.
Аталған министрлікпен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да "Бизнес-Бастау" бағдарламасы аясында жұмыс жүргізуде. Нақты айтқанда, болашақ кәсіпкерлердің әлеуетін ашуға көмектесетін арнайы курстар өткізілді. Дәріс алғандардың жалпы саны 15 мың адам болса, соның 6210-ы (41,5%) әйелдер.

Айсұлу Тимурова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу